Басты ақпарат

Үлкен Еуразия: Сенім мен серіктестік

Елордада «Үлкен Еуразия: Диалог. Сенім, Серіктестік» атты Еуразия елдері парламенттері спикерлерінің IV кеңесі өтті. Бұл форумға Еуропа мен Азияның 65 елінен келген парламенттік делегация, оның ішінде 41 парламент спикері және 14 халықаралық парламенттік ұйымдар өкілдері қатысты. Мұндай ауқымды жиын елімізде алғаш рет өтіп отыр. Және ол Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Еуразиялық интеграция туралы идеясына ширек ғасыр толуымен орайлас келді.

 БЕЙБІТШІЛІКТІҢ САҚТАЛУЫ ДЕРЖАВАЛАРҒА БАЙЛАНЫСТЫ

Кеңестегі ­Қазақ­­стан­­ның ұстанымы – Еуразияны елдер арасында болатын қарама-қайшылықтарға, сондай-ақ жаһандық қауіп-қатерлерге қарсы бірлесіп, ұжымдық шешу алаңы ретінде серіктес­тіктің түбегейлі жаңа моделін енгізу. Жиын барысында Еуропа мен Азия парламентшілері еуразия­лық кеңістіктің қауіпсіз және тұрақты дамуын қамтамасыз ету жолдарын және XXI ғасырдың ірі интеграциялық экономикалық жобаларын жүзеге асырудың жолдарын талқылады.
Форумның тізгінін ұстаған Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин маңызы зор форумға алыс­тан ат арытып келген қонақтарға қазақ елінің бас шаһары – Нұр-Сұлтан қаласына келгендеріне ризашылығын білдіріп, бұл жиын заң шығарушы органдар арасында жан-жақты диалог орнатуға, өзара сенімді нығайтуға, парламентаралық ынтымақтастықты одан әрі күшейтуге кең жол ашады деп сенеміз ,– деді.
Ауқымды жиынға Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы ­Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, қазақ жеріне келген қадірменді меймандарды көргеніне қуанышты екенін жеткізді.
Тұңғыш Президент жиналған қауымның алдында еліміздің тәуелсіздік жылдарында жеткен жетістіктеріне тоқталып, одан кейін континент елдері арасындағы еуразиялық диалогты, сенім мен әріптестікті нығайту жөнінде бірқатар ұсынысын айтты. Елбасы өз сөзінде парламентарийлер дауысы континентте айқын әрі қаттырақ шығуын қолдайтынын жеткізді.
– Өткен жылы «АСЕМ» форумында және биылғы Бейжіңдегі «Бір белдеу –бір жол» 2-ші форумында Ресей, Қытай, АҚШ және Еуропалық одақ арасында диалогты бастау туралы ұсындым. Бейбітшіліктің сақталуы осы державаларға байланысты. Тарихтағы үлкен дүниежүзілік соғыстардың өзі келіссөзбен аяқталған. Қазіргі осы елдер арасындағы текетірес пен сенімсіздік барша әлемді алаңдатып отыр. Сондықтан осындай ұсынысты жасап отырмын. Бұл мемлекеттердің басшылары адамзаттың болашағы, халықаралық тұрақтылық пен қауіпсіздік үшін өздерінің ерекше жауапкершілігін сезінеді деп сенемін. Төрттіктің саяси көшбасшылары ерік-жігер танытып, ғаламшардағы шиеленісті бәсеңдету үшін қажетті жолдарды іздеуі керек, – деді Елбасы.
Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев жаппай қырып-жою құралдарын пайдалануға жол берілсе, бұл өркениетке айтарлықтай зардабын тигізетінін айтты.
«Осы жағдайда барлық адамдар ядролық қарусыз­дану бойынша жаһандық күреске белсенді түрде қосылып, ғаламшардағы тіршілікті қорғауы тиіс» деді.
Тұңғыш Президент: «Халықаралық қоғамдас­тық үшін зор мәні бар құжаттары ратификация­лау ісіне белсенді түрде араласу қажет. Мәселен, 192 мемлекет қол қойған климат жөніндегі Париж келісімін әлі де көптеген тараптар ратификациялаған жоқ. Біз ғаламшардың жылынып, үлкен апаттың жақындап келе жатқаны жайында жиі естиміз. Бірақ оның алдын алу үшін ештеңе жасап отырғанымыз жоқ» деп атап өтті. Елбасы ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарт, ядролық қаруды таратпау және басқа маңызды құжаттар туралы да осындай ахуал орын алып отырғанын айтты. Сонымен бірге Нұрсұлтан Назарбаев электронды және крипто-әмианды пайдалану арқылы интернетпен есірткі сату ісіне заңнамалық тосқауыл қою мәселесін де көтерді.

ЖАҺАНДЫҚ ҚАУІП-ҚАТЕРГЕ НЕМҚҰРАЙЛЫ ҚАРАМАЙЫҚ

Келелі кеңес төрт пленарлық отырысқа бөлінді. Пленарлық отырыстарға Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин, Ресей Федерациясы федералдық жиналысы Мемлекеттік Думасының төрағасы Владимир ­Володин, Корея Республикасы Ұлттық Ассамблеясының төрағасы Мун Хи Сан модераторлық жасады.
Ресей федаралдық жиналысы Мемлекеттік Думасының төрағасы Вячеслав Володин форумдағы негізгі талқыланатын мәселелерге тоқталып, әлем елдеріндегі парламент мүшелерін жаһандық қауіп-қатерге белсенді ден қоюға шақырып, халықаралық келісімдер мен уағдаластықтарды сақтауда проблемалар бар екенін баяндады.
Корея Республикасы Ұлттық Ассамблеясының төрағасы Мун Хи Сан форумда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа Еуразиялық интеграция туралы идеяның іс жүзінде жүзеге асуына бастамашы болғанына алғысын білдіріп, қазақ жерінде өтіп отырған төртінші кеңестен тың ұсыныстар мен жаңа бастамалар күтеміз,– деді.
«Осындайда Ресейдің «Восток», Қазақстанның «Нұрлы жол», Кореяның «Солтүстік және Оңтүстік» жобаларын жан-жақты пішілген бастамалар деп бағалауға болады. Бұл жобалардың жүзеге асуы өз елінде ғана емес, Еуразия кеңістігінде үлкен маңызға ие. Мұндай ауқымды жобалар мемлекеттер арасындағы достық пен ынтымақтастық негізінде іске асады. Сондықтан өзара келісімнің жалғасын табу келешек үшін мәні зор» деді Мун Хи Сан.
Былтыр осындай жиын Анталия қаласында өткен болатын. Сондықтан бауырлас елден келген Түркия Ұлы Ұлттық жиналысының спикері Мұстафа Шентоп аталған кеңестің жыл сайын арнасы кеңейіп, қатысушылардың үлесі көбейіп келе жатқанын айтты. Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы Тұрақты комитетінің спикері Ли Чжаньшу өз сөзінде мемлекеттер арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды жандандырып, халықтардың жақындасуына ықпал етуге мән беру керек екенін атады.Словакия ұлттық кеңесінің төрағасы Андрей Данко Еуразия­лық кеңістіктегі мемлекеттер алдындағы міндеттерді күш-жігерді біріктіру арқылы ғана шешуге болады деген тарапта ой қозғады. Сондай-ақ басқа да сөз алған парламенттер спикерлері, халықаралық ұйым басшылары болашақ Еуропаны бейбітшіліктің, ынтымақтастық пен өзара іс-қимылдың, ортақ құндылықтар мен бірдей мүмкіндіктердің біртұтас кеңістігі ретінде ортақ көзқарасты қалыптастырып, Еуразия кеңістігінің бүгіні мен болашағы туралы диалогты дамыту төңірегінде маңызды мәселелерді ортаға салды.

БЕСІНШІ КЕҢЕС ИНДОНЕЗИЯДА ӨТЕДІ

Жиын соңында Еуразия елдері парламенттері спикерлерінің IV кеңесінің қорытынды құжаты қабылданды. Парламент Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин: – Бүгінгі форумда Еуропа мен Азия елдері парламенттерінің спикерлері бірлескен мәлімдеме қабылдап, осы құжатта Нұрсұлтан Назарбаевтың Еуразиялық идеяның авторы және бастамашысы ретінде тарихи рөлін бекітті. Бұл шын мәнінде, Елбасымыздың, бүкіл Қазақстанымыздың жоғары халықаралық абырой-беделінің көрсеткіші дей келіп, – Кеңесте талқыланған тақырыптар ауқымы өте кең болды. Оның ішінде аймақта бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайту, терроризм мен экстремизмге қарсы іс-қимыл, өркениет пен мәдениет диалогын күшейту, парламентаралық ынтымақтастық, инновациялық экономиканы дамыту, цифрландыру, әлеуметтік мәселелердің шешімі қамтылды. Еуразия кеңістігінде табысты ынтымақтас­тықты кеңейту және нығайту үшін көптеген нақты ұсыныстар мен тәжірибелік ұсынымдар айтылды, -деді Мәжіліс спикері. Одан кейін сөз алған Ресей Федерациясы федералдық жиналысы Мемлекеттік Думасының төрағасы Вячеслав Володин, Корея Республикасы Ұлттық Ассамблеясының Төрағасы Мун Хи Сан форумның парламентаралық байланыстарды, жалпы алғанда, еуразиялық ынтымақтастықты одан әрі нығайту мақсатын алға қоя отырып, жан-жақты, өте жоғары деңгейде өткеніне ризашылық білдірді.
Еуразия елдері парламенттері спикерлерінің V-кеңесі келесі жылы Индонезияда өтеді.

Вячеслав ВОЛОДИН, Ресей Федерациясы федералдық жиналысы Мемлекеттік Думасының төрағасы:

− Егер де әлемдік қоғамдастық үшін қауіп төндіретіндей мәселе туындаған жағдайда біз бейбітшілікті сақтау үшін қолдан келгеннің барлығын жасауға тиіспіз. Мәселен, БҰҰ сияқты әлемдік институт кейбір мәселелерді назарға алмай отыр. Әскерлерді енгізу, егеменді мемлекеттердің ішкі істеріне араласуға келгенде жеке-дара шешім қабылдайды. Сондай-ақ ДСҰ тиісті ережелерді дұрыс сақтап отырған жоқ. Әлемдік экономикаға тікелей әсер етіп отырған сауда соғысы, оның ішінде Қытай, Ресей, Түркия, Иран сынды мемлекеттердегі шиеленіскен жайттарға назар аударуы қажет. Бұл ретте Еуропалық одаққа кіретін мемлекеттер санкциялардан зардап шегуде. Сондықтан бірде-бір парламентаралық ұйымның бұрын қабылданған халықаралық келісімдерді бұзуға негізі жоқ. Парламенттердің үстемдігін халықаралық институттардан жоғары қоя білу керек. Себебі қаншама жылдан бері қалыптасқан өзара мемлекетаралық келісім диалогы деген түсінік бар. Қорыта келгенде, біз өз мемлекеттеріміз алдында тұтастықты сақтауға, сыртқы факторлардан келетін қауіп-қатердің алдын алуға, гуманитарлық апаттарға жол бермеуге, тыныштық пен бейбітшілікті сақтауға тиістіміз. Бұл – біздің алдымызда тұрған басты міндет.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button