Елорда тынысы

Өңірлік жәрмеңкелер аяқталды

Астанада ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің өңірлік жәрмеңкесі өз мәресіне жетті. Оны Ақмола облысының кәсіпкерлері аяқтады.

Соңғы жәрмеңке Тұран даңғылы, 48 мекенжайындағы «Астана Арена» стадионының жанында өтіп, оған Аршалы, Астрахан, Ерейментау, Егіндікөл, Есіл, Жақсы, Жарқайың, Қорғалжын, Целиноград аудандары мен Қосшы, Степногорск және Көкшетау қалаларының кәсіпкерлері қатысқан болатын. Ал өткен демалыста, яғни 3-4 қараша күндері Қарағанды және Ұлытау облыстарының аграршылары ауа райының нашарлауына байланыс­ты елордаға келе алмады.

Жалпы, биылғы жәрмеңке қыр­күйектің 2-де басталып, оған 15 өңірден аграршылар қатысты. Осы күндері 10 мың тоннаға жуық өнім сатылды. Жылдағы дәстүр бойынша осы күзде де Астанада өткен жәрмеңкеге әр облыстан 50-70 фермер келіп, елордалықтарға өз өнімдерін ұсынды. Соңғы уақытта олардың саны артуда.

Бас шаһарда өңірлік ауыл шаруа­шылығы жәрмеңкесін өткізу жақсы дәстүрге айналды. Мұндай игі іс-шараның басты мақсаты әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерін делдалсыз, нарық бағасынан 10-15 пайыз төмен бағамен сату арқылы қала тұрғындарына уақыт пен ақшаны үнемдеуге мүмкіндік береді. Бұл ретте оңтүстік аймақтар бақша дақылдарымен, ал батыс өңірлері балық және солтүстік облыстар ет өнімдерімен танымал екені белгілі. Жәрмеңкеге арналған ассортиментті ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер өздері таңдайды.

Алғашқы болып елордаға Түркістан облысының 70-ке жуық ауыл шаруа­шылығы өндірушілері 556 тонна өнім әкелсе, Атырау мен Жамбыл облыс­тарының аграршылары бұл жолы жәрмеңкеде 300 тоннаға жуық өнім ұсынды. Олардың арасында жылқы, сиыр, қой және тауық еттерімен бірге шұжық өнімдері, сүт өнімдері, кондитерлік өнімдер, макарон өнімдері, балық, көкөністер мен жемістер мол болды. Одан соң Батыс Қазақстан облысы мен Қызылорда облысының тауар өндірушілері елордалықтарға азық-түліктің кеңейтілген ассортиментін ала келді. Алматы облысының тауар өндірушілері Қонаев қаласы мен облыстың 9 ауданының атынан қатысып, жалпы сомасы 205,7 млн теңгеге 186,4 тонна ауыл шаруашылығы өнімін, Жетісу облысының Талдықорған және Текелі қалаларынан, сондай-ақ 8 ауданнан келген шаруалар 500 млн теңгеге 214 тоннадан астам тауар ұсынды. Павлодар мен Абай облыстарының шаруалары жалпы көлемі 700 тоннаға жуық 40 түрлі өнім әкелген болатын.

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың айтуынша, бұл жолы жәрмеңкеге осы өңірдің 100-ге жуық тауар өндірушісі жалпы көлемі 300 тоннадан аса 50 түрлі өнім жеткізді. Олардың қатарында 100 тонна ет және шұжық өнімдері, 2 тонна жаңа ауланған балық, 400 мыңнан астам жұмыртқа, 20 тоннаға жуық сүт және сүт өнімдері, 25 тоннадан астам ұн, 50 тонна картоп, көкөніс және басқа да өнімдер мол болды.

Шығыс Қазақстан облысының жергілікті фермерлері мен тауар өндірушілері әкелген өнімдердің ішінде астаналықтар үшін табиғи балдың орны ерекше. Бұл жолы осы облыстың шаруалары елорда тұрғындарына 49,2 тонна бал, 2 тонна шұжық өнімдері, 8 тонна сүт өнімдері, 16 тонна өсімдік майы, 3 тонна ұн мен жарма, 9 тонна балық, 29,8 тонна мал, құс еті, 4 тонна қымыз және ұлттық өнім түрлерімен бірге 700 литр алкогольсіз сусындар жеткізсе, Солтүстік Қазақстан облысының 110 үздік кәсіпорны шамамен 733 тонна өнім ала келген. Олардың арасында картоп пен көкөністердің түр-түрі, тауық жұмыртқасы, ет және құс өнімдері, балық, сондай-ақ жарма түрлері мол болды.

Көкөніс, жеміс-жидектің пісетін уақытында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыру мақсатында ұйымдас­тырылған биылғы жәрмеңке осылайша аяқталды.

Тағыда

Гүлбаршын Өкешқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button