Мәселе

Интернет-педофилмен қалай күресеміз?

Қазіргі заманның ең өзекті мәселелерінің бірі әлеуметтік желілердегі педофилия болып тұр. Алайда, бұл мәселе кеңінен бел алып кеткеніне  қарамастан, біздің қоғамда осы тақырып мүлдем көтерілмейді. Өсіп келе жатқан қаншама бала мен жасөспірімдер педофилдердің қармағына түсіп, өмір бойы өзіне деген жиіркеніш, қорқыныш сезімімен өтеді. Ал кейбіреулердің өмірі соның салдарынан суицидпен де аяқталып жатыр.

Қазіргі XXI ғасыр, технологиялар заманында әр баланың қолында бір ұялы телефоннан бар. Көбісі әріп танып, сөйлеп үйренуді смартфоннан меңгереді. Бұның қаупін ата-аналар да, балалардың өздері де біле бермейді. Өте өкінішті, себебі балалар әлі тым жас және аңқау болғаннан кейін олардың әлі қалыптаспаған психикасына қысым түсіру, оны бұрмалау кез келген ересек адам үшін оңай нәрсе. Байқауымыз бойынша арам ниетті адамдар бұны сәтті пайдаланып отыр.

Instagram, TikTok, Vk, YouTube және тағы басқа кез келген әлеуметтік желілерде педофилдер қаптап отыр. Олар жас бабалардың атынан аккаунт ашып, балалармен бір әлеуметтік желіні қолданып, сол арқылы өз арам ойын жүргізіп жатыр. Әдетте олардың қармағына 7-14 жастағы балалар түседі.

Кейбіреулер бірден өз жыныс мүшелерінің фотосуреттерін жіберіп, балаға тікелей қысым көрсетсе, кейбірі керісінше алдымен баланың сеніміне кіріп, оған жылы сөздер айтып, жақын адамына айналған соң, өзінің ауру фантазиясын шындыққа айналдыра бастайды. Ал бұл бірінші нұсқадағы сценарийден әлдеқайда қорқыныштырақ. Көптеген педофил осылай смартфон экранының ар жағында отырып, балалардың психикасын бұзады және мұндай істің соңы жағымсыз оқиғамен аяқталады. Бұл мәселенің ауырлығына қарамастан, не қоғамның, не үкіметтің оны шешуге талпынысын көріп тұрған жоқпыз. Бұл біздің еліміздегі барлық баланың тағдырына түкіргені ме? Әлде, сол баяғы «ұят» ұстанымы ма екен? С. атты азаматшамыздың оқиғасы осы қаупімізді нықтай түседі.

– Менің жасым 30-да, екі қыздың анасымын. Менің өсіп келе жатқан бүлдіршіндерім бар болғаннан кейін, бұл мәселе қатты мазалады. Балаларымның болашақтағы қауіпсіздігі үшін Instagram желісінде әдейі кішкентай қыздың рөлін ойнап, көптеген педофилдерді анықтадым. Әрқайсысына қарсы дәлел тауып, жергілікті полиция бекетіне келдім. Сол адамдардың аккаунтын беріп, оқиғаны қысқаша айтып шықтым. Оларды тауып, жазалауды, әлеуметтік желіде қадағалауды сұрадым. Ал маған: «Сіздің не басқа жұмысыңыз жоқ па? Басты қатырмай, балаларыңызды қараңыз» деп, шығарып салды. Бірінші кезекте полиция қызметкерлері бұл тақырыпты қолға алып, мәселені шешуге кіріспесе, оның қаншалықты ушығып кететінін елестету қорқынышты.

Әр ата-ана өз баласын қалай қорғай алады? Педофилдерден зардап шегетін балалардың көбісіне ата-­ананың көз жасы, махаббаты, көңілі жетіспейді. Осындай сәтте бала педофилдің торына түссе, әке-шешесі бермеген мейірімге бөленіп, оны қиялында өзі қалаған ата-анасы ретінде қабылдайды. Әке-шешесін емес, сол адамды бедел санап, оның айтқанының барлығы дұрыс не жақсы деп қабылдайды. Педофил баланың осы күйін ұтымды пайдаланып, оның ақ парақтай таза психикасын бұзып, өзіне тәуелді етеді. Бір сөзбен айтсақ санасын улайды. Ал егер бала ата-­анасының мейіріміне қанып өссе, олардың арасында ашық диалог болса, бала сырт­тан мейірім іздемейді. Ол педофилдің торына түссе де, ата-анаға деген жүз ­пайыз сенімі арқасында орын алған мәселе ересектерге тез арада мәлім болады. Ал одан кейін полиция қызметкерлері бұл ақпаратпен қандай іс-қимыл жасайтыны – өкінішке қарай үлкен жұмбақ.

Данажан

АМАНГЕЛДИНА,

10-сынып оқушысы

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button