Қоғам

Көңілден кетпес бейнесі

Ол – басқалар үшін құйрық-жалы төгілген су жорға, шашасына шаң жұқтырмас жүйрік, аспандағы аққуға әнін қосқан үкілі «әй-яй» ақын, айтыстың марқасқасы, алты алашқа жайылған атағының өзінен ат үркетін халық ақыны, он жасында ел-жұртты еңіретіп-тебірентіп ана туралы өлмес ән жазған дарынды композитор, жүріс-тұрыс, кескін-келбетімен Сәкеннің сәнін, Үкілі Ыбырайдың әнін жаңғыртқан, ана тіліміз бен ұлтымыздың төл өнері – айтыстың жанашыры, осы жолда аянбай еңбек еткен қоғам қайраткері, әдемі әзіл, көңілді қалжыңдарымен, шындыққа негізделген сықақтарымен жүрген жерін күлкіге көміп отыратын мықты сатирик, сегіз қырлы, бір сырлы, халқымыздың өнерлі де ардақты ұлы Қонысбай Әбілев. Ал біз үшін, бұрынғы С.Киров, қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университеті журналистика факультетінің 1977 жылғы түлектері үшін, жай ғана «Өзіміздің Қоныс», «Қоқабай».

Бұл өмірде адам баласын бақытқа бөлейтін, бақытты ететін алғышарттар көп. Соның бірі – өмір жолыңда жақсы адамдардың кездесуі, дəмдес-тұздас болуың, жақсы ортаға түсіп, түзу бағытта жүруің, ол да бір бақыт! Бұл жағынан 1977-лердің кеуде кере мақтана айтатын тұсы көп. Ал өкініштісі, осы мақтан тұтар азаматтарымыздан, асылдарымыздан, баға жетпес жауһарларымыздан бірте-бірте айырылып жатырмыз.

Соңғы екі-үш жылдың ішінде ғана қаншама қимастарымыздың орнын сипап қалдық. Өзекті жан өлімге қимайтын, атақты телевизия тарланы, бəріміздің басымызды қосып жүретін курсымыздың көшбасшысы Нұртілеу Иманғалиұлы, журналистика ардагерлері Əшірбек Амангелдиев, Жеңіс Баһадүр, қызғалдақ қыздарымыз Жанат Əлмағанбетова, Гаухар Исаева.

Енді, міне, курстастардың қырық жылдық кездесуінде əдемі əнімен көңілді тебірентіп, вальс билеткен Қонысымыз да бақиға аттаныпты. Бұл дүниенің жалғандығын, ешкімнің де мəңгілік еместігін ішкі түйсігімізбен сезінсек те, қатыгез ажалмен осылай бетпе-бет келгенде жігеріміз жаситыны да шындық. Бір-бірімізді көрсек те, көрмесек те, бір-бірімізге барсақ та, бармасақ та, мына төрткүл дүниенің бір қиян шетінде, қимас досыңның бəрімізге ортақ ашық аспан астында бір ауамен демалып жүргендігін сезінудің өзі бір бақыт. Бағалай білсек, бұл өмірде бақытқа бөлейтін нəрсе көп екен.

Сол күні дастарханда қатар отырып едік. Кешті жүргізген Мылташтың (ақын, баспагер Мылтықбай Ерімбетов) əзіл-қалжыңдарына мəз болып күліп отырған сəттерде: «Əй, мынау Тұрсынбек Қабатовтан асып түспесе, кем емес» деп көзінен жас аққанша күліп еді. Микрофонды қолына алып, мақпал дауысымен қоңырлата əн салғанда, Қоныстың өзінің жанға жайлы мінезі сияқты əннен тараған шуақ бəріміздің жүрегімізді жылытып өткендей, керемет тебіреністі шақты бастан кешіріп едік. «Асаба да, əнші де, күйші де – бəрі өзімізде екен ғой» деп Нұртілеу ағамның мəз болғаны да есіме түсіп отыр. Уақыт, шіркін, осылай-осылай өте береді екен өз бедерін қалдырып…

Қоныс біздің отбасына курстас достан да жақын болды десем артық айтпаспын. Менің өмірлік жарым əрі курстасым Тоқтар Баймағанбетов университет қабырғасында ерекше топ болып, бəрі бірге жүретін Нұртілеу Иманғалиұлы, Марат Нұрқалиев, Бақыт Ахмеров, Ерұлан Бағаев, Бақберген Табылдиев, Қонысбай Əбілевпен тонның ішкі бауындай араласып, өте жақын достық қарым-қатынаста болған еді. Ал Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдəулетов пен Қоныс екеуі тіпті жұбы жазылмайтын. Киімге дейін егіз қозыдай бірдей киінетін.

Қоныс айдай сұлу Мүнираға үйленгеннен кейін отбасымызбен араласып, туыстай болып кетіп едік. Қоныстың өзі өмірден ерте кеткен жауқазын қызы Еңлікке арнаған толғауында, Тоқтар туралы естелігінде жазғандай, Мүнира замандасымызды туған жері Торғайға алып барғанында Тоқтардың көріп-білмеген жерден түн ортасында апа-жездесінің үйін тауып келгенін, Тоқтар екеуміздің Еңлікті «ұрлап» əкетіп, фотоға түсіргенімізді кездескен сайын бір айтып алушы едік. Университетті бітіргеннен кейін де біраз жылға дейін арақатынасымыз үзілген жоқ. Мүнира мен Қонысты көргенде, бірде Көкшетауда, бірде Арқалықта сағына қауышып жатушы едік.

Қоныс пен Мүнира Көкшетауға келгенде, олардың аяқ-қолдарын жерге тигізбей алып кетеді. Ол кезде айтыс өнерінің ақсақалы Көкен Шəкеев атамыздың көзі тірі. Барлық ақындардың басын қосып, думандатып, түрлі мүшəйралар өткізіп жатады. Арасында «сендерге қолымыз əзер жетті-ау» деп өзара шүйіркелескен сəттердің орны тым бөлек.

Алайда «Адамды тұрмыс билейді» деген сөздің расын өмірдің өзі дəлелдеп отыр. Жан-жаққа тарыдай шашылған достардың тіршілік ағымымен бір-бірімен жүздесуі де сиреп кетті. Енді, міне, бақилық болған ардақты досты көзі тірісінде бір көріп, мауқымызды басып, құшағымызға ала алмай, өзекті өкініш өртеп отыр. Бір кем дүние…

Əсіресе:

«Біреуді біреу құлатады,

несі бар,

Біреуді біреу жылатады,

 несі бар,

Егер олай етпесе,

Ол байғұстың өзінің

жылайтынын есіңе ал!

Ол байғұстың өзінің құлайтынын есіңе ал!» деп гитарамен əн салатыны қайта-қайта көз алдыма елестеп, ойыма орала берді. Қимас достың жүрегімде осы бейнеде сақталғаны да қазіргі күзгі жапырақтай қалтыраған көңілге демеу болып тұр. Өзімізді-өзіміз осылай жұбатамыз-дағы, енді.

Ендігі тілек – мына өмір атты айдында қос аққудай қол ұстасып бірге келе жатқан сүйікті жары Мүнираға, перзенттері мен немерелеріне Алла Тағала ұзақ та бақытты ғұмыр берсін!

Роза НАРЫМБЕТОВА,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button