Әлеумет

Мейірімді мейірбике

Астана – жүрегі мейірімге толы дәрігерлер мен мейірбикелер мекені. Есіл ауданына қарасты Т.Шевченко көшесінің бойында орналасқан №4 қалалық емхананың бас мейірбикесі, 40 жылдық жұмыс тәжірибесі бар Бахыт ҚАСЕНОВАМЕН жолығып, еңбек жолы туралы сұраған едік.

«Медицинаға келу себебім – жүрек қалауы, негізі. Отбасымызда медицинаға қатысы бар ешкім болған жоқ, бірақ осы мамандықты өзім аттай қалап, қалаға оқуға бардым. 1980 жылы Қарағандыдағы медицина училищесіне құжат тапсырдым. Ауылдан келген 5 қыздан 3 қыз емтиханнан сүрінбей өтіп, оқуға қабылдандық. Әкем ауырғанда қасында болып, бар білгенімді жасадым, сонда әкем батасын беріп: «маңдайыңа мұғалім емес, медицина қызметкері болып маған қызмет ету бұйырған екен, шүкір» деп қуанғаны әлі есімде» дейді Бахыт Ғабдолқызы.

1983 жылы ол базасы мықты Қарағанды медицина училищесін бітірді. Олай дейтініміз – оқу орны қаладағы бүкіл емхана-ауруханамен байланыста жұмыс істеді. Ұстазы, топтың кураторы Алла Бикенқызының мамандығы жоғары білікті педиатр болатын.

Алғашқы тәжірибе

Медбике ретіндегі бірінші практикасы Қарағандыдағы №1 қалалық ауруханада өтті. Михайловкада орналасқан емдеу орнындағы эндокринология бөлімінде тәжірибелі медбикелер жанымызда тұрып дәрі егуді, система салуды үйретті. Кешке қарай қаладағы сәбилер үйіндегі мейірбикелерге көмекке жіберетін. Сонда ата-анасы тастап кеткен, церебралды cал ауруына (паралич) ұшыраған балаларды көріп жаны ашитын. Бейкүнә, нау­қас сәбилерді көбіне толық емес отбасыдан – күйеуінен ажырасқан әйелдер, ішкен немесе үй-күйі, жағдайы жоқ адамдар сәбилер үйіне әкеп тастап кететін. «Бас медбике жақсы өткен практикамызға қанағаттанды ма, бізді жұмысқа да шақырды» дейді Б.Ғабдолқызы.

Алғаш жұмыс істеген жері – Павлодар облысы Баянауыл ауданында учаскелік мейірбике. Бұдан кейін медицина саласының қыр-сырын меңгерген тәжірибелі маман Целиноград қаласына келіп, өндіріс алыбы – «Целинсельмаш» зауытында медицина ем-шарасын қабылдау кабинетінде жұмыс істей бастайды. Кәсіби шеберлігін арттыру мақсатымен 1997 жылдан 2007 жылға дейін Екібастұз қаласындағы психоневрология­лық диспансерде бас медбике қызметін атқарады. Емханасы мен стационарлы бөлімшесі бірге бұл ерекше диспансерде еңбек ету оған оңай болмады. Науқастарының жазылуы қиын, күрделі жұмыс екені түсінікті. Эпилепсия, шизофрения сияқ­ты жазылмайтын ауруларды күнде көру, сол ұжымда еңбек ету жеңіл емес еді.

Ерекше емхана

Бахыт Ғабдолқызы 2008 жылдан бастап елордадағы №4 емханада бас мейірбике болып жұмыс істейді. Учаске бойынша тіркелген тұрғындарға қызмет көрсетеді. Емі ерекше емханада 320 мейірбике, 46 кіші медқызметкер бар. Олардың 60 пайызынан астамы – 20-25 жыл еңбек өтілі бар тәжірибелі маман, 20-25 пайызына жуығы – оқуды енді бітіріп келген жас маман. Бас мейірбике емханадағы медицина қызметкерлерін әкімшілік жұмысқа алу, әңгімелесу, кәсіби біліктілігін тексеру жұмысын жүргізеді. Талабы бар, үйренем деген жастарды жаңа орынға бейімдеу бағытына басшылық жасайды.

«Өмір ғой, кейде мейірбикенің ауыр жұмысынан шаршап, басқа мамандыққа ауысу ойыңызда болмады ма?» деген сауалымызға ол былай деп жауап қатты:

– Шынымды айтсам, бір рет қатты қиналған сәтімде бір ай басқа салаға барып жұмыс істеп көрдім. Сосын «бұл менің ісім, менің қалауым емес екен, менікі емес!» деген тоқтамға келдім де, қайта өз кәсібіме оралдым.

Сүйікті кәсібінен нәсібін тапқан Бахыт Ғабдолқызы ерен еңбектің арасында жүріп, уақыт тауып, білімін жетілдіре түсті. 2000 жылы мейірбикелер арасындағы жоғары дәрежені бағындырды, мерзімсіз жоғары санатты растап, 2008 жылы «Эмили» атындағы мейірбикелер даярлайтын институтта менеджмент мамандығын бітіріп, диплом алды. Бүгінде кәсіби еңбектің жемісті 40 жылын абыройлы атқарып, мейірбикелер арасында зор мәртебеге ие болып жүр.

Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button