ЖаңалықтарРуханият

КЕМЕЛДІК ПЕН ТЕРЕҢДІК

serik-kirabaev-640x480-asli

Ұлттық әдебиеттану ғылымы мен сынының ту ұстаушысы, ұлы М.О.Әуезовтің ілтипатына ие болған, ХХ ғасырдағы қас жақсылардың дәрісін тыңдап, тәлім алған, дәуір әдебиетінің орасан мол тарихи-мәдени мәліметтерін зердесіне, ой-санасына тоқыған, толқындата жазған академик Серік Смайылұлы Қирабаевтың тұтастай ғылыми-шығармашылық тұлғасына ұстаздық, қайраткерлік, білімпаздық, шежірешілік-заманагөйлік, әдеби құбылыстарды көркемдік көрегендікпен, әдебиет пен заманның күрделі байланысын жеріне жеткізе логикалық тұтастықта баяндаушылықпен, талдау-саралау мәдениеті сияқты айрықша қасиет-сипаттар тән.

Классикалық көзқа­расты байыпты мең­герген әдебиет сыншысы: «Әрбір жақсы сыншы – әрі социолог, әрі эстетик», «Әдебиеттің өресі, даму дәрежесі – сыншының ойын алаңы» деуінде сыншылық өнер мен шеберліктің сыры, қоғамның тәрбиешісі әрі әдеби шығарманың төрешісі, тілеуқоры екендігі айтылған.
2007 жылғы академик С.С.Қирабаевтың дерегін сөй­летсек, 60 жылдың ішінде 30-ға жуық әдеби-сын және зерттеу кітаптары, 15-тей оқулықтары мен оқу құралдары (қайта басылымдарын есептемегенде), 800-ден астам мақалалар жарияланған.
Расында, соншалықты қай­сарлық танытып, білімдар­­лық­пен өнімді еңбектену, ұшан-теңіз ой-пікірлерді жосылта туындату, заманмен аяғын тең басқан табаны жалпақ тарлан боз атану­дың себебі, қозғаушысы, жұм­бағы не екен?
Бұл орайда өсу, өркендеу, кемелдену жолындағы өмір-тіршілік жағдайларына, өмір­баяндық дерек-мағлұматтарын ой көзімен барласақ, әке тәрбиесі өзгеше. Сонсоң мектепте әдебиеттен Жарылғапов, математикадан Бименде Амалбеков, химиядан Мұқан Қайыржанов, географиядан Төлеухан Хамитов дейтін мұғалімдері білім кәусарына қандырған, үміт отын жандырған. Каникул кезінде банк бухгалтерін әзірлейтін курста оқыған, есеп-қисапқа төселген. 1943-1945 жылдарда бастауыш мектепте мұғалім. Жасөспірім С.С.Қирабаев Қайып Айнабековтің көзін көрген Сәкеңнің досы – жынды Әбеннің әні мен әңгімешілдік өнеріне қаныққан. Өз үйінде оқып Ғабдиман Игенсартов тұрған. Ол Жаңаарқа аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметіне тағайын­далған.
Сондай-ақ, 1944 жылы Жаңа­арқада ақындар айтысы өтеді. Сонда Болман Қожабаевпен айтысады. «Қирабайдың Серігі, Басылмаған желігі» деп, Болманның айтқаны бар.
1945-1947 жылдарда Жаңа­арқа аудандық ішкі істер бөлімінде еңбекпен түзету инспекциясының бастығы болып жүргенде, Қазақстан КП Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Жұмабай Шаяхметов пен Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының төрағасы Даниял Керімбаевқа хат жазып, әзер-мәзер босап, Алаш қайраткерлері негізін қалаған ҚазПИ-дің студенті атанады.
ҚазПИ-дің қабырғасында оқыған жылдары тіл үйірмесіне қатысып, профессор Сәрсен Аманжоловтың ғылыми жетек­шілігімен курстық жұмыстар жазады. Грамматика, морфология, синтаксис мәселелеріне зейін қояды. Ұстаздары Сәрсен Аманжоловтың «Қазақ тілін­ің тарихы мен диалекто­логиясы», «Қазақ тілінің ғы­лыми синтаксисі», Ахмеди Ысқақовтың «Қазақ тілінің морфологиясы», Шамғали Сарыбаевтың «Қазақ тілін оқыту әдістемесі» дейтін пәндерін құштарлықпен нақпа-нақ, толық конспектілейді, жадында тоқиды, жанқиярлықпен оқиды. Құйма құлақ С.С.Қирабаев тіл білімінің тұңғиық сырларына ден қояды.
Студент С.С.Қирабаевтың тіл мәдениетіне, тіл ережесіне қатысты «Грамматиканың кейбір мәселелері жөнінде» дейтін мақаласында («Социалды Қазақстан», 1949 жыл, 12 шілде, №134) қазақ тілінің ғылыми жақтарына, әсіресе, орфографиялық, грамматикалық кейбір ережелерін үстірттеу, тиянақсыздау, шалағай қарас­тырылғанына, әркімнің өзін­ше пайымдағанына, нақты ғылыми қорытынды жасай алмағанына қынжылыс біл­діреді. Автор «қазақ тілінің ережелерін үйрену, орфографиямызды дұрыс жүйеге келтіру, тілдің грамматикасына білгірлік таныту – парыз» деп жазады. Сөйлем мүшелерін талдау ортақ бір негізге, ережеге бағынғаны дұрыс дейді. Бұл орайда С.Кеңесбаев пен С.Жиенбаевтың 1948 жылы жарық көрген «Қазақ тілінің грамматикасы» (фонетика мен морфология, V-VІ кластарға арналған) мен Н.Сауранбаев пен Ғ.Бегалиевтің «Қазақ тілінің грамматикасы» (предучилище үшін) бойынша ой сабақтайды. Кеңесбаев, Жиенбаев «Жатыс жалғаулы сөз кімде? неде? сұрауларына жауап болса, толықтауыш болады да, қайда? қай жерде? сұрауына жауап болса, пысықтауыш болады» (82-бет) десе, Сауранбаев, Бегалиев «Жатыс жалғаулы сөз кімде? неде? қайда? сұрауларына жауап болса, толықтауыш болады» (75-бет) дейді. Сөйлем мүшелеріне талдау жайында келелі кеңес береді.
Сонымен қатар, құрмалас сөйлем құрылымы, сөйлем мүшелерінің орын тәртібі, грамматикалық терминдер, сингармонизм турасында да нақты, тиянақты толғамдарын ортаға салады.
Студент С.С.Қирабаевтың курстасы Айқын Нұрқатовпен бірігіп жазған «Емле сөздігі» туралы» ойлы рецензиясында («Лениншіл жас», 1949 жыл, 23 қараша, №113) қазақтың жаңа алфавиті мен орфографиясының қабылдануына орай ұлт тілінің мәдениетін айшықтап көрсету мақсатында лексикалық, грам­ма­ти­калық, емлелік, терми­нологиялық сөздіктер, атап айтқанда, М.Балақаевтың «Емле сөздігінің» мәнін ыждаһатпен әрі сыншылдық көзқараспен саралайды. Сөздікке сегіз мыңнан астам сөз-ұғым енген. Дұрыс жазудың негізгі ережелері де ұсынылған. «Х» әрпіне қатысты қателіктердің өріп жүргеніне мысалдарды көсіп-көсіп алады. Айталық, «Х-ны Ахмет, хан, хабар, халық, сахара, ахуал деген сияқты терминдік мәні бар, солай жазылып әдетке енген сөз­дерді және орыс тілі­нен ен­­ген термин сөздерді орысшасындай етіп жаздық та, бақыт, мұқтаж, ықылас, марқұм, мақлұқ деген сияқты сөздерді естілуінше жаз­дық» дейді М.Балақаев (7-8-беттер). Рецензенттер әріптерді таңбалауда болсын, біріккен сөздер мен қазақ тіліне енген орыс сөздерінің жазылуы хақында болсын өрескел жөнсіздіктерді әшкерелеп, дәйекті айғақтармен көрсеткен.
«Пионер» журналының редакторы С.Қирабаев «Кей­бір ережелер жөнінде» дей­тін шағын байыптамасында («Қазақстан мұғалімі», 1953 жыл, 11 сәуір, №16) алфавит­тердің орналасу тәртібі мен орфография ережесіне қатысты өзекті, көкейкесті пікірлер айтқан.
Академик С.С.Қирабаевтың студент кезінде қазақ тілінің грамматикасына, орфоэпиясына орай жазылған екі ғана материалдың өзінен қазақ тілі­нің сөздік қорын, тілдің айтылу, жазылу нормаларын жетік меңгергенін, сыншылдық көзқарасын, ұшқырлық, тапқыр­лық қасиетін, жүйелеп айтатынын, логикалық ойлауға бейімін тануға болады.
Академик С.С.Қирабаевтың З.Қабдоловпен, А.Нұрқатовпен орта мектептің ІХ класына арналған оқу құралы 1952-1963 жылдарда үздіксіз жарияланды. Ал «Қазақ әдебиетіне» жа­рияланған конкурста бәй­ге алған С.Қирабаевтың А.Нұр­қатовпен бірігіп жазған Х класқа арналған оқулығы 1964-1965 жылдарда басылған еді. Иә, оқулық жазу – өнер.
Негізінде, әдебиет та­рих­­­­шы­сы һәм сыншысы С.С.Қирабаев әдеби-ғылы­ми шығармашылығына әде­би фактілерді ересен мол қам­тушылық, философиялық-дү­ниетанымдық тәсілдер, әлеу­меттік тәжірибе, жинақтап қо­ры­тушылық тән.
Екіншіден, қоғамның рухани өміріне белсенді араласушылық, еңбекшілдік.
Үшіншіден, ҚазПИ-дің аудиториясында мыңдаған сағат лекция оқуы, яғни ағартушылық қызметі. Бұл ретте өзі зерттеген, сөйлескен, хат жазысқан Спандияр Көбеевке ұқсауы.
Төртіншіден, сабырлы қалпы, сырға берік сырбаздығы, көн­төр­лілігі, мәдениетінің жоға­рылығы.
Бесіншіден, әдеби-ғылыми ортасы, атап айтқанда, алыптар тобы, айтулы замандастар, тұрғыластар шоғыры, ұлт мәде­ниеті мен сөз өнерінің дүл­дүлдері.
Академик С.С.Қирабаев құ­былысы – ұлт мәдениетінің қасиетті жолы, сәулетті күмбезі, заман мен тарихтың жанды дауысы.

Серік Негимов,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
филология ғылымдарының докторы, профессор

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button