Сұхбат

ҰЛТ АҢСАРЫНЫҢ ҰЙЫТҚЫСЫ

96BD56F1-AA7D-4A41-B2F0-5B1A6CD8FF4A_cx0_cy9_cw0_mw1024_s_n_r1

Өркениет тарихы мен мәдениетіне ерекше үлес қосқан әлемдегі көрнекті тұлғалардың қатарында ЮНЕСКО деңгейіндегі тізімге еніп, туғанына 100 жыл толуына орай мерейтойы дүние жүзі көлемінде аталып өтуге тиісті қазақ жазушысы Ілияс Есенберлиннің – Атбасардағы үйінде мемориалдық мұражай ашылып, орталық алаңға ескерткіші қойылды. Ашылу рәсіміне Ақмола облысының зиялы қауымы мен жазушының ұл-қыздары қатысты. Сондай-ақ, қаламгердің шығармашылығына арналған ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Онда  жазушылар Н.Оразалин, Ж.Ерғалиев, Н.Айтов, Т.Жұртбай, ғалымдар С.Негимов, Қ.Алпысбаев, А.Қашқынбаев баяндама жасады. Біз де жерлес қаламгердің мерейін асыратын осы шараға үн қоса отырып, шығармашылық жолын ден қоя зерттеп жүрген, көзі тірісінде жақын араласқан жазушы Тұрсын ЖҰРТБАЙДЫҢ сол салтанатты шарада айтылған ойларын оқырмандармен бөлісуді жөн көрдік.

– Кез келген жазушының мүшел тойы ЮНЕСКО деңгейінде бола бермейді. Мұндай мәртебеге ие болу үшін сол суреткер өз ұлттық мәдениетінің даму жолында бетбұрысты өзгеріс әкелуге тиісті. Сол арқылы жалпы өркениетке ортақ үлес қосты деп танылады. Бұл тұрғыдан алғанда Ілияс Есенберлиннің қандай шығармашылық, тұлғалық сипаты ЮНЕСКО сарапшыларының назарын аударды деп ойлайсыз?
– Турасына көшсек, Ілияс Есенберлин – Мұхтар Әуезовтен кейінгі Алаш идеясының кепілі болған бірден-бір ұлттық тұлға. Аса тегеурінді, қазақ көркем сөзі мен көркем өнерінің көсемі, түйінді тұтқасы, ұстанатын ұстыны болған талай тұлғалар болды. Бірақ, олардың ешқайсысы, ұлттық иірім тұрғысынан алғанда, Мұхтар Әуезовтей кепілді киеге ие бола алмады, ал ұлы суреткер дүниеден көшкен соң, біраз жыл, қашан Ілияс Есенберлин тұлғаланып шыққанша, оның орны ойсырап тұрды.
Оның тарихи басты себептері мынадай.
Кеңестік кеңістіктегі қазақтың ұлттық санасы үш буыннан құралды. Біріншісі, отызыншы жылға дейінгі, яғни, Алаш қайраткерлері жаппай жазаға тартылып, жер аударылып, атылып тынғанға дейінгі ұлттық сана мен намыстың тұлдануына қарсылық пен арбалу кезеңі, яғни, қазақ тарихындағы «қилы кезең». Сол ұлттық сана жолындағы үлкен құрбандықтар арқылы біздің ұлттық рухымыздың киесі басылды, сағы сынды. Жан ұранын жалаң ұран басты. Дегенмен де, сана түкпірінде әлдебір әлсіз үміт ұшқыны қалды. Ұлттық кие мен нысаннан, рухани мақсат пен мұрадан бас тартуға мәжбүр еткен тұста: «Қандай қасиеттен, қай идеядан, қай мұрадан бас тартамыз?» деп сұрақ қоя талдау арқылы да киеміз бен мысымызды еске алып отыруға мүмкіндіктер болды. Қалың қауым, ұлтшылдық сананы әшкерелеу арқылы да ұлттық сананың қозын көсеп отырды. Табы басылмаған мөр сияқты кез келген шағымды шақта тұтанып сала беруге дайын тұрды.
Ал отыз жетінші-отыз сегізінші жылдардағы жаппай жазалау мен елуінші жылдардағы «тар кезеңде», яғни, «тар заманда» (М.Әуезов), санадағы ұлттық сарқыншақтар жуылып тазартылды, тәуелсіз намысты рух жойылып, үмітті мақсат оты өшіріліп, тындым боп тындыруға бағытталған жазалау саясаты үздіксіз жүргізілді. Тіпті, ұлт үмітінің медетіне айналған тұлғалардың өзін булықтырды. Соңғы бұлқыныс «Абай жолын» да күлтөбеге көмді. Әйтсе де өздерінің тірі сүлдерінің қалуы арқылы да Қаныш Сәтбаев пен Мұхтар Әуезов, Қалибек Қуанышбаев пен Әлкей Марғұлан Алаш идеясының соңғы елесі ретінде жұрттың рухани медетін жебеді, жанын жұбатты, сенімін өшірмеді. Өйткені, олар сол «қилы кезең» мен «тар кезеңнің» қыспағында жүріп Алаш идеясының кепілі бола білді. Қалың қауым олардың тірі жүруінің өзін солай түсінді, жақсылықтың нышанына балады.
Өкінішке және өмір заңының қатал үкіміне орай «жылымық кезең» туған шақта «азап майданынан» аман өткен шақта арыстар да бұл пәнидің шымылдығын жапты. Осынау бір кеңестік қысымның құрсауы босаған шағымды шақта қазақ ұлты рухани кепілдіксіз қалды. Елуінші жылдардағы ұлтшылдықтың дертіне шалдықпай, әшкереленуден аман қалған зиялылардың мысы пәс, жаны жасыған, ойын үрей әлдилеген жымысқы жылымық кезеңде алғаш рет «ұлттық ерекшелік, ұлттық сана, ұлттық көркем бояу» деген тіркесті жиырма бес жастағы шәкірт Әнуар Әлімжанов орыс тілінде айтты. Оған Олжас Сүлейменов «Арғымақтары» арқылы арын берді. Ал, қазақ тілді қайраткерлердің бұған дәті жетпеді. Міне, сол кезде Ілияс Есенберлин «алмас қылыш» боп қазақ көркем ойының көгінде жарқ ете қалды. «Қатерлі өткелден» өтті. «Айқасты». «Қаһарын» төкті. «Жанталасты». «Майдандасты». «Мұхиттан өтті». Алаштың «Аманатын» орындады. Халқын «Көлеңкесімен қорғады». «Ғашықтардың» «Алтын құсын» қолына қондырып, «Махаббат мейрамын» өткізді. Ең соңында «Алтын Орданың» тоғыз құйрықты ақ туын «Ақ Ордаға» тігіп, «Қазақ хандығы – Алтын Орданың заңды мұрагері» дегізіп тынды.
Мәртебелі ЮНЕСКО сарапшылары оның осы ұлт азаттық рух жолындағы күрескерлік қайраткерлігі мен шығармашылық қайсарлығын ерекше бағалады деп ойлаймын.
– Кеңестік жүйе қаншама «жылымық» саясат ұстанды дегенмен де, ұлттық идеяны нысана еткен Ілияс Есенберлин белгілі бір дәрежеде шектеу көргені анық. Көзі тірісінде қаламгер өз бауырына тартқан жас толқынның өкілі ретінде бұл туралы не айта аласыз?
– Ілияс Есенберлин – Кеңес одағы көрге көмуге ұмтылған ұлт азаттығы идеясын көркем ой арқылы күлтөбеден қазып алып, қайта тірілткен рух иесі, ұлт қаһарманы. Алпысыншы жылдарғы «жылымық кезеңнің» шымылдығын қарс айырып, ұлт аңсарын – рухани тәуелсіздікке жеткізген Алаш идеясының кепілді тұлғасы. «Желтоқсан уақиғасын» тудырған себептер мен салдарды, ұлттық идеяны қозғаушы күштерді анықтап, әшкерелеуге арналатын Қазақстан Орталық комитетінің 1987 жылғы мамыр пленумында Колбиннің атынан жасалуға тиісті бас баяндаманың алғашқы жұмыс нұсқасында ұлтшылдықты оятқан жеті жазушының аты аталып, оларды қоғамдық көзтүрткіге айналдыра жазалаудың шаралары қарастырылған болатын.
Сол ұлтшылдардың көшбасында қайтыс болғанына әлі жыл толмаған Ілияс Есенберлин тұрды. Идеологиялық жазалау науқанының «тұсаукесері» ретінде «Ілияс Есенберлиннің шығармаларындағы ұлтшылдық сарыны» туралы мақала «Қазақ әдебиеті» газетінің екі санында қатар жарияланды. Ең «жас алашордашыл жазушы» ретінде жетінші боп біздің де атымыз тіркелді. Ілияс Есенберлиннің тарихи шығармаларындағы ұлттық рухты бойына сіңірген қазақ зиялылары мен жастарының қуатты қарсылығының, сесті мысының арқасында, «Қазақ ұлтшылдығы» туралы арнаулы қаулы қабылдауға тиісті бұл мәселе кейінге шегерілді, соңынан күн тәртібінен мүлдем алынып тасталды. Сол көтерілген мыс тәуелсіз күнге бастады.
Сондықтан да, біз бүгінгі ерікті ел, азат азамат, еркін ой иесі атанып отырғанымыз үшін де Есенберлинге қарыздармыз.
– Биік ұлттық рухты оятқан әрі сол тұстың өзінде романдары алты жарым миллионнан астам данамен таралған Ілияс Есенберлин шығармаларының басты ерекшелігі неде және көркемдік дара сипаты қандай?
– Көркем ойлау жүйесіне көтерілмеген ұлт – жетілмеген тобыр саналады. Егер де ұлттың басынан кешкен ауырлы-алғаулы уақиғаларды, яғни, жоғарыда айтылған «қилы кезеңді», «тар кезеңді» қапсыра қарастырып, олардың ортақ рух қуатын біріктіре анықтап, біртұтас идея тұжырымдауға тек көркем ойлау жүйесі, көркем сыни талдау, көркем шындық, көркемдік шешім ғана мүмкіндік береді. Бар заманның арман-мақсатын, ұлт мұратын, ар-намысын бойына етене сіңіретін эпостың құдіреті де осында. Эпосы жоқ ұлт – елдіктен енші дәметпейтін жұрт қатарында қалатыны да сондықтан.
Бұл тұрғыдан алғанда және жазушы ретінде бағамдағанда, Ілияс Есенберлин – ұлттық тарихи көркем ойлау жүйесін қазақ әдебиетіне әкелген реформатор. Ол «Көшпенділерден» бастап «Аманатқа» дейінгі аралықты қамтитын қазақ ұлтының тағдырын желілес романдар жүлгесі арқылы көркем жүйелеп берді. Бұл романдар қазақтың ұлттық санасы мен көркем ойына бетбұрыс жасап жаңа сана мен санат деңгейіне көтерді.
Сондықтан да, Ілияс Есенберлиннің шығармаларындағы көркем идея мен әдеби жүйе тұтастай қарастырылмай, жазушының нысаналы аңсары толық бағаланбайды. Егер де «Алтын Орда» мен «Көшпенділер» үштағандарындағы Қазақ хандығының тарихы мен ұлт азаттығы қозғалысы, «Қатерлі өткелдегі» Алаш идеясы, «Айқастағы» идеологиялық қысым мен жазалау саясаты, «Мұхиттан өткен қайықтағы» алаш тектілерінің қазақ жерінің тұтастығын сақтап қалу жолындағы елуінші-алпысыншы жылдардағы саяси ахуал, «Маңғыстау майданындағы» тұтқындағы зиялылардың рухани күресі, «Ғашықтардағы» өнер қайраткерлерінің ұлттық көркем ойлау мен дербес көркем шешім қабылдау барысындағы даралығы деп, бұтарлап-бұтарлап, бұтақтап әкетсек, мәуесіз қу ағаштың өзіне ғана емексіп, оның басын қосып, нәрлендіріп тұрған алтын өзегін назардан тыс қалдырғанымыз болып шығады.
Өкінішке орай, біз қазір «Міне, Есенберлиннің көркем идеясы мен әдеби әлемі осы» деп, жіліктеп түсіндіріп жүрміз. Бұл – мүлдем теріс тұжырым. Әр туындының даралығы сыни тұрғыдан талдануы табиғи, бірақ, олардың жазылу мақсатына келгенде, қосылатын желісі, нысана көгені – біреу. Кез келген тұрлаулы туынды жазушының түпкі идеясын анықтайды, шығарманың тарауланып келіп құйылатын тұсы да, атырауланып тарамдалатын таспасы да көркем идеяға тікелей тәуелді және барлық көркемдік амал-тәсілдер сол идеяға қызмет етеді. Қаламгерлік қарымның бар қуаты бір тудың астынан табылса ғана мұратына жетеді. Осы ескерілмесе – қаламгерлік өнерге де және қаламгердің өзіне де қиянат.
Ал, Ілияс Есенберлиннің мұқым шығармасы жалғыз-ақ көркем идеяны арқау етеді. Ол – қазақтың ұлт азаттығы идеясы. Жазушының барлық шығармашылық аңсары мен мақсаты сол идеяға түбірлі түрде бағынған. Оның әр дәуірді, әр кезеңді, әр уақытты суреттейтін әр шығармасындағы көркем идея бір-бірін толықтырып, «Тәуелсіздік» деген түп аңсардың туы астына кеп бас қосып, ұлттық мүддені ұйытып, мұрат-міндетін біріктіреді.
– Жаңа Ілияс Есенберлин «ұлттық тарихи көркем ойлау жүйесін қазақ әдебиетіне әкелген реформатор», оның «көркем идеясы мен әдеби әлемін» түсінбей, ол туралы сөз қозғау мүмкін емес» дедіңіз. Осы ойларыңызды оқырмандарға таратып айтып берсеңіз?
– Көркем кеңістік – шығарманың ғана ауанын кеңейтіп қоймайды, сонымен қатар тарихи кеңістіктің де тынысын ашады. Тұтамдалған, тот басқан, күмән мен кәдік кеулеген тарихи шындықты: уақиғалар мен себептерді, тағдырлар мен талқыларды, болжамдар мен бопсаларды тастүйін етіп шыңдап, абсолютті ақиқат деңгейіне көтереді. Сол мақсатқа, яғни, көркем идеясына жету амалын қарастырғанда, суреткер қилы да оңтайлы көркем әдіс-тәсілді таңдайды. Жазушы Есенберлин де сол толғақты басынан кешірді. Кешіре отырып, қазақ тарихының ауызекі шежіресі мен жәдігерлері арасындағы қиянпұрыс бұрмалар мен қайшылықтардан шындықтың қылын суыртпақтап тарту үшін көркем ойды саралай отырып, тарихи тұрғыдан салыстыра талдауды таңдап алды.
Бұл – жадағайлата баяндау емес, әдеби тәсіл. Сол тәсіл арқылы оқырманға мағлұмат та берді, әсерге де бөледі, ойға да қалдырды, яғни, көркем тәпсірлеудің негізінде көркем шығарманың да, тарихи талдаудың да міндетін мойнына алды. Әйтпесе, қызықты уақиға, қитұрқы желі, қыздыртпалы тартыс, күйіндіріп-сүйіндіретін машақат пен ашық-машық хикаясы қазақ тарихында жеткілікті еді. Қазақ хандығының құрылу тарихы хақындағы қол жеткен тарихи жазбалар мен деректерді, алуан түрлі пікірлер мен зерттеулерді, болжамдар мен жорамалдарды бір ізге түсіріп, жинақтап, жүйелеп, саралап, талдап, түсінік беріп, арнаулы зерттеу еңбегін жазып шыққан аңғарлы ғалым Берекет Кәрібаев сол кітаптың тұсаукесер рәсімінде: «Қазақ хандығының тарихын Ілияс Есенберлиннің тарихи романдарын оқу арқылы түсіндім» деп, ақ адал шындығын айтуы да сондықтан! Міне, нағыз тарихи көркем ойлау жүйесі қалыптасқан оқырман, яғни, І.Есенберлин қалыптастырған тарихи ойлау жүйесін түсінген жаңаша ойлайтын тарихшы дегеніміз осы!
– Тарихи тақырыптағы көркем туындыларға қойылатын талаптар да ерекше. Әсіресе, өмірлік, тарихи, көркем шындықтардың қосылып не ажыратылатын тұстарына айтылатын пікірлер көп болады. Жазушы ретінде Ілияс Есенберлинге қаратыла мұндай сыни пікірлер айтылған шығар.
– Айтылды. Қазақ әдебиеттануы мен тарихи пайымдау тарапында Ілияс Есенберлин туындыларының тәпсірленуі сан жағынан алғанда ұланасыр, ол туралы не сүйініп, не күйініп, не түйіліп, не күмілжіп қалам тартпаған қазақ оқығаны жоқтың қасы. Бәрі де қажетті, есіркей ескерілетін қаперлі пікір. Бірақ та Есенберлиннің жазушылық идеялық мақсатын ажырата ашып беретін, оның шығармаларындағы өмірлік шындық пен көркем шындық, тарихи шындық пен көркем шындық, тарихи тұлға мен тарихи көркем бейне арасындағы аражік көркемөнер теориясы тұрғысынан салыстырыла талданбай келеді. Тек тарихи уақиғаларға шолу жасалумен, жалаң көркем баяндауды түсіндірумен, тақырыпты тез әрі өжеттікпен меңгерумен шектелеміз. Оған «Қаһар» романы алғаш жарық көрген тұста айтылған: «Абылайдың көрген түсін Кенесарыға телудің қаншалықты көркем лажы бар еді» деген астарлы емес, қитұрқы уәжді тәмсілге келтіруге болады. Шындық қайсы?
Шындығы: түсті көрген – Абылай, жорыған – Бұқар жырау. Ендеше, Есенберлин Абылай көрген түсті неге Кенесарыға теліп, Досқожа жырауға жорытты? Тағы да неге деп сұрақ қойып, авторлық идеяны ескерте отырып, бұл түс: «Абылайдың тұсындағы ұлттық арманға қызмет еткені дұрыс па, жоқ, жан беріп, жан алысқан, басынан тірі айырылу жазасы күтіп тұрған жанталас тұсында белгісіз болашаққа бет алып бара жатқан Кенесарының ұлт-азаттық идеясына қызмет еткені дұрыс па?» деген сауалды алға тартамыз. Үштағанды осындай сананы түршіктіретін түспен көркем тұжырымдаған Есенберлин, бұл түстің жорып тағылымды жауабын беруді кешегі және бүгінгі толқынға аманат етіп отыр.
Жазушының мұндай астарлы көркем идеясы – «Алтын Орда» трилогиясындағы ұзын ырғасы миллионға жуық қандас ағайындар өзара қырқысып, бірін-бірі қан майданда қасап еткен Темірлан мен Тоқтамыстың арасындағы шайқас кезіндегі «ел қамын жеген Едіге» мен оның туған ағасының қылыш қағыстыруы сәтінде толық ашылады. Ресми емес деректерге қарағанда, Алтын Орда империясының күйреуі қарсаңындағы елу жылдың ішінде Темірланның, Мамайдың, Тоқтамыстың, Едігенің жорықтары мен өзара шайқасында үш миллиондай еркек кіндік жер жастаныпты. Бұл ұлы дала иесіз қалды деген сөз.
Ең үлкен қасірет: әкесі – Темірланның, інісі – Тоқтамыстың, баласы – Мамайдың, немересі – Едіге әскерінің қатарында (не керісінше болуы да мүмкін) бір-біріне қарсы соғысуға мәжбүр болған! Қанжосада осыдан отыз жыл бұрын ажырасқан бауырымен бетпе-бет келіп қалған Едіге: «Артта ұрпақ қалды ма? Жөн екен. Татулықпен бас қосатын күн туар. Арттағы ұрпаққа осыны аманат ет!» деп екеуі екі айырылып, бірінің әскерін бірі қидалай алға ұмтылады.
Осынау жантүршігерлік көрініс пен жүрек елжіретер бауырмалдықта Ілияс Есенберлиннің ұлы аңсары жатыр. Әкесі мен баласын, ағасы мен інісін майдандастырған тақ таласы Алтын Орданың түбіне жетті. Соның кейінгі кесірі Қазақ хандығын бодан етті, Кенесары көрген тұспалды түсті шындыққа айналдырды. Алда «қатерлі өткел», «айқас» күтіп тұрды. Жұбанышы, қазақ халқы соның барлығынан – бодандықтың «қасірет мұхитынан қайықтай қалтылдап» барып, бүгінгі тәуелсіздіктің жағалауына жетті. Тәубе.
– Ілияс Есенберлиннің шығармашылық жолын зерттеген әдебиеттанушылар мен тарихшылар, естелік жазған замандастары ол кісінің жеке басына, шығармаларына жасалған тосқауылдарды баса айтады. Сіз осы жағдайды ашып айтып бере алмайсыз ба?
– Мұндай ұлы аңсар жолында Ілияс Есенберлиннің өзі де мемлекет тарапынан бір адамның басына төнуі мүмкін барлық тосқауылды, жеке адамдардың арандатуын басынан кешті. Үстінен жазылған ашық не домалақ арыздар көлемі жағынан оның шығармаларының ауқымымен пара-пар келеді. Соның барлығына қайыспай қасқая қарап, төзіммен шыдап, сабырлықпен өмір сүру де оған оңайға соққан жоқ. Жеке тұлғалар арасындағы себепті-себепсіз интригалар да жүрегін шабақтады. Можантопай кітап редакторларының да тоңмойындығы шыдамын тезге салды. Тек күрескерлік қайсар қайраткерлігі ғана оны бұл иірімнен аман алып шықты. Империялық-идеологиялық қысым мен шетқақпайды былай қойғанда, алты – аласы, бес – бересі жоқ қаймана тұлғалардың да қастандыққа бергісіз қиянаты бір жақты әрі үстірт айтылып келеді. Ол көрген қиянаттың барлығын кеңестік қысым саясатына сілтей салады. Ал, шынында, солардың дені ұлттық идеяның ұюына мүдделі өз әріптестері еді. Оның жігі толық ажыратылмай, Ілияс Есенберлиннің күрделі де күрмеулі тұлғасы барлық болмысымен танылмайды.
Ол «Көшпенділер» трилогия­сының бірінші кітабін: «Қазақ деген ұлт – алмас қылыш сияқты. Қалай сермесең де қиып түседі. Сол қылыш бүгін де қынынан суырылып, жүзі жарқылдап тұр. Мәселе, кімнің қолына түседі, ол қалай ұстайды, кімге қарсы сермейді, соған байланысты» деп аяқтаған еді.
Сол алмас қылышты қазір де тот басқан жоқ. Жүзі жанылған, қыннан суырылған күйінде. Әділ де арлы қолға қашанда ұсталуға дайын. Міне, ұлт азаттығы аңсарының ұйытқысы Ілияс Есенберлиннің тұлғасы туралы толғанғанда, оның шығармашылық аңсары осындай ойларға жетелейді.
– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбатты жүргізген
Гүлдана ТАЛҒАТҚЫЗЫ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button