#Жаңа Қазақстан

Ұлттың ұлы бірлігі керек

– Қаймана қазақтың қабырғасын қайыстырып, қан жылатқан қаңтар оқиғасына, міне, бір жыл толды. Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы «қара дақ» ретінде есімізде қалған бұл оқиғадан біз үлкен сабақ алуымыз тиіс.

Қазір қаңтар оқиғасына қатысты көптеген мәселе ашық айтылып, халыққа күңгірт болып келген біраз істің беті ашылды, қаңтар оқиғасына қатысқан мыңнан артық адамға рақымшылық жасалды. 2022 жылдың 23 желтоқсанында Президент Қасым-Жомарт ­Тоқаев Алматы қаласында қаңтар оқиғасының құрбандарына арналған «Тағзым» мемориалын ашты. Менің түсінігімде тағзым сөзі «бас ию» деген ұғымды білдіреді. Иә, біз қаңтар құрбандарына бас иіп, тағзым етеміз. Сонымен қатар қаңтар қасіретінің қайталанбауы үшін елімізге, халқымызға ұлы бірлік керек. Тағзымның түпкі мәні – осында.

Ұлттың ұлы бірлігі бізге не үшін керек? Ұлтымыздың ұлы бірлігі бізге болашақ ұрпағымыздың бақытты өмір сүруі үшін, туған Отанымыз – Қазақстанның қарыштап дамуы үшін керек. «Бірлік болмай, тірлік болмас» дейді халқымыз. Қаңтар оқиғасының қайта қайталанбауы үшін ең әуелі ұлтымыз­да ауызбіршілік, идея тұтастығы болу керек. Әрине, қаңтар оқиғасы қоғамда қордаланған әлеуметтік мәселелер мен билік жүйесіндегі теңсіздіктерге қарсы наразылықтан бастау алды. Десек те оның артында ел ішін ала тайдай бүлдіретін арандатушы мақсаттағы адамдар да жоқ емес. Бұл – елдігіміз, бірлігіміз үшін үлкен сынақ. Әрине, еліміздегі әлеуметтік теңсіздіктерге, билік жүйесіндегі жемқорлыққа, мемлекеттік басқару жүйесіндегі кейбір шенділердің ұлттың мүддесін аяққа таптап отырған ашкөздігіне наразы екені рас. Бірақ «битке өкпелеп, тоныңды итке тастама» дегендей, оған бола елдікті, тәуелсіздікті тәрк етуге болмайды.

Ұлт болып ұйысып, жұрт болып жұмылып, ұлттың ұлы бірлігіне қол жеткізейік!

Сәдібек ТҮГЕЛ, Қазақстанның

Еңбек сіңірген қайраткері

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button