Басты ақпаратҚала тіршілігі

Қала орталығында қандай мәселе бар?

Сауран, Сығанақ, Достық, Қонаев, Мәңгілік Ел, Ұлы дала, Керей мен Жәнібек хандар сияқты сол жағалаудағы бірқатар беткеұстар көшенің тұрғындарымен қос кездесу өткізген Есіл ауданының әкімі Төлеген Закарьянов тұрғындар алдындағы есеп беру жиынын қорытындылады.


Бұған дейін «Пригород», «Үркер» тұрғын алаптары сияқты шеткі аймақтардың тұрғындарымен жүздескен аудан басшысы жұртшылық алдында 7 рет есеп берді. Шаһар шетіндегі кездесулерде тұрғындар біраз түйткілдің басын ашты. Ал республикалық әкімшілік құрылымдар орын тепкен елордадағы беткеұстар көшелердің тұрғындарын не толғандыруы мүмкін? Өйткені бұл көшелердің жолдары тақтайдай тегіс, шамдары самаладай жарық екені белгілі. Бірақ мұнда да түйі­ні тарқатылмаған түйткілдер бар екен. Мұндағы гәп тұрғын үйлерінде көрінеді. Мысалы, Бөкейхан көшесінің бойындағы «Нұрқанат» тұрғын үй кешенінің жедел сатысы күн сайын сынып, жертөлесі суға толып кетеді екен. Осында 12 жылдан бері тұрып келе жатқан Анар Қасенова қар ерісе, түн ұйқысы төрт бөлініп, сары уайымға салынатынын айтады. Бұл мәселені реттеу үшін алдымен тұрғындар, әсіресе, пәтер иелері жұдырық болып жұмылып, құзырлы органдарға бірге жүгіну қажеттігін айтқан Төлеген Закарьянов қолдауға әркез дайын екенін жеткізді.
Өз кезегінде «Арнау Premium» тұрғын үй кешенінің тұрғыны Сырым Ғаббасов:
– Бізде бәрі жақсы. Тек үйіміздің бірінші қабатына «Nasa» деп аталатын компьютерлік клуб ашылғалы бері соңғы 8-9 ай тыныштығымыз бұзылды. Түнімен жас балалар улап-шулап, бір-бірімен ерегісіп жатады. Тиісті органдарға хат та жолдадық. Осы мәселені бақылауға алсаңыздар, – деді.


Бұл сұраққа аудан әкімі жұмаға дейін жауап беруге уәде берді. Ал Александр Погорелов Мәңгілік ел мен Түркістан көшелерінің ортасында орналасқан Қарағанды облысының елорданың 20 жылдығына тарту еткен «Қазақ еліне мың алғыс» аллеясының шамдары неге сөніп жатқанын сұрады. Жақын арада осы аллеямен қатар, «Мәңгілік Ел» салтанат қақпасының айналасындағы шамдардың одан әрі жарқырай түсетінін айтқан әкім аудандағы бірқатар жаңа нысанның әзірге әкімдіктің қарамағына берілмегенін тілге тиек етті.
Жалпы, екі жиында да жеке өтініштер мен әкімдік жұмысына алғыс айтушылар болды. Сұрақтарға жауап беру барысында Төлеген Закарьянов:
– Біз «тұрғын үйлерді салудан көш бастап тұрмыз» деп мақтанып, құрылыс­тарды тезірек аяқтауға, оған тұрғындарды тезірек қоныстандыруға асығамыз. Бірақ асығыстықтың салдарынан біршама үйдің инфрақұрылымы дұрыс емес. Су жетпей жатады. Қателеспесем, Есіл ауданында 16 тұрғын үйдің аялдамаға шығатын жолдары әлі аяқталмаған. Сол себепті олар көктем кезінде аялдамаға дейін аяқтарына дорба киіп шығуға мәжбүр. Ондай мәселелердің барлығынан хабардармын. Мұның бәрі рет-ретімен шешіледі. Айтқан өтініш-тілектеріңіз назардан тыс қалмайды. Алдағы уақытта айтылған мәселелер бойынша жұмыс жүргізетін боламыз, – деді.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button