Руханият

2018 жыл

Жыл еліміздің жүрегі Астананың 20 жылдығымен ерекшеленді. Қазақстанның заманға лайық жаңа астанасын салу идеясы мемлекетіміздің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа тиесілі. Елбасы астананы ресми көшіру туралы бұйрыққа 1997 жылы қол қойды. 1998 жылғы 6 мамырда Президент Жарлығымен Ақмоланың атауы Астана болып өзгертілді. Сол жылы 10 маусымда жаңа елорданың халықаралық тұсау кесер рәсімі өткізіліп, осы дата астананың туған күні ретінде аталып келді. 2006 жылдан бастап шілденің алтысы елорда күні ретінде тойлана бастады.

20 ЖЫЛДЫҚҚА ЖОСПАР

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мерейтойға байланысты Астана төрінде өтетін республикалық және халықаралық деңгейдегі 80-ге жуық шара өткізуді жоспарлады. Ал ҚР Үкіметінің қаулысымен ел көлемінде өтетін 175 шара бекітілді. Бұл шаралар халықаралық, республикалық және өңірлік деңгейде ұйымдастырылды. Соның ішінде «Астаналар шеруі: Астананың 20 жылдығы – әлемнің 20 астанасы» атты халықаралық мәдени имидждік жоба аясында әлемнің атақты 20 астанасының құттықтауы таныстырылды. «Астана – Елбасының төл туындысы, еліміздің стратегиялық орталығы. Біз бұл шараны да абыроймен атқарып, жыл да жетістікпен аяқталады деген сенімдемін. Биыл да ауқымды жұмыстар жоспарланып отыр. Тұран, Қабанбай батыр және Мәңгілік Ел даңғылдарында көлік кептелісін азайту үшін Бейсекова көшесінен Тұран даңғылына дейінгі және Тәуелсіздік көшесінен ­Қалдаяқов көшесіне дейінгі учаскесінде Ұлы Дала көшесінің құрылысы жүргізіледі. Сонымен қатар 2018 жылдан бастап 60 км веложол салынатын болады» деді қала әкімі Ә.Исекешев жыл басында Елбасы Жолдауын талқылауға арналған және өткен жылды қорытындылау жиынында.

ДӘСТҮРЛІ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК МЕДИА АРАСЫНДАҒЫ КҮРЕС

Ақпарат алаңында дәстүрлі журналистиканы классикалық журналистикаға жатпайтын блогерлер, мессенджерлер мен әлеуметтік желілер барған сайын ығыстыра түсуі басылымның 2018 жылғы сандарында өзекті мәселе етіп көрсетілді. Жаңа медиа қоғамдық пікір қалыптастыруда кәсіби журналистикамен бәсекелесе алмайтыны анық. Бұдан дәстүрлі журналистикаға қауіп төне ме? Осы мәселеге орай қазақ журналистикасының майталмандары сол жылы 28 маусымда жарияланған «Өркениетті қоғамда шынайы ақпаратсыз даму жоқ» атты мақалада пікір білдірген екен. Филология ғылымдарының докторы, профессор Намазалы ­Омашевтің айтуынша, бұдан трагедия жасаудың керегі жоқ. «Дамыған елдердің бәрінде солай. Өз басым классикалық журналистикаға сенім азаяды дегенге мүлдем қарсымын. Екіншіден, журналистиканы классикалық және классикалық емес деп екіге бөлу дұрыс емес. Неліктен бұрынғысы классикалық болып, бүгінгісі болмау керек? Меніңше, классикалық дегеннен гөрі қалыптасқан журналистика деген дұрыс» дейді ол.

ЕЛОРДАНЫ ЕРЕКШЕЛЕУ НЕМЕСЕ ТУРИЗМ МӘСЕЛЕЛЕРІ

2018 жылы Үкімет туристік саланы дамытудың 2023 жылға дейінгі жаңартылған тұжырымдамасында ішкі туризм үлесін 8 пайызға дейін арттыруды міндеттеді. Газеттің 26 наурыздағы санында туризм тақырыбын көтерген Гүлмира Аймағанбет ішкі туризмді ілгерілетуде Астана қаласында қандай кедергілер бар екенін анықтауға тырысқан. ­Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің туризм кафедрасының профессоры, PhD докторы Адай Секенұлының айтуынша, туризмнің ішкі істер, сыртқы істер, ұлттық қауіпсіздік, мейрамхана кешендері, ­емдеу-сауықтыру орындары, ұлттық парктер секілді 32 салаға жанама ықпалы бола тұра, оның көп нәрсеге құзіреттілігі жетпейді. «Қазіргі уақытта Қазақстан туризмі ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетпеу үшін әрі қарай жұмыс жасаудың механизмін дұрыстау керек. Астана қаласында осы салаға жетекшілік ететін комитет құрылғаны жөн. Барлық саланың басын қосып, әр уақытта жинала алатын, келешек қадамдарды ойластыра алатын туризмдегі механизмді қалыптастыруымыз керек» дейді ол. («Астана ақшамы»,№75, 26 маусым, 2018 жыл).

ҚАЛА АГЛОМЕРАЦИЯСЫН ДАМЫТУ ЖӘНЕ ЖАҢА АУДАН

Елорданың ел экономикасындағы рөлін көтеруге арналған жұмыстар қаланың 2016-2020 жылдарға арналған даму бағдарламасы аясында қарастырылған. Бұл жұмыстар әрине, халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға, халыққа жайлы ортаны қалыптас­тыруға бағытталған. Бас қаланы мекендейтіндердің саны жыл санап арта түскен сайын оның дамуына кері әсер ететін кедергілер де шығатыны белгілі. «2017 жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша елордада халық саны 1 020 722 адамды құрады. 2020 жылдың аяғына қарай тұрғындар 1 млн 200 мың адамға жетеді деп болжануда. Елорданың агломерациясын дамыту, қаланың солтүстігінде орналасқан шеткері аумақты тиісті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мақсатында қалада төртінші ауданды ашу жоспарланып отыр» делінген 13 ақпанда шыққан «Астанада төртінші аудан ашылады» атты мақалада. Автор Аманғали Қалжановтың айтуынша, Байқоңыр деп атау берілген жаңа ауданға Өндіріс және Железнодорожный тұрғын алаптары кіреді.

АСТАНАНЫҢ АРҒЫ ТАРИХЫ

Елорда аумағында тарихы X-ХIV ғасырға жататын Бозоқ қалашығы бар екенін көбіміз біле бермейміз. Мемлекет қорғауындағы ортағасырлық бұл қалашықтың бүгінгі орнын көруге арнайы уақыт бөлген газет тілшісі Назира Байырбектің осы сапардағы жазбасы тың деректерге толы құнды мақала болып шыққан. Журналистің ерінбей-жалықпай ізденіп, әріптестерінің айтуымен қалашық орнын тауып баруы, мәдениет министрлігі тарапынан осы жерді 2022 жылы Бозоқ музей-қорығына айналдыру бағытында жасалып жатқан жұмыстар туралы жақсы мәліметтер берген. Сол сапарда тілшілер алдынан шыққан ­Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің докторантурада оқитын тарихшы-ұстаз Серғазы Қайырбекұлы осы қалашықты 2000-жылдан бері зерттеп жүрген екен. «Бозоқ – осы жердегі ең табиғаты сұлу, шөбі шүйгін жерлердің бірі болған. Қыпшақтар бұл қаланы салғанда стратегиялық жағынан өте маңызды мәселелерге мән берген. Бұл қалашықтың орналасқан жері – Сарыарқаның ең биік нүктесі. Есіл мен Нұра өзендерінің түйіскен жері де – осы. Яғни, екі өзеннің арасы 40 шақырым ғана болса, қалашық сол кеңістіктің қақ ортасында тұр. Стратегиялық жағынан өте дұрыс таңдалған дейтіні, бұл қалашыққа кезінде жау келе алмаған екен. Өйткені айналасы жайылған су» дейді ол журналистерге берген сұхбатында. («Астана ақшамы», №69, «12 маусым, 2018 жыл»).

БАЛАЛАР ӘДЕБИЕТІНІҢ ЖАЙ-КҮЙІ

Егемендікпен ере келген нарықтық экономика қоғамның көп саласын тоқыратып, соның салқыны руханиятқа да тиді. Басқа жанрлар 30 жылда қайта ес жиып үлгерсе де, балалар әдебиеті әлі де бұққан күйі жатыр. Балалар әдебиетінің дәуірлеген шағында түкпірдегі ауылға дейін балаларға арналған кітаптар келетін. Неге қазір ол кезең жоқ? Сонда да болса балалар әдебиеті тоқырап қалды деп айта алмаймыз деп жазушы ағаларына үміттене сұрау салған тілші Азамат Есенжолдың сауалнамасында осы мәселенің біраз түйіні айтылған. Солардың бірі жазушы Серік Асылбекұлы балалар әдебиетін, ең алдымен, мемлекет қамқорлығына алу қажет деп санайды. «Содан соң шетелдегі мықты деген балалар шығармаларын қазақшаға аударылса дейміз. Тәржімашылардың да еңбегі «инемен құдық қазғандай». Оған да демеу керек. Жасыратыны жоқ, қазір бәрі де материалдық қолдауға байланысты. Соған дұрыс ниет бұрылса, балалар әдебиеті алға дамиды» депті ол тілшіге берген жауабында. Ал жазушы Жолтай Жұмат-Әлмашұлы балалар әдебиетін тек қана көркем шығарма түрінде қалдырмай, кино тіліне айналдыру керек деп санайды. Себебі қазір әлемдік балалар әдебиеті 180 градусқа өзгерген. («Астана ақшамы», №65, 2 маусым, 2018 жыл).

ӨЗІНЕ-ӨЗІ ЖАУ БОЛҒАН ЖОҚ

Қазақ тарихындағы ең бір ауыр кезең болған саяси қуғын-сүргін құрбандарын жаппай қудалауға қатысты жаңсақ пікір бар. «Сол жылдары қазақтар өздерін өздері ұстап берді, сондықтан қазақтар басқа ұлттардан көп қырылды» деген ұғымдағы жазбалардың әлеу­меттік желілердегі парақшаларда көбейіп кетуі автордың зерттеу мақаласына себеп болған. Журналист Еркін Қыдыр мақаласында сөзіне дәйек болар статистиканы көрсете келе: «Рас, Қазақстанда репрессия жылдарында атылған адамдар саны бұдан сәл көптеу, ол 8 мыңға жуықтайды. Бірақ бұлар кейбіреулердің айтып жүргеніндей, жергілікті жұрт бір-бірін ұстап бере бергеннен орын алмады. Оның бәрі Мәскеуден жоспарлы тәртіппен берілген тапсырма (разнарядка) бойынша жүзеге асырылды. Мұны өз бетінше өзгертуге Ішкі істер халық комиссариаты (НКВД) жергілікті органдарының шамасы келмеген» деп қазақтардың өз қандасын сатпағанын дәлелдейтін деректерді ұсынады. («Астана ақшамы», №63, 29 мамыр, 2018 жыл).

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button