Басты ақпарат

Елдің төрі – елорда

Өткен жылы төрімізге шыққан тауық жылы еліміз үшін де, елордамыз үшін де жемісті, жеңісті жыл болды. Қол бұлғап, қош айтысып бара жатқан жыл Астана жылнамасында айтулы оқиғалармен есте қалды. Ақтың молаятын, тіршіліктің жаңаратын, көңілдің кеңейетін кезеңі – Наурыз мейрамы қарсаңында, әдеттегідей, өткенге есеп беріп, алдағы жаңа жылдан жақсылық күтетініміз бар.

БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІ ҚАЛА

Астана қаласы өткен бір жыл ішінде бірқатар оң өзгерістерге қол жеткізді. Өнеркәсіп, жер, жол және көлік қатынасы, энергетика мен экология, әлеуметтік саясат және тұрғындардың тұрмыс деңгейін жоғарылату сияқты аса маңызды салалар айтарлықтай алға жылжыды. Нәтижесінде қала бойынша жалпы өңірлік өнім 3,9 трлн теңгені құрап, макроэкономикалық өсім 4,8 пайызға жетті. 2017 жылы өнеркәсіп өндірісінің көлемі 550 млрд теңгені құрады. Өндірістің өсу қарқыны бойынша Астана еліміздің өңірлері арасында екінші орынға жайғасты. Әсіресе, металлургия және машина жасау саласы қарқынды дамып келеді. Қала экономикасына 945 млрд теңге инвестиция тартылып, 3 пайызға өсті. 2017 жылы еңбек нарығында 19 мың жаңа жұмыс орындары ашылды.

МЕРЕЙІМІЗДІ КӨТЕРГЕН ЭКСПО

ЭКСПО сияқты әлемдік жобаға кеткен күш пен қаржы өзін ақтады. Астана іскерлік, мәдени, туристік, білім және медицина орталығына айналып келеді. Заман талабына жауап беретін әуежайдың пайда болуы, заманауи теміржол вокзалының салынуы, көптеген қонақүйлер мен мейрамханалардың бой көтеруінің нәтижесінде Астана жаңа деңгейге көтерілді. ЭКСПО өткен үш айдың ішінде қалалық қызмет елеулі тәжірибе жинады. Түрлі бағыт бойынша жеті штаб құрылып, 5 мыңнан астам адам тәулік бойы жұмыс істеді. Мемлекет басшысының бастамасымен көптеген елдердің көшбасшылары қатысқан ШЫҰ, ЕАЭО, Ислам ынтымақтастық ұйымы отырыстары, Сирия келіссөздері мен көптеген ірі іс-шаралар өткізілді. Танымал театр, эстрада және кино жұлдыздарының қатысуымен ірі мәдени, спорттық шаралар ұйымдастырылды. Қала басшысы Әсет Исекешевтің «ЭКСПО-ға 400 миллиард теңге жұмсалды, бірақ бұл қаржы бизнесті дамытуға берілген импульс есебінен қайтарылып жатыр. 2016-2017 жылдары Астананың бюджетіне 2 триллион теңге түсті. Бұл – өте жақсы көрсеткіш. ЭКСПО-ға 100 ел өз технологияларын алып келді. Ал әлемнің осындай озық технологияларымен бір мезетте танысу мүмкіндігі енді қашан туады? Муниципалдық қызметтің жұмысшылары мен әкімдік те көрмеден пайдалы дүниелер алғанын айта аламын» дегені есімізде.

МЕДИЦИНА САЛАСЫНЫҢ МЕЖЕЛЕРІ

Тұрғындардың денсаулығы – ең басты мәселе. Өткен жылы елімізде өлім-жітім саны 9 пайызға, ана мен бала өлімі 38 пайызға төмендеді. Онкологиялық ауруға шалдыққандар – 9,7 пайыз, қайтыс болғандар – 10 пайыз, туберкулезбен ауырғандар саны соңғы бес жылда 28 пайызға азайған. Бүгінде медициналық мекемелерді автоматтандыру жүйесін енгізу және дәрігерлерді қағазбастылықтан арылту үшін «SMART медицина» жобасы сәтті жүзеге асуда. Осы жобаны іске асыру нәтижесінде тұрғындардың денсаулығына байланысты электрондық құжат қолға алынбақ. Ендігі меже – денсаулық сақтау саласында жекеменшік пен мемлекеттік әріптестікті дамыту. 2020 жылға дейін 8 нысан салыну жоспарланған екен. Жалпы, саладағы мамандардың кәсібилігін арттыру үшін 8000-ға жуық медициналық қызметкерлерді еліміздің және шет елдердегі жетекші клиникаларда оқыту көзделуде.

БІЛІМДІ ЕЛДІҢ ТАМЫРЫ ТЕРЕҢГЕ ЖАЙЫЛАДЫ

Астаналықтардың саны жыл сайын артып келеді. Соған сәйкес, қала мектептерінде де оқушылар саны көбеюде. Осы мәселені шешу үшін биыл Үкіметтің арнаулы бағдарламасы аясында 7000 орынға арналған 6 мектептің құрылысы тұрғызылады. Тұтастай алғанда, алдағы үш жылда республикалық бюджет есебінен және оған жеке инвесторларды тарта отырып, 27 мектеп пен 10 нысанның құрылысына учаскелер мен жоба дайындалуда. Бір айта кетерлігі, соңғы 4 жылдың ішінде елордадағы білім беру саласын дамытуға бағытталған бюджет қаражаты 95 пайызға ұлғайды.

ЖИЫРМА ЖЫЛДА ЖЕТКЕН ЖЕТІСТІК

Астана жиырма жыл ішінде экономика мен саясаттың, ғылым мен білімнің, мәдениет пен өнердің маңызды орталығына айналып үлгерді. Машина жасау, құрылыс, инновация, қызмет көрсету, инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымдық жобалардың арқасында он мыңдаған жұмыс орны ашылды. Мәселен, соңғы 20 жылда Астананың жалпы өңірлік өнімі 190 есеге өсті. Мемлекеттік бюджет түсімі 80 есеге артты. Яғни 1997 жылдағы 13 млрд теңге 2017 жылы трлн теңгеге жетті. Жиырма жылда тұрғын үй құрылысына 1 трлн 600 млрд теңге қаржы салынған. 180 мыңға жуық пәтерді қамтитын 1265 тұрғын үй пайдалануға беріліпті. Осы уақыт аралығында 1172 өндірістік, әлеуметтік-мәдени әрі қоғамдық маңызы бар нысандар бой көтерген. Негізгі капиталға инвестициялардың жылдық көлемі 1997 жылдан бері 44 есеге өсіп, 20 жылда жалпы 8 трлн теңгені немесе 47 млрд долларды құраған. Әрине, бұл үдеріс 2017 жылы да жалғасын тапты. Өткен жылы елорданың экономикасына 945 млрд теңге инвестиция тартылса, оның ішінде 70 пайызы – жеке инвестициялар. Ал кәсіпкерлік саласы туралы айтсақ, өткен жылы кәсіпкерлікті қолдаудың аймақтық бағдарламаларын жүзеге асыру үшін 1,7 млрд теңге бөлінген. Ендігі міндет – елорданы әлемдегі ең «ақылды» қалалардың біріне айналдыру. «Смарт сити» стандартын қалыптастырып, еліміздің басқа қалаларына озық тәжірибені тарату.

АЛДА ӨТЕТІН АЙТУЛЫ ШАРАЛАР

Биыл Астананың 20 жылдығы аясында 175 шара өтеді. «ЭКСПО-2017» көрмесі кезінде халықты тартқан этноауыл маусым айында қайта ашылып, қыркүйекке дейін жұмыс істейді. Онда «Алпамыс», «Трапеция мектебі» атты театрландырылған цирк шоулары ұйымдастырылатын болады. «Астаналар шеруі» атты жоба аясында Париж, Берлин, Лондон, Мәскеу, Сингапур осы сияқты әлемнің 20 астаналарының жетекші шығармашылық ұжымдары, танымал әртістері, даңқты спортшылары қатысады. Сонымен қатар, «Astana Musical» театры әлемге әйгілі «Notre Dame de Paris» мюзиклінің авторлары Риккардо Коччанте мен Люк Пламандонмен бірге аталмыш туындының тұсаукесерін өткізеді. Астанаға гастрольдермен Мария театры, Американ балет театры келеді деп күтілуде. Сондай-ақ, «Астана» атты ІІ дүниежүзілік театр фестивалі және тағы басқа айтулы іс-шаралар көрермен назарына ұсынылады.
Жалпы, жеті қазынаның бірі саналатын биылғы ит жылы елорданың 20 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келіп отыр. Ел дамуының локомотивіне айналған Астана барша қазақтың ортақ мақтанышы десек, тұрғындарға қолайлы, қауіпсіз, «жасыл» және әлемнің ең таңдаулы қалаларының қатарына қосу үшін қуатты, еңсесі биік, өркендеген шаһарға айнала берсін деп тілейік!

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Уыз лебіз

Эрол ГЮНЕЙЛИГИЛЬ, түркітанушы, сәулетші, Газиантеп қаласы, Түркия:

Түркілердің төл мерекесі

Түркі тектес халықтардың он екі жануарлы ежелгі күнтізбесі бойынша 2018 жыл – ит жылы.
Бұрындары көшпелі Оғыз Түрктері жыл басын 21 наурыздан санайтын. Сырға толы Анадолы даласының ауылдарындағы көнекөз қариялардың таным-түсінігі осындай.
Қысы аязды, жазы аптап шығыс Анадолының күнгей шет-қиырларында тұратын аузы берік қариялардың мәліметтеріне қарағанда «Джемре» деп аталатын және он екі күн мен тағы жарты күнге созылатын уақыт аралығында аспаннан үш рет от түседі екен.
«Джемре түссе қыс пен көктем бір-бірінен айрылады», «Джемре жаздың хабаршысы болады» деген.
Қақаған суық қарлы ақпан айының ат құлағы көрінбейтін екінші онкүндігінде алғашқы Джемре ауаға түседі – ауа жыли бастайды. Ақпанның жиырма жетінші жұлдызында екінші Джемре суға түседі – су жылиды. Жыл аяғында, яғни Наурыз айының бесінші күні соңғы Джемре жерге түседі – жер жылиды.
Ғасырдан-ғасырға келе жатқан әдет-ғұрып, салт-сана, әдеп-дәстүр бойынша ата-аналарымыз Наурыз айының алдыңғы аптасынан бастап үй ішіндегі жиһаз, мүліктің шаңы қағылып, жуылып тазартылады.
Осы тұрғыдан келгенде, құрамында мысы бар тамақ пісіретін ыдыс-аяқ пен табақ қасықтарды толығымен қалайышыға жіберіп, тазалатады.
20-21 наурыз түні, ол ең таза қалайылы ыдыс-аяқ және ыдыс атаулы табақтарды кәусар бұлақ суына толтырады. Тілек айтумен бірге, үйдің ауласында таң қылаң берер уақытқа дейін оларды жауын-шашынсыз ашық аспанды ай мен жұлдыз сәулесінің нұры түссін деген ниетпен орналастырады.
«Жыл бойы ақ мол, дән тасқын-тасқын, жауын-шашын көп болсын» деп, осы киелі суда ырысқа (бидай, тары, арпа, сұлы, жасымық, нұт т.б.) мол етті тамақ пісіреді. Таза қалайылы ыдыс атаулы табақтарға аққа (сүт, айран, сүтлү, сүтлаш т.б.) толтыру. «Су жастың, ас үлкенің» деген дәстүр бойынша алыс-жақын көрші-қолаңға, келген кеткен жолаушыларға сый- құрметпен жіберу ғұрпы сақталған.
Анадолы Түрктері, Наурыз түні көктен самал жел ессе аспаннан нұрдың төгілгені, ырыстың құйылғаны деп ырымдайды. Ол ең таза жел саналады. Сол себептен, бақытты Анадолы даласында Наурыз түні есік пен терезелер ашық болады.
Қасиетті Анадолы жерін құшағына бөлеген Наурыз мерекесі Түркі тілді мемлекеттерде әр шаңырақтың ырыс құт, қуанышына айналуда. Келген жаңа жылымыз Түркі тектес халықтарға береке мен бірлік әкелсін!
Барша қазақстандықтарды Наурыз мейрамымен құттықтаймын.

Әділхан АБДУЛИН, жоғары санатты дәрігер:

Келешектен жақсылық күтеміз

Әз-Наурыз халқымызда жаңа жылдың бастауын, табиғат ананың қайта жаңғыруын білдіреді. Көктемнің осынау ғажайып мерекесі ежелден молшылық пен жаңашылдықтың жаршысы саналған. Күн мен түннің теңесіп, жер дүниенің жайнайтын сәті. Өткен жылға есеп беріп, келешектен жақсылық күтетін мезгіл.
Шүкір, биыл еліміз үшін табысты жыл болды. Медицина саласында жеткен жетістіктер аз емес. Астананың даму қарқынына байланысты елорда медицинасы да өркендеп, алға қадам басып келеді. Бас шаһар өзгелерге өнеге болу үшін оның қай саласы да астаналық мәртебеге сай болуы тиіс. Қала медицинасына да осындай үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр. Жалпы медицина саласының қаншалықты сапалы екені көптеген маңызды индикаторлар арқылы өлшенеді. Олардың қатарында халықтың өмір сүру ұзақтығы, ана мен бала өлімінің көрсеткіші, түрлі жұқпалы аурулардың алдын алу секілді көрсеткіштер бар. Осы жағынан бізде ауыз толтырып айтарлық жетістіктер баршылық.
Өзім басқаратын Отан соғысы мүгедектері мен ардагерлеріне арналған орталық клиникалық госпиталь ұжымы жыл сайын Наурыз мерекесін ерекше ықыласпен атап өтеді. Мұндағы емделуші науқастардың көңілін демеу үшін мерекелік концерт ұйымдастырып, қазақтың ұлттық салт-дәстүрінен қысқаша болса да көріністер қоямыз. Қызмет бабында көзге түскен азаматтарымызды мереке қарсаңында арнайы марапаттаймыз.
Жаңа жылдың бастауы елордалықтардың әрқайсысына амандық, отбасына бақ-береке әкелсін!

Динара СӘДУАҚАСОВА, шахматтан әлем чемпионы, гроссмейстер:

 

Ел мерейі үстем  болсын!

Жаңа жылымыз – Әз-Наурыз мейрамы құтты болсын! Бақыттың бастауы, жақсылықтың жаршысы, халықтың ерекше қас­терлейтін күні Наурыз мейрамы халқымызға молшылық пен бақ-береке ала келсін дегім келеді. Жалпы, Наурыз – көктем мейрамы, табиғаттың жаңаруы, жаңа жылдың, жаңа өмірдің басталуы. Барлық бастама, ұлы істі ырымдап халық осы күні бастайды екен. Сол себепті бұл күнді «Ұлы істің ұлы күні, яғни Ұлыстың ұлы күні» деп те атап жатады. Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мейрамы еліміз бен жерімізге ынтымақ, ырыс, бақыт сыйласын!
«Ит – жеті қазынаның бірі» дегендей, биылғы ит жылы баршаңыз үшін ырысты әрі табысты жыл болсын. Әрдайым еліміздің мерейі үстем болып, қай сала болмасын, еліміздің еншісіндегі жеңістер мен жетістіктер еселене түссін. Бұл тұрғыда қашан да өз үлесімізді қосуға бар күш-жігерімізді аямайтын боламыз. Бас­тысы, халқымыз бейбіт өмірде күн кеше берсе екен деп тілеймін. Әрдайым жүздеріңізден күлкі кетпесін, қуаныш-шаттыққа бөлене беріңіздер.
Әлемге әйгілі әсем қала Астанамыздың да биылғы 20 жылдық мерейтойы құтты болсын!

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button