ЖаңалықтарМәдениет

«ҚАҢБАҚ ШАЛ» ҚОЙЫЛДЫ

DetOpera_PR_13

Елордалық Балалар филармониясы алғашқы маусымын Жолан Дәстеновтің «Қаңбақ шал» операсымен ашты. Астана қаласы мемлекеттік академиялық филармониясы симфониялық оркестрінің және камералық хордың сүйемелдеуімен өткен қойылымға классикалық вокал бөлімінің солистері мен «Артист» қазіргі заманғы би студиясының өнерпаздары қатысты.   

Бәрімізге бала кезден таныс кейіпкер – Қаңбақ шалдың партиясын Асылжан Кайыпов орындады. Дәудің рөлін Бақтияр Омаров ойнады. Түлкіні бейнелеу халықаралық байқаулардың лауреаты Айзада Қапоноваға бұйырды. Сондай-ақ, көпшілік сахналарға қатысқан Балалар филармониясының кішкентай әртістері өз өнерлерін көрсетті.
Жалпы, биыл филармонияға жас әртістерді қабылдау үшін арнайы іріктеу жүргізілді. Соның қорытындысында 7-12 жасар 20 бала қабылданды. Енді олар осы өнер ұжымы қоятын мюзиклдер мен операларға қатысады.
– Дарынсыз бала жоқ, музыкалық аспапқа қызығушылық танытқан кез келген жеткіншек өнер құдіретін түсінеді деп ойлаймын. Жас әртістеріміз Балалар филармониясының қатарына қабылданып, шығармашылыққа қадам басты. Кім біледі, оларды сахнадағы үлкен жетістіктерге апаратын баспалдақ қазір қаланып жатқан шығар, – дейді Астана қаласы мемлекеттік академиялық филармониясының бас директоры Сәкен Әбдірахманов.
Композитор Жолан Дәстенов «Қаңбақ шал» операсын 1979 жылы жазған. Аталмыш туынды кезінде Алматыдағы Абай атындағы Опера және балет театрының сахнасында қойылғанын айта кету керек.
Балалар филармониясының ұжымы осындай қойылымдар арқылы жас әртістер мен кішкентай көрермендерді классикалық музыка әлеміне жетелеуді, сондай-ақ, мәртебелі өнер көмегімен балғын жандарды рухани жағынан байытып, тәрбиелеуді көздеп отыр. Филармония репертуарына қазақ және орыс тілдерінде орындалатын шығармалар енеді. «Қаңбақ шал» операсынан кейін ұжым Астрид Линдгреннің «Пеппи ұзын шұлық» тетралогиясының негізінде жазылған Владимир Дашкевичтің «Пеппи» мюзиклін көпшілік назарына ұсынбақ.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button