Денсаулық

Дәстүрді жалғастырған дәрігер

Биыл денсаулық сақтау қызметкерлерінің төл мерекесі қарсаңында Астана қаласы №1 перинаталдық орталығының нәрестелер хирургиясы бөлімшесінің меңгерушісі Асылжан Ерекешовке бірегей ота жасағаны үшін «Altyn Shipager» сыйлығы табыс етілді.

Бұл марапат осыдан алты ай бұрын болған айрықша отаны еске салды. Елімізде бұрын-соңды болмаған, шала туған 870 грамдық шақалаққа қатарынан бір мезгілде үш ота жасалған еді. Нәрестенің он екі елі ішегі бітеу күйінде, асқазан-ішек жолдары орнына жатпай, көптеген жабысқақтармен (спайка) дүниеге келген. Сәтті шыққан отадан кейін бүгінде алты айлық сәби күн санап өсіп келеді.
– Менің әкем Әубәкір Ерекешов – көп жыл бойы балалар хирургиясы саласында қызмет еткен адам. Өмірінде 12 мыңға тарта ота жасады. Соңғы рет әңгімелескен кезімде «Дәрігердің бақыты дегеніміз – балаға өмір сыйлау. Ата-анасын бақытты етіп, баланың да бақытына қол жеткізу» деп еді. Енді өзім де екі мыңнан астам ота жасап, сәбилерін бауырына басқан анасының шын қуанған сәттерін көргенде қаншама адамның бағын ашқан әкемнің сөзі есіме түседі, – дейді Асылжан Әубәкірұлы.
«Altyn Shipager» атанған дәрігер елімізде енді дамып келе жатқан хирургияның бір саласының негізін қалап, дамыту үстінде.
Көпшілікке беймәлім, жалпы адам жаратылысында кейбір ақаулардың туу жиілігі болады екен. Жылына 10 мың сәби дүние есігін ашса, оның екі-үшеуі дертімен бірге туады. Яғни жылына елімізде 3-4 мыңға жуық бала туабітті ақауымен дүниеге келеді екен. Оның 1500-1800-іне туған сәтінде ота жасаса, қатарға қосылып кетеді. Жалпы, мұндай жайттар бұрын да кездескен.
– Қазіргі заманауи технологиялар шарананың кемшін жаратылысын 83-87 пайызға дейін анықтайды. Кейбірін 100 пайызға дәл басып, анықтай алады. Оның көбі ұрық дамуының 20-аптасында белгілі болады. Сол себепті болашақ аналарға міндетті түрде екінші скринингтен өту керек. Өйткені 16-19-аптаға дейін ұрық қалыптасып болады. Ал әрі қарай тек қана өсіп-жетіледі. Қазіргі медицинаның дамыған заманында іште жатқан баланың кеселін анықтап, дер кезінде ота жасап, табиғаттың жаңылысқан жерін түзеп жіберуге қауқарлымыз. Осыдан он шақты жыл ғана бұрын осындай диагнозбен он балаға ота жасалса, алтауы қайтыс болатын, қазіргі күнде онның екеуі ғана шетінейді. Бұл да үлкен жетістік, – дейді хирург.
Бүгінде Асылжан қызмет ететін қалалық №1 перинаталдық орталықтың хирургия бөлімшесінде 15 төсек бар. 2012 жылы алдымен бес орыннан бастаған орталық. Алты жылдың ішінде осыншама кеңейген. Өйткені мұнда жүгінетіндер Астана тұрғындары ғана емес, Қазақстанның барлық аумағынан келеді. Құрсақта анықталған туабітті ақауы бар сәбилердің анасы есепке алынып, бақылауда болады. Екі жылдан асты, медициналық туризм аясында Ресейден, көрші өзбек, қырғыз елінен де аяғы ауыр әйелдер келіп, осында босанып, баласының емін алып кетіп жатыр.
Хирургияның осы саласының дамуына әсер еткен елдегі медициналық реформалар екені анық. Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан», «Қазақстан Рес­публикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламалары сәби өлімі мәселесіне мән беріп, оның алдын алу шараларын қарастырған еді. Бұл реформалар, қаржылық қолдаулар, ең алдымен, осы саланың мамандарын даярлауға үлкен әсер етті. Ұлттық медицинаның қадау-қадау тіреулері балалар хирургиясының білікті мамандары осылайша қалыптасып, әлемде жоқ оталарымен танымал болып отыр. «Көптеген елдермен салыстырғанда біздің деңгейіміз кейбірімен тең түссе, кейбірінен артып түседі. Бірақ кем емес» деп бағасын берді дәрігер. Расында да, осы саланың дәрігерлері бірлесіп, тәжірибелерімен бөлісіп, керек болған жағдайда, қажет жеріне шұғыл ұшып барып та ота жасайды.
«Нәрестенің анатомиялық ерекшеліктері бар. Сондықтан балаға, оның ішінде шала туған балаға ота жасау қиын. Бір адамның қолынан келмейді. Оташы-хирург ота жасайды, анестезиолог дәрісін егеді, отадан кейінгі күтімі тағы бір маманға тәуелді. Осы бес-алты адам бір-бірімен бірігіп, шақалақтың өмір сүру мүмкіндігін барынша пайдаланып, бірлесе кіріскенде ғана ана баласымен қайтадан қауыша алады. Астанаға келген 2007 жылдан бастап екі мыңнан астам балаға ота жасадым, солардың 80 пайызы тірі, қазір 3-4-сыныпта оқып жүр».
Өздеріне бақыт сыйлаған Асылжанды ата-аналар көшеде кездескенде танып, амандасып жатады. Өйткені олар сәбиінің өмірін ұзартқан оташының алтын қолдары екенін жақсы түсінеді.
Соңғы кезде сәбилерде өңештің, асқазан-ішек жолдарының, ішектердің бітеу болып тууы, іш перденің толық жабылмауы, бауырдың, өт жолдарының бітелуі жиі кездеседі екен. Жылына Астанада 250-дей ота жасалынады. Оған қоса, шала туған нәрес­телердің өздеріне тән, мысалы, көз жанарына қатысты ақаулары болады. Айта берсе, аурудың түрі де жеткілікті. Дегенмен елордада осындай бөлімше болып, онда білікті мамандардың жүргені – көңілге демеу.
Алғашқы «Altyn Shipager» сыйлығының Асылжанға бұйыруының да себебі бар. Өйткені ол – осы саладағы істің басында жүрген мықтылардың бірегейі. Айтқандай, Ерекешовтер отбасы мамыр айында өткен қалалық «Мерейлі отбасы» байқауында топ жарған болатын. Асылжанның әкесі қазақ балалар хирургиясының бастауында тұрса, өзі астаналық жаңа саланың дамуына күш-жігерін салып келеді. Ал Ерекешовтердің үшінші буыны университетте білім алуда. Демек, дәстүр үзілмейді деген сөз.

 

 

Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button