Басты ақпарат

Марғұлан мұражайының мақтанышы

«Өлдi деуге бола ма ойлаңдаршы, өлмейтұғын артына сөз қалдырған» деп данышпан Абай сөздiң де, ойдың да жүйесiн келтiрiп, қалай тауып айтқан?! Соңына жақсы iсi мен сөзiн қалдырып, ұлттың ұлы мұраты үшiн жанын сала аянбай еңбек еткен ұлы тұлғалардың бiрi – Әлкей Марғұлан.

Мектебiмiз ғалымның атында болғандықтан, әмбебап ғалымның көзi тiрiсiнде тұтынған әрбiр дүниесi – бiз үшiн қымбат. Сондықтан да Әлкей Марғұлан мұражайының қорын үнемi бағалы мүкәмалдармен толықтырып отыру мұражай кеңесiнiң де, мектеп әкiмшiлiгiнiң де басты мiндетi болып келедi.
Ғалымның кең-дария мұрасына иелiк етiп, соңында қалған тұяғы Дәнел Әлкейқызы мектеп мұражайына құнды жәдiгерлердi тарту еттi. Ғалымның көзi тiрiсiнде өзi пайдаланған дүиелерiнiң iшiнде ұлттық нақышпен оюланған алқызыл шапаны, зерленiп, кестеленiп тоқылған тақиясы, сапалы матадан тiгiлген шетелдiк костюм-шалбары, қайыс белбеуi, ұзақ жылдар бойы көз майын тауысып, ел тарихына қатысты небiр құнды еңбектердi дүниеге әкелген «Оptima» жазу машинкасы, алпыс жылдық мерейтойына сыйға тартылған орыс ғалымы Ломоносовтың қола мүсiнi, жетпiс жылды-ғына арнайы дайындалған портретi бар.
Ғалымның үлкен байлығы – өмiр бойы тiрнектеп жинаған кiтапханасы. Күзде екi жүзден астам ғылыми кiтабы Еуразия ұлттық университетi жанындағы «Отырар» ғылыми орталығына табысталған едi. Осы жолы да екi жүзге жуық әртүрлi басылым қорға қосылды. Айтар болсақ, Райхан Сәтпаеваның «Дорогому Алькею Хакановичу от Райхан и Есен. Ленинград. 21.04.1947», Валентина Әуезованың «Дорогому другу Алькею на память о студенческих годах в Ленинграде. 27.06.1964», Болат Сарыбаевтың «Ақылшы, қамқоршы аға буын уәкiлi қадырмен Әлекеңе зор сыйластық белгiсi ретiнде ұсынамын. 13.04.1978» деп жазылып, қол-таңбасы қойылған кiтаптар бар.
Құжаттар арасынан сарғайған газет материалдарының қиындылары көп кездеседi. Археология мен этнография, ел тарихына байланысты жарық көрген материалдарды ғалым сүзбеден өткiзiп оқып, жинақтап отырған. Үлгi болатыны – үлкен-кiшi деп бөлмей барлығын оқыған, тiптi, бiрiншi курс студенттерiнiң де мақалаларын қағыс қалдырмаған.
Сонымен бiрге, Дәнел Әлкейқызы әр жылдарда өткен ғылыми кеңестер мен конференциялардың, Марғұлан оқуларының материалдарын мұражай қорына табыстады. Мектептегi Әлкей Марғұлан мұражайы жас жеткiн-шектердiң қызыға келiп, рухани нәр алатын тәрбие ордасы болады деп сенемiз.
Iсбек БЕРIКХАН,
Әлкей Марғұлан атындағы №40 орта мектептiң мұғалiмi

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button