Басты ақпаратЭкономика

ӨЗ ӨНІМДЕРІМІЗ ӨТІМДІ

мадеин каз

Елбасы Н.Назарбаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында отандық өндірушілерді қолдауға шақырып, «Қазақстанда жасалған» акциясын қолға алу мәселесін көтерген болатын. Көп ұзамай жаппай ірі сауда желілерінде отандық тауарлар ең көрнекті әрі ыңғайлы жерге орналастырылып, өнімнің тұтынушысына жетуіне жете мән берілді. Акция барысында анықталғандай, нан-тоқаш және ұн, макарон, кондитерлік өнімдерге, нан, ет-сүт, ұнтақ жарма, жұмыртқа тағы басқа күнделікті тұтынатын азық-түлік тобында тек өзімізде өндірілген өнімдердің өтімді екеніне көзіміз жетті.

Отандық тауарларды насихаттау тек сөрелерді өз өнімдерімізбен толтыру ғана емес, орта және шағын бизнесті қолдау болып табылады. Ал шағын және орта бизнес – тұрғындардың табысын арттыратын және еңбекпен қамтамасыз ететін нақты сала. Астана қаласы бойынша 60 мыңға жуық  шағын және орта бизнес субъектілері белсенді  жұмыс істеуде. Онда 233 мың адам еңбек етеді екен. Айта кетсек, өткен жылдың өзінде ғана шағын және орта бизнес саласында 34 мың жаңа жұмыс орындары құрылыпты.

– Ел Президентінің үндеуінен кейін, «Қазақстанда жасалған» акциясын алғаш­қылардың бірі болып «А2» супермаркеттер желісі қолдап, дүкендерінің бірінде арнайы промоушн сөре аштық. Қаладағы жеті бірдей дүкенімізде көп сатылатын тауарлардың дені тек отандық өнімдер. Осыдан екі жыл бұрын ғана басталған кәсібіміздің өркендеуіне өзіміздің елде өндірілген тауарларды сатудан түскен пайданың үлес салмағы елеулі болды десек жаңылмаспыз, – дейді «А2» супермаркеттер желісінің  әкімшісі  Күміс Толыбек.

«Қазақстанда жасалған» акциясын қолдаған қалалық супермаркеттердің қатарында «Бахус-центр» де бар. Оған қарасты «5 минут» сауда орындары қа­лалықтарға жақсы таныс. «Қазақстандық өнімдердің сапасы мен бағасы және оның лайықты безендірілуі тұтынушылардың ойынан шығуы тиіс» дейді осы орталықтың директоры Валентина Кацендорф. – Шетелдік бәсекелестермен салыстырғанда, қазақстандық өндірушілер көш бастап келеді. Ұн-бидай өнімдері бо­йын­ша тек қазақстандық өндірушілермен жұмыс істейміз. Сатылымдағы нан-макарон өнімдерінің 100 пайызы отандық өнімнен тұрады. Жарма, өсімдік майы бойынша қазақстандық өндірушілердің  тауарлары 65 пайызды құрайды. Ал бақша өнімдері және жылқы, сиыр, қой еті түгелдей осы төңіректен келеді. Біздің дүкен желілерінде тиімді логис­тика жолға қойылған. Тұтынушыларымызға бағасы жаққан өнім­дердің дүкен сөрелерінен үзілмеуін қадағалаймыз. Ондай тауарлардың тұсына  «Қазақстанда жасалған» деген түрлі-түсті жарнама жазулар жазылып қо­йылады. Бұл қазақстандық өнімді ерекшелеп, тар­тымдылығын арттырады. Егер жаңа өнім шықса да, оның  тұтынушыларына тез же­туіне барлық жағдай жасап, жарнамасына көңіл бөлеміз, -дейді директор.

– Бастаманың өзі көңілге мақтаныш ұя­латады. Өз жерімізде өндірілген өнімнің қадірін арттыратын осы идеяны Елбасы
тегін көтеріп отырған жоқ. Себебі, біздің ауыл шаруашылығы өнімдеріміз экологиялық тұр­­ғыдан таза деп бағаланады. Яғни, «жасыл эко­номика» деген ұғыммен ұштасып, түрлі хи­миялық заттармен, дәмдеуіштер мен сақтау мерзімін арттыратын заттармен бүлінбегені үшін осы  талапқа сай келіп отыр. Бұл – біздің өнімдердің сапасының белгісі. Дегенмен, бәсекеге сай болып, нарық шеңберін кеңейту үшін мемлекет тарапынан түрлі салықтық жеңілдіктер, субсидиялар тағы басқа да қолдау шаралар көрсетілсе, біздің елдің өнімі үлкен нарықта өз  орнын тауып, бәсекеге төтеп бере алар еді, – дейді кәсіпкер Меруерт Әбдалиева.

Әрине, тұтынушылар мен кәсіпкер­лердің де қолайына қатар келген бастама жалғасын табуда. Оның бір акция шеңберінде қалмай, өзіміздің өнім­дерді сатып алуға деген патриоттық құлшы­нысымыздың қалыпты дәстүрге айналатын күні де алыс емес деп болжаймыз.

 

Айгүл УАЙСОВА

Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button