Қала мен Сала

Қар тазалау қарқынды жүргізілуде

Астана қысы биыл да былтырғыдай қарға қарық қылғалы тұр. Демалыс күндері бір тынбастан жапалақтап жауған ақ ұлпа елорданы қалың құшағына алды. Коммуналдық қызметтердің күшейтілген режимде жұмыс істеуінің арқасында тек өткен бір тәулікте ғана қала аумағынан 72 мың текше метр қар шығарылды. Оған 1 мыңнан аса техника мен 250-ге жуық адам жұмылдырылды.

Ал кеше Нұр-Сұлтан қаласының 4 ауданы бойынша 1 315 техника мен 2 мыңға жуық жұмысшы жол мен аулаларды қардан тазалауға шықты. Шаһарды қардан аршудың қарбаласы негізінен ел аяғы басылған түнгі уақыттарда басталады. Себебі жол тазалаушылар күндіз әрлі-берлі жүретін жүргіншілерге, көліктерге кедергі келтірмеуге тырысады.
Бұл күндіз қар тазалау жұмыстары ұйымдастырылмайды деген сөз емес. Күндізгі ауысым таңғы алтыда басталып, кешкі сағат беске дейін жалғасады. Екінші ауысымдағылар қызметіне түнгі уақытта кіріседі.

– Күндіз жұмыс істеуге көліктер кедергі жасайды. Бірақ қар тазалап жүрген біз де оларға кедергі жасаймыз. Жолдарын жабамыз. Әрине, мұның бәрін еріккеннен емес, еріксіздіктен, жолдардың тазалығы үшін жасаймыз. Осыған байланысты көлік жүргізушілер темір тұлпарын жол жиегіне қалдырмау керек екенін ескертеміз, – дейді «Астана Тазалық» ЖШС қызметкері Дархан Ибраев.
Қазір елорданың коммуналдық қызметі қар жинау жұмыс­тарын күшейтілген режимде жалғастыруда.
Бірінші кезекте ереже бойынша, кептеліс болмауы үшін көлік қозғалысы өте көп жерлер тазартылады. Онда да қауіпсіздік үшін алдымен магистральдар мен көшелердің – өр және еңіс жолдары, шұғыл бұрылыстары, көпірлер, тоннельдер, көше қиылыстарындағы және қоғамдық көлік аялдамаларындағы тежеу алаңдары тазаланады. Одан әрі орташа қозғалыс учаскелері – алаңдар, вокзал маңындағы аумақтар ақ ұлпадан аршылады.
Қала жолдарының жаяу жүретін бөлігі тайғаққа қарсы материалдармен өңделеді, ол қар жауа бастағаннан бастап себіледі. Егер бірінші цикл аяқталғаннан кейін қар жауа берсе, қажетті жұмыстар қайталана береді.
Жиналған қар қаланың барлық аудандарында орналасқан 11 полигонға тасымалданады. Полигондарда бақылауға арналған фото-бейнекамералар орнатылған.

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button