#Қазақстан Республикасының қарулы күштеріне 30 жыл

Ақиқаты ашылмаған Ауған соғысы

Өткені жүрегін сыздатып, айтылмаған шындықты сыр етіп әлі де айта алмай жүрген азаматтар жоқ емес. Олар – 33 жыл бұрын өткен Ауған соғысына қатысып, оқ пен оттың арасынан аман қалып, елге жеткен жандар, нағыз батырлар, бүгінгі ардақты ардагерлер!

[smartslider3 slider=2891]

Кеңес Одағы тұсындағы тарихтың ең қайғылы беттерінің бірі Ауғанстан соғысы болғаны ақиқат. Кеңес Одағының басшылығы шешімімен 1979 жылы 25 желтоқсанда КСРО әскерлері Ауғанстан шекарасынан өтіп, онда 1989 жылдың 15 ақпанына дейін соғыс қимылдарына қатысты. Ауғанстанда интернационалдық борышын өтеген жауынгерлер қатарында Қазақстан азаматтары да болды.

Он жылға жуық бөтен елдің мүддесін қорғаған қаншама қазақстандық отбасына қасірет әкелген Ауған соғысы біз үшін де қасіретке толы кезең болды. Сондықтан елімізде жыл сайын он жылға жуық созылған соғыста қаза болған ардагерлерге тағзым етіп, еске аламыз.

Кеңес әскерінің Ауғанстан жерінен толықтай шыққанына үстіміздегі жылы 33 жыл толды. Бұл – бір азаматтың өміріне тең уақыт.

Біздің айтпағымыз: бір тұлғаның өмірі бір тарихты құрайды. Айталық, Ауған соғысының ардагері Миранбек Тулекпаев сұхбат барысында терең ойланып, сол майдан даласында желі соққанда көзіне құм, аязды күндері жанына ызғар, ағзасына суық енген кезең есіне түсті ме, терең күрсінді. Қазір жігіт ағасы, ІІІ топ мүгедегі, «Ерлігі үшін медалінің» иегері. Ол ұзақ уақыт жау бағыттаған оқтың сынығы жанап өтіп, жарақат алған маңдайын сипап отырып, оқ ізін көрсетті. Жақын жерде атылған зеңбірек дауысы зардабынан бір құлағы естімей қалғанын әңгімеледі. Ол сөз арасында Ауған даласынан сау оралған жауынгердің жоғын да айтып өтті. Бүгінде дертіне шипа, сырқатына ем іздеп госпиталға жиі баратын ардагерлердің бірі Миранбек Уашұлы сол кезеңдегі орын алған әділетсіз іс-қимыл мен қазіргі егемендікке ие болып, тәуелсіздік салтанат құрған замандағы әділетсіздіктерді салыстыра әңгімеледі. Тебірене отырып айтқан сырлары, әрине, тарих бетінде жазылуға тиіс шындық. Санаулы қалған Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектер де Нұр-Сұлтан қаласы Ардагерлер кеңесінің қатарында көрінудің артықшылығы жоқ екенін, Отан қорғау азаматтық парыз, жан жүрегімен сезінгенмен, бүгінде қоғам дамуына өз үлесін қосуға қауқарсыз, яғни Ауған ардагер-­азаматтарының көбісі еңбекке жарамсыз екеніне Үкіметтің көз жұмып қарамауын құптайтынын айтып өтті. Ешкімнен көмек күтпей, өз күшімен қайырымдылық жасай білетін Ауған ардагерлерін нағыз отаншыл азаматтар екеніне сүйсінуге әбден болады.

Солардың бірегейі бүгінгі кейіпкеріміз Миранбек ­Тулекпаев болатын. Ғұмырына жетерлік контузиялық дерт пен дене жарақатын әңгімелеуден жалыққандай кейіп танытқан интернационалист-жауынгер «Жаңа Қазақстан» туралы, әлеу­меттік өзгерістер туралы қо­йылған сұрақтарға еңсесін тіктеп, отаншыл рухты азамат екенін таныта отырып, ел болашағы жарқын болатынына сенетіндігін жеткізді. Алайда үлкен өзгерістер тез арада салтанат құра қоймайтынын да атап өтті.

Тарихта қалған он жыл барысында бастан кешкен бұрынғы қасіретті оқиғалар С.Акимбековтің «История Афганистана», екі томдық «О павших в Афганистане», «Память из пламени Афганистана» атты үш томдық ауған соғысына қатысқан жауынгерлердің сұхбаттары кітап ретінде жарық көрді. Бұл жас ұрпақ бойында отаншылдық, елжандылық рухты қалыптастыра түсуге оң ықпалын тигізетін туындылар болары анық.

Ауған майданында «Қара майор» атанған полковник Борис Керимбаевтың авторлығымен жарық көрген «Капчагайский батальон» атты деректі повесі де тарихи-шынайы жазбалар қатарынан орын алады.

Дерек пен дәйектерге сү­йенсек, ресми ақпараттар тарих шындығын айғақтайды. Ауған соғысы 10 жылға, 110 айға созылғандығынан көпшілік, әсіресе жастар, бейхабар. Адамзат психологиясында жақының туралы болмаса, көп жағдайда қоғамда болған және болып жатқан қарекеттер жадыңда сақтала бермейді. Алайда сол оқиғаның арасында болған жеке адамның есінде мәңгілік қалуы – заңдылық. Айталық, сол соғысқа қатысқан жандардың жадынан өшпейтін өмір кезеңі – бүгінгі ұрпақ үшін ертегі. Нұр-Сұлтан қаласының Ауған соғысы мүгедектері мен ардагерлері одағының төрағасы, бірнеше тілді жетік меңгерген Миранбек Тулекпаев көп мәліметті алға тартты. Айталық, КСРО құрамында Отан алдындағы міндетті арқалаған 22269 қазақстандық толарсақтан қан кешіп, ауған жерінде 2238 күнге созылған соғыс қимылына қатысқан. 924-і қаза тапты, мыңдаған жауынгер мүгедек болып қалды және 21 адам хабарсыз жоғалып кетті.

Кеңес әскерлері шығарылғаннан кейін де Ауғанстанда азамат соғысы жалғаса берді. Ұзаққа созылған соғыс елді әлсіретіп, халықты күйзеліске ұшыратты. 1997-98 жылдары Қазақстан Республикасының Үкіметі Ауғанстандағы қазақтарды көшіріп әкелді. Шынайы ақпараттар көңілге қаяу түсіреді.

Айтарымыз, қазір жанымызда жүрген, көзі тірі, қай соғыс болмасын кезінде ерлік танытқан, батылдық пен батырлық жасаған бүгінгі ардагерлерді ардақтай білу, олардың тұлғалық болмысы жайлы баспасөз бетінде азды-көпті жариялап отыру жалғасын таба бермек.

Алда келер айтулы мереке – Отан қорғаушылар күні мәртебесінің биік екені анық.

1992 жылғы 7 мамырда ­Қазақстан Республикасының Қарулы күштері құрылды. Дәл осы күні республика аумағындағы КСРО Қарулы күштерінің құрамындағы мекемелер, бөлімдер, құрамалар Қазақстан Республикасының құзыретіне берілді.

7 мамыр – бұл тәуелсіз еліміздің өзіндік қорғаныс қабілеті бар екенін білдіретін мереке. Ендеше егеменді еліміздің отын сөндірмей, қорғаныс жүйемізді бекем ұстап келе жатқан барлық Қазақстан азаматтарын төл мерекелерімен құттықтаймыз!

Миранбек Тулекпаев басқарып отырған Ауған соғысы ардагерлері ұжымының әрқайсысына денсаулық, арамызда ұзақ жүре берсін деген тілекті осы жазба арқылы жеткізгіміз келді.

Маржан БЕКТҰРСЫНҚЫЗЫ, Нұр-Сұлтан қаласы

Ардагерлер кеңесі медиатобының мүшесі

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button