#Қазақстан Республикасының қарулы күштеріне 30 жыл

Ерлікке жетелеген жол

Тоқсаныншы жылдары тәжік-ауған шекарасында өздерінің әскери борышын адал атқарған қазақстандық жауынгерлердің ерлігін Нұр-Сұлтан қаласында ескерткіш айғақтап тұрғандай. Жақында сол тәжік-ауған шекарасында бітімгершілік батальонның құрамында болып, ерлікпен қаза тапқан он жеті боздаққа арналған «Ерлікке жетелеген жол» атты көрме мен осы аттас кітаптың тұсаукесері болып өтті.

[smartslider3 slider=2892]

ТМД басшыларының 1993 жылғы 22 қаңтардағы шешіміне сәйкес, достастықтың сыртқы шекарасын бірлесіп қорғау мақсатында 500 адамнан тұратын қазақстандық бітімгершілік батальоны Тәжікстанға жіберілетін болды. Біріккен батальон Қорғаныс министрлігі, Ішкі істер министрлігі және Шекара әскерлерінің қызметшілерінен құралып, бітімгершілік миссиясын атқаруға тиіс еді. Бұл шын мәніндегі қазақстандық тұңғыш бітімгерлер болатын.

Бір емес, бірнеше оттың ортасында қазақстандық жауынгерлер өз міндетін абыроймен атқара білді. Жалпы алғанда, 1993-2001 жылдар аралығында ұзын саны 24 қазақстандық батальон құрамында осы отты нүкте арқылы 10 мыңға жуық отандасымыз өтіпті. Өкінішке қарай, адам шығыны да болды. Қарулас достарының өмірін сақтап, өзі қаза тапқан сержант Раджан Батырхановтың есімі ел есінде. Ал 1995 жылдың 7 сәуірінде қазақстандық рота тосқауылға тап болып, 17 жауынгер қаза тауып, 33-і жарақат алды.

Тәжік-ауған шекарасына екі рет батальон басқарып барып, жеке құрамы шығынсыз, сарбаздары дін аман қайтқан полковник Жанарбек Мәдединов былай деді:

– Алғаш рет отты нүктеге сол тосқауылға тап болған жігіттерді ауыстыруға бардым. Штаб бастығының орынбасары ретінде маған қанды шайқастан аман қалған 25 сарбазды Душанбе әуежайынан Қазақстанға қайтару міндеті жүктелген еді. Өз көзіммен көргенімді айтатын болсам, сол сарбаздармен кездесуім мені қатты толқытты. 19-20-дағы жас балалар уақытынан ерте есейіп кеткендей, көздері терең ойда. Міне, бір ротадан, яғни жүз адамның ішінен тірі қалғандары қаза тапқан қарулас достарының автомат, пулеметті иығына асынып, кедендік бақылаудың алдында тұр. Тәжіктің кеденшілері не себепті бір адамға соншама қарудан бекітілген деп сұрап жатыр екен. Естеріне 7 сәуірдегі шайқасты салған соң, олар үндеместен, тездетіп құжат рәсімдей бастады. Екінші рет тәжік жеріне 1999 жылы, реттік саны жиырма бірінші жеке атқыштар құрама батальон­ның командирі болып қайта келдім. Негізі, өз басым жеке құрамды ешқашан көзсіз тә­уекелге бастаған емеспін. Тіпті соғыстан тыныш түрікмен-­ауған шекарасының өзінде отрядтан бір қадам ұзасақ та, толық жауынгерлік жарақпен шығатынбыз. Броньды техника, әрқайсымызда 10-20 оқ салғыш, қос-қостап граната алып шығатынбыз. Суға барсақ та, дүкенге барсақ та солай. Ал мына отты жалыны шарпып тұрған тәжік-ауған тауларында тіптен сақтық шараларын күшейтуге тура келді. Есесіне туған жерге батальоным ешбір шығынсыз оралды.

Тұсауы кесілген «Ерлікке жетелеген жол» кітабында қазақстандық жауынгерлердің ерлігі, тірі куәгерлердің бастан кешкен естелігі жинақталған. Соның бәрін тірнектеп жинаған шекара әскерлерінің майоры Жанар Кемелдің еңбегі зор.

Кітап шығару идеясының авторы және осы шараның басы-қасында жүрген ҚР «Ауғанстан және жергілікті соғыс ардагерлері одағы» төрағасының орынбасары Айтуған Күзербаев болашақта Раджан Батырханов атындағы қоғамдық қор құрып, батырға ескерткіш тұрғызу керек деген ұсыныс айтты.

Қазақстандық жауынгерлерді жауапты сапарға шыңдап, дайындаған, таулы аймақта ұрыс жүргізуді үйреткен запастағы полковник Виктор Обуховтың есімін ерекше атап өткен жөн. Сондай-ақ сол тұстағы Шекара әскерлерінің қолбасшысы, генерал-майор Тоқтасын Бұзыбаев бір жағы Тәжікстан президенті Эмомали Рахмоновпен, бір жағы оппозиция өкілдерімен де кездесіп, қадау-қадау шаруа­ларды шешіп жүрді.

Жоғарыда айтқанымыз­дай, бұл біздің бітімгершілік саласындағы алғашқы қадамымыз болатын. Артынша қазақстандық жауынгерлер Ирак жеріне аттанды. Кейін олар Біріккен Ұлттар Ұйымы миссиясы аясында Ливанда, Кот-д’Ивуарда, Батыс Сахарада Қазақстанның халықаралық міндеттемесін абыроймен атқара бастады.

Әбубәкір СМАЙЫЛОВ, Суреттерді түсірген Қ.ДІНБАЯНОВ

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button