Қоғам

Қарттарға құрмет көрсетіледі

Елордада 82 мыңнан аса зейнет жасындағы, 25 мың мүмкіндігі шектеулі жан бар. Соның ішінде 1941-1945 жылғы Ұлы Отан соғысына қатысқан тек 57 соғыс ардагері қалған.

1 қазан – Халықаралық қарттар күніне орай әкімдікте өткен баспасөз мәслихатында Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Илья Скуб бас қалада тек аталған күні ғана емес, жыл он екі ай бойы үзбей қамқорлық көрсетіліп келе жатқанын айтты.
– Өкінішке қарай, Нұр-Сұлтанда 57 Ұлы Отан соғысының ардагері қалды. Тыл еңбеккерлері бар. Олардың саны жылдан жылға азайып барады. Біздің басқарма мемлекеттің зейнеткерлерге көмек көрсету саясатын жүргізеді. Мәселен, зейнеткерлерге қоғамдық көліктерде жүру, тістерін протездеу тегін. Сонымен қатар, курорттық аймақтарға жолдама беріледі, – деді Илья Скуб.
Айта кетейік, әрбір мемлекеттік және ұлттық мерекелерде егде жандарға арнап түрлі іс-шаралар, қайырымдылық акциялары ұйымдастырылады. Оларға мемлекет тарапынан әрқандай әлеуметтік көмектер мен жеңілдіктер қарас­тырылған. Кейбір жағдайда бір реттік ақшалай көмектер беріледі.
Ал жалғызілікті қарттар мәселесімен айналысатын «Әлеуметтік көмек көрсету орталығы» МКҚК директорының міндетін атқарушы Ердәулет Аманбайдың айтуынша, «Шарапат» орталығында жалғызілікті 320 адамға және тұрғылықты үйлерінде 406 адамға әлеу­меттік қызметтер көрсетіледі. Қарттар күніне орай түрлі экскурсиялар, концерттер, көңіл көтеру кештері ұйымдас­тырылады. Мейрамханаларда, дәмханаларда қарттарға дастарқан жайылады.
Қаланың білім беру мекемелері соғыс ардагерлермен кездесулер өткізеді, тұрмыстық жағдайларына көмектеседі. Кәсіпорындар мен ұйымдар өздерінің еңбек ардагеріне құрмет көрсетіп, сый-сыяпат жасайды. Қорыта айтқанда, қаланың қарттары ешқашан назардан тыс қалған емес.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button