Руханият

Қазақ диаспорасына қатысты заң керек

11 қазанда Астанада «Отандастар» форумы өтеді. Форумға тек этникалық қазақтар ғана емес, сондай-ақ Қазақстанда кіндік қаны тамған азаматтар мен олардың ұрпақтарын қамтыған 300-ден артық қонақ шақырылған. Олардың қатарында қазақ мәдени ұйымдарының басшылары мен белсенділері, саясат, мәдениет, ғылым, білім, медиа, бизнес саласының өкілдері бар. Біз осы форум қарсаңында «Отандастар қоры» КЕ АҚ президенті Абзал Сапарбекұлымен шағын сұхбат өткізіп, форумның мән-мақсаты туралы сұрап білдік.

– Абзал Сапарбекұлы, «Отандастар» форумы қандай мақсатта өткізілгелі отыр?

– Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2023 жылы Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда «Шетелдегі қандастарымызбен тығыз қарым-қатынас орнатып, рухани байланысты нығайта береміз. Бұл мәселе – менің жеке назарымда» деген сөзі еліміздің шетелдегі отандастармен, қандастармен болған байланысын нығайтуға баса назар аударып отырғанын айғақтайды. «Отандастар қоры» КЕ АҚ 2018 жылы өз жұмысын бастаған болатын. Әлемдегі қазақтармен тығыз байланыс орнатып, олардың қазақ елімен болған қарым-қатынасын нығайту мақсатында құрылған бұл ұйым 2019 жылы алғаш рет «Отандастар» форумын өткізген болатын. Оған 100-ге жуық делегат қатысса, бұл жолы келетін қонақтарымыздың саны 300-ден асады. Форумның мақсаты – шетелдегі қазақ ұйымдарымен ынтымақтастықты талқылау; еліміздің жаңа кезеңдегі мемлекеттік саясат пен саяси-экономикалық реформаларымен, сондай-ақ ұлттық руханиятқа қатысты заманауи трендтермен таныстыру; шетелдегі қазақтарды қолдауда Қазақстанның жүргізіп отырған саясаты; шетелдегі қазақ жастарына Қазақстанда сапалы білім алуда және өз қабілеттерін іске асыруда, сондай-ақ елге көшіп келетін қандастарға мемлекет тарапынан қабылданып жатқан қолдау шаралары туралы ақпараттандыру.

Шараға Қазақстанның елі ішіндегі мемлекет қайраткерлері, депутаттар, ұлт мәселесіне баса назар аударып жүрген, шетелдегі қазақтармен жиі қарым-қатынас орнатып, олардың талап-тілектерін билікке жеткізуге күш салып жүрген азаматтар қатысады. Сондай-ақ шетелден көшіп келген ақын-жазушы, ғалымдар да осы шараның басы-қасында болады.

– Форум аясында қандай шаралар өткізу жоспарланып отыр?

– Іс-шара семинар-форум форматында өткізіліп, шет елдердегі қандастарға креативтік индустрия, медиа, мәдениет, кәсіпкерлік салаларындағы тың трендтер, еліміздің инвестиция­лық ахуалы мен соны бастамалары таныстырылады. Шет елдердегі қазақ ұйымдарының басшылары мен отандық түрлі сала өкілдері бір алаңда кездесіп, бір-бірімен байланыс орнатуына, тәжірибе алмасуына жағдай жасалады. Шара аясында ел дамуында қандастардың рөлі, отандастардың интеллектуалдық әлеуеті – ұлттық құндылықтарды ілгерілету драйвері, XXI ғасырдағы қазақ тілі және бүгінгі мүмкіндіктері, Медиа және заманауи трендтер тақырыптары бойынша баяндамалар жасалып, талқылау өткізіледі. Сондай-ақ «Отандастар қоры» КЕ АҚ жаңа жобаларының тұсаукесері өтеді. Яғни «Ұлы дала» жобасы аясында 11 кітаптың тұсауы кесілмек.

Жалпы қонақтарымыз өте ынталы. Пандемия кезінде жол жабылып, елге келе алмай қалған қандастарымыздың елді сағынып қалғаны көрініп тұр.

Жол шығындарын өздері көтеретініне қарамастан форумға келуге аса белсенділік танытып жатыр.

– Дүниежүзі қазақтарының құрылтайы неге ескерусіз қалды? «Отандастар форумы» «құрылтайдың» орнын басып бара жатқан жоқ па? Өйткені 5 жылда бір өтетін құрылтайдың өтпегеніне биыл, міне, 6 жылға аяқ басып барады.

– «Отандастар форумы» мен Дүние­жүзі қазақтарының құрылтайы – екеуі екі бөлек жоба. Форумды «Отандастар қоры» ұйымдастырып өткізсе, құрылтайды Дүниежүзі қазақтары қауымдас­тығы ұйымдастырып өткізіп келеді. «Отандастар форумы» өткен жылы өтуі керек еді. Алайда еліміздегі саяси науқандардың көптігіне байланысты биылға шегерілді.

– Биыл «Отандастар қоры» шетелде қандай шаралар өткізді?

– Биыл Германияның Кёльн қаласына Еуропа қазақтарының кіші құрылтайы өтті. Біз осы құрылтайдың өтуіне қолдау көрсеттік. Бұл құрылтайға Қазақстаннан да қолөнер шеберлерін, ұлттық спорт ұйымдарының өкілдерін қамтыған көптеген қонақтар барып, қазақтар Германия елінде қауышты. Сондай-ақ маусым айында Ресейдің Мәскеу қаласында Ресей қазақ ұйым­дары белсенділерінің басқосуы өтті. Бұл елде 1998 жылдан бері мұндай ауқымды шара өтпеген екен. Шілде айында Моңғолияда кіші құрылтай болды. Ел астанасы Ұлан-батырдан бастау алған бұл басқосу да өте жоғары деңгейде өтті. Енді алдағы уақытта Қытайда шығармашылық форматта іс-шаралар өткізсек деген ойдамыз.

– «Отандастар қорының» жұмысын әлі де жетілдіре түсу үшін тағы қандай жұмыстар атқарылуы керек деп ойлайсыз?

– Еліміздің кейбір заңдарында шетелдегі қазақтарды қолдау бойынша бірқатар баптар, тармақтар енгізілген. Бірақ шетелдегі қазақтармен болған байланысты біріздендіру үшін шетелдегі қазақ диаспораларына қатысты арнауы заң немесе құжат қабылдау керек. Бұл мәселе де мемлекеттің назарында, алдағы уақытта шешімін тапса, біздің шетел қазақтарымен жұмыс жасауымызға аса тиімді болар еді. Осыдан бұрын Үкіметтің этникалық қазақтарды қолдауға байланысты іс-шаралар жоспары қабылданған болатын, оның 2022 жылы мерзімі бітті. Қазіргі таңда жаңа іс-шаралар жоспары қарастырылу үстінде, биыл жыл соңына дейін қабылданады деген ойдамыз.

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button