Басты ақпарат

Көнерген көлікті қалай жаңартамыз?

Нұр-Сұлтан қаласында 2022 жылдың 1 сәуіріндегі мәлімет бойынша есепте тұрған 410 мың жеңіл автокөлік бар. Соның 75 пайызы көнерген. Яғни пайдаланғанына 10 жылдан асқан. Еліміздің бас қаласында осындай болғанда, басқа аймақтағы жағдай қандай екенін бажайлай беріңіз.

[smartslider3 slider=3163]

Ескі көлік – көңілге қаяу

Жақында Қазақстанның Ұлттық статистика бюросы елімізде тіркелген 4 миллион 366,9 мың көлік құралы техникалық жағдайының мәліметін жариялапты.

Жоғарыда келтірілген сандардың 87,8 пайызы – жеңіл машина, 10,4 пайызы – жүк көлігі, 1,8 пайызы – автобус. Солардың 50,5 пайызының зауыттан шығарылғанына 20 жылдан асса, 21,1 пайызының шыққанына 10 жылдан 20 жылға дейін, 14,5 пайызына 7 жылдан 10 жылға дейін, 6,4 пайызына 3 жылдан 7 жылға дейін уақыт өтсе, тек 7,2 пайызы ғана шығарылғанына 3 жылға жетпейтін болған.

Қарапайым есепке салып қарасақ, елдегі барлық автокөліктің 72 па­йызы 10-15 жылдан асқан көнерген машина болып отыр.

Сарапшылардың айтуынша, Корея, Ресей, Қытайда шығарылған автокөліктер 3-5 жылдан кейін ескіре бастайтын көрінеді. Бұған біздің елде шығарылған жеңіл машиналарды да қосуға болады.

Айта кетейік, АҚШ пен Еуропа елдерінде және Жапонияда 7-10 жылдан асқан көлікті утильсборға өткізеді. Сондықтан дамыған елдердің көзімен қарасақ, біздің автожолдарда ылғи тозығы жетіп, қаусаған көліктер өріп жүрген болып тұр.

Рас, осыны түсінген жоғарыдағы шенеуніктер жеңіл автокөліктерді «жасартқысы» келеді-ақ. Оған байланысты арнайы бағдарлама да қабылдап, қарқынды жұмыс жүргізіп те жатыр. Алайда дендеп оңалып кетіп жатқан шаруа байқалмайды.

Үкімет 2016 жылы ескірген көліктерден құтылу үшін «Оператор ӨКМ» ЖШС-ті құрып, «тот басқан ескі-құсқылардың көзін жой» деп сенім артқан мекемесі көп ұзамай өзінің дәрменсіздігін танытты. Арыз-шағым, айқай-шу, тексеріс­тен кейін депутаттар мекеменің қоржынында 180 миллиард теңгенің жетпейтіндігін анықтады. Ойлап қарасақ, мұндай қомақты ақшаға 25 мың жарым корей автокөлігін сатып алуға болады екен.

Биылғы мамыр айында Үкімет «Оператор ӨКМ» ЖШС-тің есепшотында бұғатталып тұрған 198 миллиард теңгенің 100 миллиардын 4 пайызбен жеңілдетілген несиеге берілетін отандық автокөліктерді сатып алуға бөлді. Дегенмен басы жақсы басталғанмен, түрлі сылтаумен банктер әлі көп ешкімге ақша бермей жатқандықтан, бұл бастамаға да халықтың сенімі азайып бара жатқандай.

Жұрт неге наразы?

Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметі бойынша 23 мамырға дейін жоспарланған төрт банктің тек екеуі ғана жұмыс істеген. Олар осы күндері 2200 өтініш қабылдап, сараптауға жіберіпті.

Тағы бір айта кетерлігі, Үкімет «бұл жаңа бағдарлама, кезек те жаңадан болады» дегенмен, осындай 4 пайызбен жеңілдетілген көлік алуға 2015 жылы кезекке тұрып қойған адамдар да келіп наразылық білдіріп жатыр. Олардың айтуынша, «банк пен автосалон өздері кезекке қойып, көлікті таңдатып, таяу айда аласыңдар деген. Бірақ соңы құмға сіңген судай аяқсыз қалған. Енді келіп ол бағдарламаға бөлінген ақша бітіп қалды» деп бас тартып отырған көрінеді. Көп адам соған түсінбей сенделуде.

«Бұл біздің отбасымыз үшін жаңа автокөлік алатын жалғыз мүмкіндік еді. Алғашқы жарна төлемей-ақ таңдаған көлігімізге ие боламыз ба деп қатты қуанып едік. Енді, міне, қуанышымыз су сепкендей басылды. Бізді бұрынғы кезектен алып тастап отыр» дейді Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Қанат Ырысбаев.

Мойындау керек, көп адамдардың үміті ақталмай отыр. Оған бір бүйірден қысқан қымбатшылық пен инфляция да қолбайлау болуда. Күн сайын автосалондағы көлік бағасы да өсіп жатыр. Ал жеңілдетілген автонесие тек 10 миллионның ғана машинасын береді. Ал көліктің одан жоғары бағасын қалтаңыздан төлейсіз. Оған қоса, міндетті көпқырлы автосақтандыру мен сервистік қызмет көрсетуі, басқа да қосымша шығындары тағы бар. Егер он миллион теңгенің машинасын алатын болсаңыз, қалтаңызға тағы екі миллион теңге салып баруыңыз керек.

Енді, міне, биылғы ақпан айындағы утильалым дауынан кейінгі Үкіметтің ұстанымы осы болды. Аты жеңілдетілген болғанмен, бұл автонесиенің заты жеңілдетілген болмай тұр. Неге дейсіз бе? Өйткені шартта жазылған ережесімен күнделікті өмірдегі нақты ісі қабыспайды. Біріншіден, несиеге тек отандық көліктер беріледі. Ол мыналар: «Lada» бренд маркасы (құны шамамен 3,7-6,6 млн теңге аралығы) мен «Chevrolet» маркасы (5-9,4 млн). «Kia» (7-7,3 млн) мен «Hyundaі» (6,7-9,1 млн) маркалары. Бұған «JAC» (7-8,4 млн), «Renault» (7,4-8,3 млн) сияқты қытай көлігі де енген. Осы қатардан ресейлік «УАЗ»-ды да (7,3-8,4 млн аралығы) көруге болады. Айта кетейік, бұл тізімдегі маркалардың қымбат, премиум санатын несиеге ала алмайсыз. Тіпті алғанның өзінде де үстіне қалтаңыздан ақша қосасыз. Әрі жеңілдетілген кредит алу үшін сіз айлық жалақыңызды сол банктен алатын болуыңыз керек. Сосын «КАСКО» сақтандыру компаниясына жеті жылға бірден 1 миллион теңгенің үстінде ақша төлейсіз. Оның үстіне ұсынылған автокөліктің сапасы мен қазіргі бағасына көпшіліктің көңілі толмай отыр. Айтылып жатқан сын-ескертпе де көп.

Көзбояушылық емей немене?

«Рас, бізде ескі машина көп» деген әңгімені кейінгі кезде екінің бірі айтады. Алайда олардың қазіргі жаңа машиналарға қарағанда «сүйегі» асыл көрінеді. Ең кемі бес жыл, ал жекелеген маркалары он жылға дейін еш жөндеусіз жүре беретіні бар. Ал бүгінгі «отандық» деп айдар таққан автокөліктер әрі кетсе үш жылдан кейін салдырлап шыға келеді екен.

«Неге бұлай? Бұған қазақстандық банк те, шенеунік те кінәлі емес» дейді отыз жылдық тәжірибесі бар жүргізуші Ерлан Нұрымов. «Оған кінәлі – еліміздегі маркетологтар мен автомобиль шығарушы бизнесмендер. Сауатты да білікті инженерлер мен конструкторлардың орнын қазір солар басып алды».

1980 жылдардың басы мен 1990 жылдардың аяғына дейін автомобиль өндірісінде қызу бәсеке болды. Кім сапалы да сенімді өнім шығарса, соның тасы өрге домалап жүрді. Бірақ жаңа ғасырдың есігін ашқалы автомобиль өндірісі жекенің қолына өтіп, енді сапаға емес, қалтаның қамына жұмыс істейтін дәрежеге құлдилады. Бүгінде автоөндірісшілер мен дилерлер автокөлік сатқаннан гөрі сервистік қызмет көрсету мен қосалқы бөлшектер сатудан анағұрлым мол пайда түсіретіні ешкімге құпия болмай қалды. Сондықтан кейінгі кезде зауыттарда автокөлік құрастыруда бұрынғыдай қатаң сападан гөрі көбірек машина шығарып, аздан да, көптен де үнемдеу мәселесі бірінші орынға қойылады. Соның салдарынан қозғалтқыштың көлемі кішіре­йіп, салмағы азайды. Шанақтары жұп-жұқа металдан құйылады. Ал мұндай асығыс-үсігіс, тек әйтеуір қалайда сату үшін шығарылатын автокөліктер сырттай жылтырап тұрғанмен, көп әріге бармайды. Бір-екі жылдан кейін техникалық қызмет көрсету стансаларының табалдырығын тоздырып жатады. Мұндай көзбояушылық кімге керек?

Мойындау керек, бүгінде жеңіл автокөліктің әлеуметтік маңызы бұрынғы қай кезден де артып отыр. Өйткені қала мен қаланың, ауыл мен ауылдың арасында қатынайтын автобустардың орнын қазір осы жекеменшік көлігі бар жолаушы тасымалдаушылар алмастырған. Осыны жете түсінген Үкімет халыққа жақсылық жасағысы келді. Алайда нақты ойластырылмаған мемлекеттік бағдарламадан ши шығып, керісінше, көпшіліктің наразылығын туғызып отыр. Енді құзырлы органдар осыны нақты жолға қойып, барлық кемшілікті реттеп, автокөлік нарығы дағдарысын жою мүмкіндігін қарастыруы керек-ақ.

 

 

 

 

Тағыда

Таңатар Төлеуғалиев

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button