Жаңалықтар

«Қауіпсіз еңбек» жазатайым жағдайларды азайтады

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің баспасөз орталығында өткен брифингте Нұр-Сұлтан қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының бөлім басшысы Мұрат Шәкенов «Қауіпсіз еңбек» жобасы іске қосылғанын жариялады.

Өндірістік жарақаттанудың, кәсіптік ауру-сырқау, адам өлімімен аяқталатын жазатайым жағдайлардың деңгейін азайтуға бағытталған жоба бойынша Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің жанынан құрылған жұмыс тобына прокуратура, қалалық полиция департаменті, мемлекеттік кірістер департаменті, Еңбек инспекциясының қызметкерлері кіреді. Биыл мемлекеттік еңбек инспекторларымен 84 алдын алу іс-шарасы өтіп, ол 2000-нан аса адамды қамтыған. Халықты ақпараттандыру маңызды болғандықтан, еңбек инспекциясымен әлеуметтік бейне роликтер әзірленуде. Мысалы, қауіпсіздік техникасы нормаларын сақтау қажеттілігі туралы қаланың LED экрандарында көрсетілуде. Бұл бағытта «BI Group», «Базис» сияқты ірі құрылыс компанияларының тәжірибелері қолданылуда.
2019 жылдың басынан бері еңбек инспекторларының талаптары негізінде Нұр-Сұлтан қаласының 8 құрылыс және өндірістік нысандарында жұмыс тоқтатылып, материалдар сотқа жолданған. Нұр-Сұлтан қаласы Кәсіподақ орталығының төрағасы Тастанбек Есентаев орын алған қайғылы оқиғалардың жұмыс берушілердің салғырттығынан болып отырғанын айтады. «Жұмыс берушілер жұмысты дұрыс ұйымдастырмаған, қызметкерлерге еңбек қауіпсіздігін түсіндірмеген, қолданыстағы техникалары ескірген. Астаналық кәсіподақ жанынан ашылған медиация (ымыраласу) орталығында әділдік іздеп келген жұмысшыларға медиациялық көмек көрсетеміз. Жыл басынан бері орталыққа 5 мың адам шағымданып, 100 адам сотқа жүгінді. Қалғандары өз мәселесін толық шешті» деген Тастанбек Есентаев бұл мәселеде басты мақсат – еңбек адамының мүддесін қорғап, еңбек шартына сәйкес әрекет ету екендігін айтты.

Жадыра ШАМҰРАТ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button