Жаңалықтар

ҚАЗАН КӨШЕСІНЕ НАЗАРБАЕВ АТЫ БЕРІЛЕДІ

kazan_sight_1

Қазандағы орталық көшелердің бірін қала билігі Қазақстан Республикасы  Президентінің құрметіне «Нұрсұлтан Назарбаев» деп атағысы келеді.  Бұл жөнінде әлі түбегейлі шешім қабылдана қоймаса да, 3 шілде күні Қазан филармониясы жанындағы саябақта Назарбаев құрметіне арналған ескерткіш белгі орнатылмақшы.

Бұл бастаманы Татарстандағы қазақтардың ұлттық-мәдени автономиясы көтеріп, қала мэріне арнайы өтініш жолдаған еді. Автономия төрағасы «Вечерняя Казань» тілшісіне берген сұхбатында қала басшысы Ильсур Метшинге осы жылдың мамыр айында хат жазып, Қазақстан президенті халықаралық ауқымға танымал тұлға екенін, Татарстан астанасындағы көшеге Назарбаевтың атын беру екі ел арасындағы байланыс өрісін кеңейтіп, нығайта түсетінін атап көрсеткенін айтты. Бұл байланыс төркіні тым әріде жатқаны: Бөкей ордасының соңғы ханы, Қазан императорлық университетінің құрметті мүшесі (1844 жылы берілген атақ) Жәңгір ханға ҚФУ ғимараты қабырғасына мемориалдық тақта орнатылғаны да жазылған хатта.
«Вечерняя Казань» тілшісінің сұрағына орай Жақсыбаев Қазақстан президентінің Қазан топырағына қанша рет табаны тигенін еске түсірді. Сөйтсе, ол кемінде үш рет: 1996 жылы – Татарстанның тұңғыш президенті Мінтемір Шаймиевті ұлықтау рәсіміне, 2004 жылы – ресми сапармен, 2005 жылы Қазан қаласының мыңжылдығы мерекесіне келіпті.
Жақсыбаевтың қолына тиген Қазан мэриясының жауап хатында топономика жөніндегі қалалық комиссия татарстандық қазақтардың ұсынысын қарап, Қазанның атқару комитетіне Эсперанто көшесін Назарбаев есімімен атау жөнінде қузаухат жолдағаны жазылған. Бұл туралы әлі ресми құжат болмаса да, Татарстандағы қазақтар автономиясының басшысы мәселенің түбегейлі де бұлтақсыз шешімін табатынына бек сенімді. Өйткені, 3 шілде күні Қазан филармониясы жанындағы саябақта Қазақстан президентінің құрметіне ескерткіш белгіні ашу рәсімі жоспарланып та қойған.
«Әлдебір көшенің атын өзгертумен атқару комитеті айналысушы ма еді?» деген «Вечерняя Казань» тілшісінің сауалына ондағы баспасөз қызметі федералдық заңдардағы өзгерістерге орай 2015 жылдан бастап көшелерге, алаңдар мен басқа да қалалық нысандарға ат беріп, атауын өзгерту ісі Қазан қалалық думасы құзіретінен алынып, атқару комитетіне берілгенін, депутаттар енді мұндай мәселелерді қарамайтынын жеткізді. Сонымен, Қазанда Назарбаев көшесі пайда бола ма, әлде жоқ па, енді ол қала шенеуніктерінің ықтиярында…
Айтпақшы, Қазан – халықаралық тілді құрастырушы, көзі тірісінде «Доктор Эсперанто» атанған Лазарь Заменгофтың атына көше теліген әлемдегі санаулы, ал, Ресейдегі жалғыз қала екен. Эсперантошылар қозғалысы Қазанда ХІХ ғасыр соңында қоздап, 1906 жылы ашылған алғашқы клубқа Қазан университетінің профессорлары мен студенттері мүше болулы.
Эсперантоның екінші толқыны қалаға Қазан революциясынан кейін жөңкілген: бірнеше арнаулы клубтар ашылып, солардың бастамасымен Қазан көшелерінің бірі «Эсперанто» аталған. Бірақ, көп ұзамай, яки, 1947 жылы оны Жданов көшесі деп өзгерткен. Бұл кезде Қазандағы эсперанто қозғалысы астыртын жұмыс істеуге көшіп, тек 80-інші жылдары ғана қайта бас көтерген: өшіп-жанған «ортақ тіл» клубтарының мүшелері эсперантошылардың халықаралық және ресейлік конгрестерін ұйымдастырып, Еділ фестивальдерін өткізген, ақпарат құралдарында белсене насихат жүргізген. «Тілмәшсіз тіл» жанкүйерлерінің сол белсенділігінің арқасында 1988 жылы әлгі атышулы көшеге бұрынғы атауы қайтарылған екен…

Татьяна ЯНЬКОВА,
«Вечерняя Казань»

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button