Басты ақпаратТаным

Жаһандық деңгейдегі саясаткер

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев түбегейлі экономикалық реформаларға кіріскен 1995 жылдың қаңтар айынан тамыз айына дейін 140-тан астам заңдық күші бар «нарықтық» жарлыққа қол қойған. Әрине, егер оның әрқайсысы Пар­ламентте жеке заң ретінде қаралып, талқыланып, Парламенттің жұмыс регламентіне сәйкес жүзеге асатын болса, кезек күттірмей шешілуі тиіс аса күрделі мәселелер әлі талай жыл бойы өзінің заңдық негізін күтіп жата беретін еді.

Жиырма бірінші ғасырдағы экономикалық өзгерістер күн санап тереңдеп бара жатқан жаһандану үрдісінің аясында өрбуде. Сонымен қатар бұл үрдістің бір-біріне мүлдем қабыспайтын қарама-қайшы, кереғар сипаты ТМД аумағында көрініс табуда. Бір мемлекеттер әлемдік эко­номикамен барынша ықпалдасқан, ашық та анық экономикалық сая­сат құруды көздесе, енді біреулері керісінше байланыстардың барлығын үзіп, шекарасының іргесін барша азаматтарының игілігіне қызмет ететін технологиялық және басқа да жетістіктерден оқшаулайтын жабық экономикалық саясатқа бет бұруда. Әлемнің барша мемлекеттерінің даму барысы адамзаттың көзін жеткізген бір ақиқат – қазақ айта­тын «ортақ өгізден оңаша бұзау артық» деген мақалдың мағынасы әлдеқашан ескіргені. Қазір өзіңнің экономикалық әлеуетіңді де, саяси ұстанымдарыңды да басқа мем­лекеттермен, әсіресе күнделікті алыс-берісің мен барыс-келісің жалғасып жататын көрші мемлекет­термен үйлестіре қимылдамасаң, ай мен күннің аманында құлдырауың әбден мүмкін. Орталық Азияның ғана емес, күні кеше ғана Кеңес Одағының қолтығынан шыққан ТМД аумағындағы бірқатар мем­лекеттер басшыларының жиыны осынау қарапайым қағиданы терең ұғынуға жетпей жатқан тұста өзінің көрегендігімен де, елінің болашағына қатысты әрбір мәселені тереңнен толғап ойлайтын кемеңгерлігімен де ерекшеленген Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан На­зарбаев болатын. Ол елінің қарқынды дамуына кедергі болуы мүмкін зама­науи проблемаларға терең бойлап, стратегиялық тұрғыдан түсініп барып, елінің әлеуметтік нарықтық шаруашылығының даму түйткілдерін шешудің асқан жауапкершілігін абы­роймен арқалай білді.

Былайша айтқанда, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев заманның өзі тудырған талап «жаңаша жаңғыру» үрдісінің түпкі мәнін ерте түсініп, оның шешімін тапты. Ол мемлекеттік саясатта кешегі жоспарлы экономикалық жүйесі бар коммунистік құрылымды елді әп-сәтте аударып-төңкеріп, бір сәтте 180 градусқа бұрып, бәрін өзгерте қоюға ұмтылған батыстың нарықтық идеологиясына жол бермей, барлығын біртіндеп, өмірдің қалыпты ағысынан ауа жайылтпай өзгертуді қолға алды. Нәтижесінде алыс болашақтағы мақсаттарды көздейтін «Қазақстан 2030» бағдарламасы, индустриалды-инновациялық стратегиясы, жан-жақты жаңғыртуды жеделдету және әлемнің бәсекеге барынша қабілетті елу мемлекетінің қатарына қосылу секілді айрықша маңызды бағдарламалар мен жоба жоспарлар дүниеге келді.

Шетелдік сарапшылар оң бағалайтын Қазақстандық жаңғырудың ең басты ерекшелігі – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев алдымен елдегі экономикалық түйткілдерді шешіп, экономикалық реформаларды жүйелі түрде жүзеге асырып алғаннан кейін саяси реформаларға көшкендігі. Қай заманның нақылы болса да «сананы тұрмыс билейтіні» ешқашан ескірмейтін аксиома. Сондықтан, жалаңаш елді киіндіріп, аш елді той­ындырып алып барып қолға алмаса, саяси реформа дегеніңіз жарыместің қолындағы бомба іспетті аса қауіпті дүние. Тыңғылықты да тиянақты түрде жүргізілген экономикалық ре­формалар өзінің жемісін көп ұзамай берді. Қазақстан тек ТМД аумағында ғана емес, жалпы дүниежүзіндегі ең тұрақты, әрі қарқынды даму­шы мемлекеттердің біріне айнал­ды. 2000-шы жылдардан бастап еліміздің Жалпы Ішкі Өнімінің өсімі тұрақты түрде 10 пайыздан астам көрсеткіштен түскен жоқ.Әлем елдерінің барлығы дүниежүзілік дағдарыс кезінде өспек түгілі, басты көрсеткіштер бойынша кері кетіп жатқан кезде Қазақстанның өсімі қосу көрсеткіштен айнымады. Соңғы оннан аса жылда өнеркәсіптің өсімі 9 пайыз ауылшаруашылығының өсімі 4 пайыздан ешқашан кеміген емес. Осының арқасында Қазақстан ұзақмерзімдік даму мақсаттары айқындалған таза әлеуметтік мемлекет­ке айналды.

Бір ғана мысал: Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев түбегейлі экономикалық реформаларға кіріскен 1995 жылдың қаңтар айынан тамыз айына дейін 140-тан астам заңдық күші бар «нарықтық» жарлық шығарған. Әрине, егер оның әрқайсысы Парла­ментте жеке заң ретінде қаралып, талқыланып, халық қалаулыларының жұмыс регламентіне сәйкес жүзеге асатын болса, кезек күттірмей шешілуі тиіс аса күрделі мәселелер әлі талай жыл бойы өзінің заңдық негізін күтіп жата беретін еді. Елбасы қолға алынуы қажет түйткілдердің барлығын жарлықтармен реттей отырып, халық қалаулыларынан да әрбір экономикалық мәселені заңдық тұрғыдан реттейтін толыққанды заңнамалық актілердің са­палы да өміршең болып дүниеге келуің талап етті. Кезі келген кез­де жоғарыда айтылған жарлықтар біртіндеп қабылданған заңдарға орынын босатып отырды. Ең ба­стысы, Елбасының жарлықтары арқылы барынша қысқа мерзім ішінде нарықтық қайта құрулардың заңнамалық алғышарттары жасалып, президенттің идеялары бірінен соң өмірге жолдама алып жатты. Осылай мықты мемлекеттік билік қажет бола қалған жағдайда тиімді нарықтық экономиканы өз қолымен құруға қабілетті екенін дүйім әлемге әйгіледі.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жағдай соны талап етіп отырса, мемлекеттік реттеудің жаңа тетіктерін дереу іске қосу қажеттігін үнемі айтып келеді және керек кезінде оны өзі де іске қоса білді. Оны біз осыдан бірнеше жыл бұрынғы дүниежүзілік дағдарыстың алғашқы легі Қазақстанға жете бастағанда Елбасы тарапынан атқарушы билікке уақтылы, тіпті, дер шағында берілген нақты тапсырмалар мен үкіметтің сол тапсырмаларға сәйкес ширақ қимылдағанының арқасында үлкен апаттан аман қалған экономикамыздың аяқ алысынан-ақ көрдік.

Президент жақындағы көршілер қандай қарекеттер қылып жатқанын және ол қарекеттердің оларға қалай әсер етіп жатқанын, сонымен қатар әлемнің әр қиырындағы әртүрлі экономикалық жағдайлары бар, сондықтан да әртүрлі тірлік қылатын елдердің қимылдарын мұқият бақылап отыратынын, әрі олардың әрбір әрекеттерін ой сүзгісінен өткізіп, саралап-сарап­тап отыратынын көрдік. Соның арқасында әлемдік экономиканың Қазақстанға жағымсыз ықпал етуі мүмкін тұстарын ерте бастан байқап, мәселенің алдын алудың қапысыз шаралары қарастырылатынын білдік. Нұрсұлтан Назарбаев тіпті Еуропалық Одақтың өзі бола ма, болмай ма деген мәселе күн тәртібіне енді шығып жатқан заманда, ал ТМД аумағындағы мемлекеттер өз қолдары өз ауыздарына жеткеніне мәз болып, әркім әр жаққа бет-бетімен лағып жатқан кезде терең ықпалдастық болмайынша, толыққанды табысқа жету мүмкін еместігін айтқан бірден-бір көреген саясаткер. Сонау тоқсаныншы жылдардың басында Еуразиялық ықпалдастық идеясын көтергенде ешкім оның тереңнен толғаған маңызды бастамасына мән бере қоймағанмен, арада аз ғана өткенде бұл бастаманың қаншалықты маңызды болғанын барлығы мойын­дады емес пе?!

Соның арқасында оның барлық елдер бірлесе күш сала отырып, жаңа тұрпатты ықпалдастық ұйымы Еура­зия Одағын құруы қажеттігі жөніндегі идеясы көп ұзамай құрлықтағы ең озық ойлы стратегиялық идеяға айналды. Қазірдің өзінде қарқынды жүзеге асырыла бастаған бұл идея болашақта жекелеген елдердің ғана емес, тұтас өркениеттердің әріптестігіне негіз бола отырып, әлемнің геосаяси құрылымына өзінің ізін қалдыратыны сөзсіз.

Әрбір жаңаша идеясы серпінді қадамға айналатын Мемлекет басшысының ТМД елдерімен ынтымақтастығы ұстанымдары аса жемісті болды. Тиімді жұмыс істеп баршаға үлгі болған, көрші мемлекеттер қосылуға, алыс жатқан елдер тығыз ынтымақтастық орнатуға ықылас танытқан ықпалдастық ұйымдары – Кеден Одағы, Еуразия Экономикалық Қоғамастығы, Шан­хай Ынтымақтастығы Ұйымы және басқа да көптеген ықпалдастық ұйымдары және жалпы Еуразиялық тұтастық идеясы Нұрсұлтан Назарбаевтың қаншама жылдан бергі қажырлы еңбегінің арқасы.

Нұрсұлтан Назарбаев – тек бір ғана мемлекеттің емес, барша адамзаттың қамын ойлар үлкен тұлға. Оның Біріккен Ұлттар Ұйымын реформа­лау, жаһандық энергетикалық және экологиялық стратегияны дайындау, сондай ақ әлемдік энергетикалық тепе-теңдікті сақтаудағы әрбір мемлекеттің үлесі туралы бастама­лары шын мәнінде тек жаһандық деңгейдегі тұлғалар қамын жейтін жалпы адамзаттық түйткілдер екені даусыз.

Сол себепті де оның бастама­ларына әлем елдерінің көпшілігі қызығушылық танытып, оған қолдау білдіріп жататынына таңғалуға бол­майды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев – күллі әлемді мойындатқан тұлға.

ТМД аумағындағы ғана емес, тұтас еуразия құрлығындағы ықпалдастық үрдісінің көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі талай тамаша табыстарға жеткен Қазақстанның заманауи тарихына алтын әріптермен жазылатыны анық. Себебі, шексіз саяси ерік-жігері мен әрбір идеясын тап-тұйнақ етіп жүзеге асыруға қабілеті бар осындай мықты көшбасшысыз қандай мемлекеттің де қандай да бір жетістіктерге қол жеткізе қоюы, Қазақстанның басында болғандағыдай терең экономикалық күйзелістерден еңсе көтере қоюы екіталай.

Кешегі алапат дағдарыс уақытында да Қазақстан тұрақты түрде өзінің салмақты саясатымен ерекшеленді, ешқандай сасқалақтаусыз алдын ала ойластырылған дағдарысқа қарсы күрес шараларын іске қосып, алапат дағдарысты қиындықсыз игерді. Қазір дағдарыстан кейінгі оңалу кезеңін де аяқтап, бұрынғыдай тұрақты да қарқынды дамудың даңғылына қайта түсті.

Тарихтағы талай елдердің тәжірибесі көрсеткендей, тамыры тереңге кеткен қоғамдық дағдарыстан шығу мен тұрақты әлеуметтік экономикалық дамудың даңғылына түсу әрдайым алысты көздеген, мұқият ойластырылған ұзақмерзімді стратегиялық мақсаттарды айқындаудан бастау алады.

Қазақстанның дамуына да басты серпін берген, өткен емес, одан да бұрынғы алапат дағдарыстың уағында Елбасы Нұрсұлтан На­зарбаев өзі қолға алып, өз қолымен жазып шыққан стратегиялық бағдарлама – «Қазақстан 2030» болды. Ол Қазақстанның бүгінгі келбетін айқындауда тарихи роль атқарды. «Қазақстан 2030» – біздің басты бағдарымыз. Онда көрсетілген мақсаттарға ұмтыла берсек, еліміз ешқашан тура жолдан таймақ емес, халқымыз қалың нудан адаспай әрдайым жол табары анық.

Ғалым ҚОЖАБЕКОВ

Тағыда

Ғалым Қожабеков

«Астана ақшамы» газеті бас редакторының орынбасары

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button