Мәдениет

Кәрімді танытатын кітап

Астанадағы «Достық» үйінде «Ұлы дала тұлғалары» сериясымен жарық көрген «Карим Мынбаев» кітабының таныстырылымы өтті.

Бұл кітап – осының алдында қазақ тілінде шыққан ғылыми монографияның орыс тіліндегі аудармасы. Авторлары – Мемлекет тарихы институтының ғалымдары Сейітқали Дүйсен мен Жабай Қалиев. Бірақ орыс тіліндегі нұсқаны академиктің балалары Жапар Мыңбаев пен Алма Кәрімқызы жаңа деректермен толықтырды. Сондықтан олар қосалқы авторлар ретінде жазылды.

Мемлекет тарихы институты директорының орынбасары, тарих ғылымдарының докторы Бүркітбай Аяған жүргізген жиынға отандық тарихшылар мен тұлғатанушы ғалымдар, жас зерттеушілер қатысты. АҚШ-тан онлайн байланысқа Жапар Кәрімұлы қосылып, баяндама жасады.

Ол әкесі мен оның араласқан ортасы, Кәрім Мыңбаевтың Николай Вавилов, Қаныш Сәтбаев, Михаил Усанович, Бауыржан Момышұлы, Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден ­Мұстафин, Қалибек Қуанышбаев, т.б. әдебиет пен мәдениет, өнер мен ғалым қайраткерлерімен байланысы, ғалымның отбасы туралы деректерді жеткізді.

Биология ғылымдарының докторы, мыңбаевтанушы Әйіп Ысқақов, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті тарих факультетінің деканы Тілеген Садықов, Мемлекет тарихы институтының қызметкері Амангелді Қашқынбаев, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің профессоры Қайрат Исахан, тарих ғылымдарының докторы Мақсат Алпысбес академик жайлы пікірлерін айтты.

Бір айта кетерлігі, Астанада Кәрім Мыңбаевтың атына көше мен мектеп беру ұсынылған. Бұл ұсыныс қазір қаралып жатыр.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button