Таным

«Мен баяғы Нұрсұлтанмын…»

articles_946

Астана күні қарсаңында Елбасының бір топ үзеңгілестері елорда жастарымен кездесті. «Елі сүйген, елін сүйген Елбасы» деп аталған бұл басқосу Тұңғыш Президент кітапханасында өтті. 

Кездесу қонақтарының бірі Нина Вахитова 1970 жылдары Теміртау қалалық партия ұйымының идеология жөніндегі хатшысы болып, Елбасымен қатар қызметтер атқарыпты. «1973 жылы Нұрсұлтан Әбішұлын Қарағанды металлургия комбинатының партия комитетіне хатшы қылып тағайындады. Бұл өте қиын шақ еді. Комбинаттың құрылғанына көп бола қоймаған, ұжымның да енді қалыптасып келе жатқан кезі… Цех жұмысшыларының жағдайы мәз емес-тін. Қалада бар тіршілік тоқтап тұр. Бала­бақ­шалар жетіспейді, мектептер аз. Тіпті, тұрғындардың демалып, көңіл көтеретін орын­дары да жоқ. Сол жылы Нұрсұлтан Әбішұлын Мәскеу­дегі Орталық Комитетке есеп беруге шақыртты. Қанша дегенмен жоғары жақ қой, қатты толқыдық. Сонда Нұрсұлтан Әбішұлының есеп беру кезіндегі айтқаны әлі есімде. «Теміртауда жұмыс істеуге еш жағдай жоқ бола тұра, біз өз қызметкерлерімізден жоғары көрсеткішті қалай талап етеміз?» деді ол кісі. Бюродағылардың бәрі естіді мұны. Аз уақыттан соң-ақ қаламыздың бас жоспары жасалды. Ал бұрын ондай жос­пар болмайтын. Балабақшалар ашылды, мектептер екі ауысыммен жұмыс істей бастады. Жаңа құрылыстар бой көтерді. Нұрсұлтан Әбішұлының сон­дағы батыл әрекетін біздер әлі ұмыт­қан жоқпыз» деп ағынан ­жарылды.
Ал Елбасының курстас досы, бүгінде құрметті металлург Тоқтархан Ысқақов зауыт өмірі жайында әсерлі әңгімелер айтты. «Мыңдаған градус­та бұрқ-сарқ қайнап жатқан металдың ыстығы бетіңді шар­пыған сайын жұмысыңа деген жауапкершілікті сезіне түседі екенсің. Мұндағы әр істің аса ыждаһаттылықты қажет ететінін жан-тәнімізбен ұғынатынбыз. Дәл осындай мектептен шың­далып шыққан Елбасыға сон­шалықты қажыр-қайраттың, ептіліктің, ұқып­тылықтың қайдан келгені айтпаса да түсінікті шығар. Бірде мынадай жайт болды. Ұмытпасам, 7 қараша күні болу керек. Мен ол кезде ауысым басшысымын. Таңғы 7-де сменамды қабылдап алғанмын. Он минуттан соң өрт шықты. Цех жұмысын тоқтатып, бәріміз әлгі өртті сөндіруге кірістік. Жарты сағаттай алысып жүріп, өшірдік-ау. Цехтің іші көк түтін. Сыртқа шықсам, Нұрсұлтан Әбішұлы жүр. Әлі цехтың басшылары да келе қоймаған, ал ол кісі дереу жетіпті. Менің күйе-күйе болған түрімді көріп, алаң тұтты ғой деймін, сұрақтың астына алып жатыр: «Бәрі аман ба? Жұмысшылар қайда? Зардап шеккендер жоқ па?» деп. Артынша барлығын өзі зерттеді, парткомға апарарда да, өрттің себеп-салдарын қарап-біліп шықты. Бір таңғалғаным, бұдан соң сол зауытта 23 жыл жұмыс істедім. Бірде-бір рет жаңа­ғыдай жағдай қайталанбады. Нұрекеңнің еш­қандай қателікке бей-жай қара­майтынын аңғарт­қаны ғой» деп, сөзін аяқтады Тоқтархан Ыбырайұлы.
Елбасының еңбекке деген құш­тарлығын, сондай-ақ, айнала­сындағыларға қол ұшын созуға дайын тұратын елгезектігін Виктор Никонов атап өтті: «1962 жылы Қарағандыдағы политехникалық институтқа түстік. Арамызда Нұрсұлтан да бар. Алғашқы күннен-ақ сабаққа алғырлығын байқап қалғанбыз. Көп ұзамай практика басталды. Күндіз зауытта жұмыс істеп, кешкісін аудиторияда сабақ оқуға тура келетін. Небәрі жиырманың ар жақ бер жағындағы жастармыз ғой. Сегіз-тоғыз сағат бойы тірлігі қыж-қыж қайнаған зауытта еңбек етеміз. Одан шығып, институтқа барамыз. Екінің бірі шыдас бермейді бұған. Нұрекеңдермен бірге оқуға түскен баланың көбі шыдамай, шығып кетті кейін. Сол кездері құрылыс отрядының құрамында болдық. Қарағандының батысында Балықтыкөл деген ауыл бар. Сондағы алғашқы 16 үйді біз салып едік. Құрылысты білесіздер ғой, біресе цемент, біресе кірпіш жетпей қалады. Ондай тұстарда арамыздағы Нұрсұлтан дереу басшылыққа барып, керек-жарақтарды алып беріп тұратын. Ол жақтағылар да Нұрсұлтан Әбішұлының іскер­лігін қатты құрметтейтін-ді».
Қарағанды металлургия ком­би­натының ардагері Ермек Төлеубаевтың айтуынша, Елбасы – достыққа өте берік жан екен. «Са­на­сам, Нұрекеңмен аралас-құраластығымызға 53 жыл болыпты. Қашан көрсең де жайдары, жайсаң қалпынан танбайтын жігіт кезінде танысып едік. Қарағандыға, Теміртауға жолы түсе қалса, кездесіп, әңгіме-дүкен құрып тұрамыз. Кейінірек беделі өскен соң тартыншақтап, қымсына бастасақ, әңгімені өзі бастайды: «Оу, жігіттер, мен әлі сол баяғы Нұрсұлтанмын. Еш ұялмаңдар» дейді. Әзілге біртабан жақын кісі ғой, сәті түссе қалжыңмен қағытып, көңілімізді көтеріп отырады». Бұл сөзді Елбасының курстасы Қуаныш Омашев та қуаттай түсті: «Көп адамдар уақыт өте байырғы, мектеп қабырғасындағы достарымен байланыстарын үзіп алып жатады. Ал, Нұрекеңде ондай әдет жоқ. Сыныптас, курстастарымен әлі күнге дейін араласын үзген емес» дейді ол.
Айтылған естеліктердің бәрін жастар ұйып тыңдады. Әрқайсысы бір-бір фильм болып елестеген де шығар көз алдарына, бәлкім. Жанымда отырған оқушы ұлға көзім түсіп кеткен еді. Естігендерін қойын дәптеріне түртіп алып жатыр екен. Ішім жылып қалды. Азамат атанудың, тұлға болудың бір қырын ертеңгі күні сол жолдардан табар, бәлкім…

Ботакөз МАРАТҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button