Әлеумет

Үздік жолсерік

Ел ішіндегі саяхатта ең сенімді көлік құралы – пойыз. Болат жолмен сапарға шықсаңыз, сізді вагон алдынан күтіп алып, межелі стансаға жеткенше бар жағдайыңызды жасап, қызмет көрсететін маман – жолсерік. Осы салада 13 жылдан бері еңбек ететін елордалық Ақылзат Сейтжапар – соның бірі.

Ақылзаттың бір арманы әнші болу болса, екінші арманы әскери форма кию еді. Сол арманның жетегінде жүріп жолсерік кәсібін таңдады.

– Мен әнші болып халық алдында жүрмесем де, жолсерік болып халық ортасында олармен біргемін. Жұмысым өзіме ұнайды, көпшіл адаммын, абыр-дабыр елдің ортасында жүргенді жақсы көремін. Жолау­шылармен тілдесемін, тойдан, құдалықтан келе жатқан үлкен апалармен шү­йіркелесіп, көңілін кө­­теремін. Жолаушы халыққа көп ештеңе керек емес. Жақсы-жайлы сапар үшін таза вагонда салулы төсек, ыстық шай болса, риза болады. Жол бойы әңгіме-дүкен құрып баратын елге қызмет көрсетуге да­йынбыз, – дейді жолсерік.

Ақылзат Сейтжапар – екі баланың анасы. Ұлы мен қызы Астанада мемлекеттік грантпен оқып жатыр. Кейіпкеріміз бірнеше рет науқас адамдарға алғашқы медициналық көмек көрсетіп, ажалдан аман алып қалған. Сол қызметі үшін «Үздік жолсерік» атағын да алған. Тағы бір айта кетерлігі, биыл мамыр айында ол пойыздағы әнімен хит болып, әлеуметтік желі жұлдызына айналған еді.

– Шымкенттен Ас­танаға қайтар жолда елордаға байқауға келе жатқан жастар баянмен ән салып отыр екен. Әндерін тыңдап, қосыла ыңылдап отырып, «дауысыңыз жақсы екен, ән айтыңыз» деп қолқалаған жастар көңілін қимай, ән айтып бергенім бар. Әлгі жастардың бірі телефон­ға түсіріп отырғанын байқадым, бірақ желіге салып жібергенінен де хабарсызбын. Астанаға жеткен соң, таңертең оянсам, бауырларым менің ән салған видеом TikTok желісін шарлап жүр дейді. Күні бойы таныстарым хабарласып, қоңырау толастамады. Оқып қарасам, көргендердің көбі жағымды пікір қалдырған. Тіпті телеарналар бірінен соң бірі шақырып, бала күнгі әнші болу арманым орындалғандай күй кештім, – дейді кейіпкеріміз.

Бүгінде Шымкент-­Астана бағытындағы пойызда жолсерік болып еңбек ететін Ақылзат әнші болу арманы толық орындалмаса да, бүгінгі мамандығын таңдағанына еш өкінбейтінін айтады.

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button