Мәдениет

ТАЛАЙДЫ ТАМСАНТҚАН ТАЛАНТТЫ ТРИО

Тыныбековтер

Кеше «Астана Опера» театрының камералық залында «Романтизм жауһарлары» атты концерт өтті. Кеш II халықаралық «Жібек жолы» фестивалінің аясында ұйымдастырылған.

Екі бөлімнен тұратын концертке талантты отандастарымыз Ботагөз бен Болат Тыныбековтер және британ пианисі София Рамэн қатысты. Музыканттар концерттік бағдарламаға тыңғылықты дайындалған. Олардың орындалуында  романтизм дәуірінің камералық музыкасының көрнекті шығармалары: Л. Бетховен, Й. Брамс, Ф. Шуберт және Ф. Мендельсонның композициялары ойналды. Талантты  Тыныбековтер музыканың барлық стиліне көңіл бөлгенімен, жанына романтизм жанры ерекше жақын екендігін айтады.

Цюрихтегі өнер университетін үздік тәмамдаған Ботагөз  скрипка тартады. Ол Лондондағы «Альберт-Холл», Берлиндегі «Концертхаус», Цюрихтегі «Тонхалле» және пекиндік Опера залдарында өнер көрсеткен. Ал, жастайынан виолончель аспабына ден қойған Болат қазір Алматыдағы музыка мектептерінің бірінде сабақ береді. Өзі – Лондондағы «Гилдхолл» музыка және драма жоғары мектебінің магистранты. Ағайынды Тыныбековтер бүгінде ағылшын, неміс, қытай, швейцариялық және италиялық тыңдарманға кең танылып үлгерген.

Әлемге әйгілі музыкант, Белфаст университеті мен Стокгольм музыка академиясының профессоры София Рамэн Қазақстанға осымен үшінші рет келіп отыр екен. «Мұның алдында Алматы және Қарағанды қалаларына жолым түсті. Осы сапарда алғаш рет «Астана Опера» сахнасына шықтым. Астаналық тыңдармандарға музыканың өн бойындағы драманы, құштарлық сезімді жеткізе алдық деп ойлаймын. Қазақстандықтар мені қашанда құшақ жая қарсы алады. Жергілікті тұрғындар жомарт әрі қонақжай» дейді София ағынан жарылып.

Қазақстандық-британдық трионың музыка кештері бұған дейін Кембридж университетінде, Лондонның ұлттық галереясында, Ұлыбритания Корольдігінің азиялық қауымдастығында аншлагпен өткен екен. Трионың «Астана Опера» театрында өткен концерті де астаналық тыңдармандардың тоқтаусыз шапалағы мен риясыз қошеметіне ие болды.

Роза ӘРЕН

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button