Басты ақпарат

Алтай КӨЛГІНОВ: «Жағдайдың әрі қарай қалай болатындығы бәрімізге байланысты»

Ведомствоаралық комиссия 17 тамыздан бастап еліміздегі карантин шараларының кезең-кезеңмен жеңілдетілетінін хабарлады. Алайда құзырлы мекемелер ашылатын нысандардың бәріне белгілі бір талаптар қойылатынын ескертті. Астанада карантинді ұзарта ма? Жаңа оқу жылы қалай басталады? Проблемалы үйлер қашан салынып бітеді? Осы және басқа да өзекті сұрақтарға елорда әкімі Алтай КӨЛГІНОВ Elorda Aqparat медиахолдингі мен «Астана» телеарнасының ELORDA LIVE бірлескен жобасының эфирінде жауап береді.

– Қазақстанда карантинді 17 тамызға дейін ұзартқаны белгілі. Кейбір өңірлерде тіпті қатаң шектеулер енгізді. Астаналықтар 17 тамыздан кейін карантинді ұзарта ма, жоқ па, білмей отыр.
– Карантинді ұзарту немесе алып тастау эпидемио­логиялық жағдайға байланысты. Қазіргі күні астанада дер кезінде карантин шараларын қабылдаудың және дәрігерлер күшінің арқасында эпидахуал айтарлықтай жақсара түскен. Біз енді карантиннен кейінгі кезеңге дайындалып жатырмыз. Кәсіпорындардың, бизнес басшыларының, иелерінің, сауда орталықтарын жалға алушылардың санитарлық нормаларды сақтауы жөнінде сөйлесіп жатырмыз. Індет жұқтыру қаупі жабық мекемелерде өте жоғары. Санитарлық нормалардың бұзылуына жол беруге болмайды. Адамдар шоғырланған жерлерге, жабық орындарға беттұмшасыз баруға болмайды, ол үшін заң бойынша жауапкершілік қарастырылған. Індеттің ушығып кетпеуі өзімізге байланысты.
ОРВИ мерзімі келуін ескере отырып, күзге мұқият дайындалу қажет. Денсау­лық сақтау нысандарын әзірлеп жатырмыз – 500 ден аса оттегі концентраторларын, соншама флуометрларды, арнайы төсектерді сатып алдық.
Біз бұған дейінгі қателерді қайталамауға тиіспіз, шамадан тыс менмен болмау керек. Беттұмша тағу міндетті. Қолдың гигиенасы мен әлеу­меттік қашықтықты сақтау – бұл да орындалуы міндетті қарапайым шарттар. Аса қажет болмаса адам­дар көп жиналатын жерлерге бармау керек. Қоғам вирустың барлығына сенбеді, адамдар көп жиналатын жерлерде жүрді, түрлі жиындар өткізді. Әркім өзінің денсаулығына жауапты екенін түсінуі тиіс. Мемлекеттік орган ретінде біз оны түсіндіреміз, бақылаймыз, бұл біздің ортақ міндетіміз. Індет үйінің табалдырығынан аттамауы үшін әркім қолынан келгеннің бәрін жасауы керек.
Бизнес, сауда нысандарының басшыларын бір мезетте 30-40 адамның ыстығын тексере алатын тепловизорларды қолдануға шақырамыз. Мұндай тепловизорларды біз емханаларға орнаттық. Күзде ОРВИ маусымында індетке ұшырау қаупі ұлғаяды, оған селқос қарауға болмайды. Сондықтан біз ол туралы ашық айтамыз, сақ болу қажет.

Қатаң шаралар нәтиже берді

– Карантин шараларының арқасында нақты қандай жетістіктерге қол жеткізілді?
– Біріншіден, карантин шаралары індеттің таралу екпінін бәсеңдетті. Президенттің карантин жарияла­ғаны бәрімізге жақсы көмек болды. 5 шілдеден 12 тамыз күніне дейін дәрігерді шақыру саны үш есе төмендеді. Оның ішінде КВИ белгілері бар шақырулар бойынша тәулігіне 500-ден қазір 40-қа түсті, көрсеткіш 12 есе азайды.
Стационарлар 99 пайыз­ға толды және қосымша күн сайын жаңасын ашып отыруға мәжбүр болдық. Біз теміржол ауруханасын инфекциялық карантин стационары етіп қайта жасақтадық, 1- қалалық аурухананы, 2-ші, 3-ші, балалар ауруханасын жасақтадық, өте жедел түрде «Рамада Плаза» мемлекеттік материал­дық резервтерден төсектер қойдық. ІІМ-нің госпиталы, республикалық кардиохирургиялық орталық – барлығы 16 стационар жұмыс істеді және олардың бәріне дерлік науқастар 100 пайыз­ға толды.
Карантин шараларының арқасында төсектердің жүк­темелігі қазіргі күні 14 па­йызды құрады. Жансақтау бөлімінің толықтылығы 3,7 есе төмендеді. Қазіргі күні біз 4 инфекциялық стационарды жаптық, келесі аптада тағы бесеуін жабамыз. Яғни, жағдай қалыпқа түсіп келеді. Оң үрдіс бар. Бірақ оған босаңсымауымыз керек, өткеннен сабақ алуға тиіспіз. Дәрігерлерге оңай болған жоқ. Өте қиын тиді, бірақ олар науқастарды жазып шығу үшін қолдан келгенінің бәрін жасады.
Естеріңізде шығар, бәрін жүре-бара үйренуге тура кел­ді: емдеу хаттамасы өз­гер­тілді, халықаралық
тә­жі­рибелер зерттелді, дәрі­лерді жедел сатып алу керек болды. Жағдай соған мәжбүр етті.
Фармацевтік компаниялардың дистрибьюторларына қаржы бөлдік, әйтсе де бұл олардың өз бизнесі болатын, қалыптастыру қорын құруға тура келді. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз еткен сияқты олардың айналым капиталына қаржы бөлдік. Ес­теріңізде шығар, бұл уақыттарда дәріханаларда үлкен кезек болатын, ел абыр-сабыр болды, кейбіреулер дәрі-дәрмекті керегінен артық сатып алып, нақты дәріге мұқтаждарды ештеңе қалдырды.
Осы уақыт ішінде 10 борттай дәрі-дәрмек жеткіздік: ыстықты түсіретін, антибиотиктер, вируске қарсы, антикоагулянттар, қанды сұ­йылтатын. Күзде осы жағдай қайталанбас үшін біз қазір Денсаулық сақтау министрлігімен, «СК-Фармациямен» бірлесіп қор жинау бойынша жұмыс істеп жатырмыз. 500 оттегі концентраторларын алуға бюджеттен ақша бөлдік, 200-ден астамын демеу­шілер алып берді. Олардың саны қазір 700-ге жетті. Енді біздің дәрігерлер оттегіні жылдамдатып беретін аппарат бар екенін айтады, оның нәтижелілігі жоғары. Біз осы жабдықтарды алуға бюджеттен қаржы бөлдік. Қосымша ИВЛ аппараттарын сатып алып жатырмыз, Денсаулық сақтау министрлігі де сатып алып жатыр. Олардың бәрін жедел сатып алдық, олардың көп бөлігі қазір стационарларда қолданыста, бірақ күзге тағы қамданып жатыр­мыз. «Рамада Плазаға» 500 аурухана төсектерін алдық. Алғашқы кездері, жедел қимылдау керек болғанда, мемлекеттік материалдық резервтен әскери төсектер алғанбыз, үлкен стадиондарды соған сай жарақтауға дайын болғанбыз. Абырой болғанда жағдай оған жеткізген жоқ. Карантин шаралары көмектесті. Бірақ біз өмір бойы карантин жағдайында бола алмаймыз.

Дерт салдарын жою керек

Осы уақыт ішінде уақытша жұмыссыз қалған адам­дарға көмек ретінде мемлекет көп қаржы бөлді, төменгі жалақы төледі. Екінші рет қайтадан карантин жарияланғанда көмек алу үшін 160 мың өтініш түсті, 134 мың адамға ол қайта төленді. Оның алдында 300 мың адам болған. Бұл экономикаға көп салмақ түсірді. Шағын және орта бизнес, көптеген қызмет көрсету салалары карантин кезінде тоқтап қалды, бұл адамдардың денсаулығы үшін, бизнесмендер оны түсінді. Бірақ ақырындап карантиннен шығу керек. Өзімізді тәртіпке бағындыруымыз керек. Қазір карантиннен кейінгі кезеңге мұқият дайындалып жатырмыз. Шағын және орта бизнестің, қызмет көрсету салаларының, әлеу­меттік нысандардың өкілдерімен күн сайын жұмыс істеп жатырмыз.
Карантин кезінде емханалар жоспарлы ем-шараларды тоқтатқан болатын, тек COVID-пен ғана айналысуға мәжбүр болды. 90, 70, 50 мың пациенттер бекітілген емханалар бар. Дәрігерлер үшін оның қандай зор жүктеме екенін түсінетін шығарсыздар!
Дәрігерлердің жетіспеу­шілігін колледж түлектерін жедел жұмылдыру арқылы шештік. Ол шамамен – 300. Бұл біздің резиденттер, медуниверситеттердің түлектері әрі қарай оқуларын резидентурада жалғастыру және бір мезетте инфекциялық статционарларда жұмыс істеу үшін жарты миллиард теңгенің грантын бөлдік.
Енді карантин шараларының арқасында жағдай тұрақталды. Жағдай жақсарды. 3-ауруханада бүгінгі күні 7 адам жатыр, індет өршіп тұрғанда 426 науқас болған. 1-ауруханада 757 науқасқа жеткен, қазір онда 32 адам жатыр. Жаңа модульдік инфекциялық ауруханада 200 төсек орнын жасақтағанбыз, қазір 96 пациент жатыр.
Карантин шараларын алып тастағанның өзінде біз вируске бұйрық бере алмайтынымызды түсінуіміз керек. Барлық мемлекеттердің басындағы жайт осы. Дамыған елдер – Ұлыбритания, Испания, Италия, АҚШ және олардың инфрақұрылымдары осындай жүктемеге тап болды. Оның бәрін интернет арқылы көріп-біліп отырмыз. Біз де арнайы сайт пен ситуациялық орталық құрдық. Алғашқы кездері қалай болғаны естеріңізде болар: пациентті 1-ші қалалық ауруханаға апаратын, ол толғанда 2-ші, 3-ші ауруханаларға апарды. Шағым көп болды. Ситуациялық орталықты сол үшін құрдық, оған барлық ақпарат салынып тұрды: барша бос төсек орындары онлайн-режимде көрсетіліп тұрды, ситуация­лық орталық науқастарды ретімен бөлді. Уақыт өте келе тәжірибе жинадық, ол қазір көп көмек болды. Енді күздің ОРВИ маусымына дайындалуымыз керек. Біз, сондай-ақ, ПЦР-тесттерді өткізу үшін зертханалар санын көбейттік, меджабдықтар сатып алдық. Бірақ, ауруханаға түспеу үшін өзіміз сақ болуға тиіспіз.Мектепке дайындалудамыз, бірақ көптеген мәселелер бар

– Пандемия білім сала­сына айтарлықтай әсер етті. Қазір көптеген ата-­аналар оқу процесіне алаң­дайды. Оқу жылы қалай ұйымдастырылады?
– Вирус барлық жоспарға, соның ішінде білім беру саласына өзгерістер енгізді. Біз мектептердің дайындығын қамтамасыз етудеміз. Әрине, қашықтан оқыту болады, бұл балалар мен мұғалімдердің, жалпы алғанда, әр отбасының қауіпсіздігі үшін қажет. Бізде 200 мыңнан аса оқушы бар. Бастауыш буын кезекші сыныптарда оқи алады. Кейбір отбасыларда ата-­анасының екеуі де жұмыс істейтіндіктен, балаларын қалдыратын жерлері жоқ. Балабақшаларда кезекшілік бойынша топтар жұмыс істейді, 15 адамнан аспайды. Бастауыш сыныптарда да солай, бір сыныпта 15 адамнан аспауы тиіс. Биыл 25 мың бала бірінші сыныпқа баруы керек, дәл осы уақытта 17 мыңы мектепке баруға өтініш білдірді. Мұғалімдер бұған дайындалуда, бірақ тамақ берілмейді, өйткені бұл қазірдің өзінде қауіпті саналады.
Оқулықтарды сатып аламыз. Қазірдің өзінде 1,5 миллионға жуық оқулық сатып алынды. Бұл үшін 2 миллиард 300 миллион теңге бөлінді. Кітаптардың көбі келді.
Компьютерге қатысты мәселелер жетерлік. Компьютер сатып алуға мүмкіндігі жоқ отбасылар бар. Мемлекет басшысының тап­сырмасы бойынша Үкімет қаржыландырды, тек компьютерлерді сатып алуға жергілікті және республикалық бюджеттен 6 миллиард теңге бөлінді. Бұл шамамен 35 мың компьютер. Бірінші кезекте оларды жетім балалар, ерекше қажеттіліктері бар балалар, аз қамтылған, көп балалы отбасылар, яғни халықтың әлеуметтік әлсіз санаттары алады. Біз оларды қашықтан оқыту кезінде мемлекет есебінен қамтамасыз етеміз. Өтініштер келіп түсті. Бес баладан көп отбасыларға екі компьютерден береміз. Сонымен қатар ша­мамен 23 мың роутер қарас­тырылған.
Қалада интернет жүйесі әлсіз жерлер бар. Біз бұл туралы ҚР Цифрлық даму министрлігімен бірлесіп, қосымша антенналар, роутерлер орнатып жатырмыз. Бұл осы сын кезеңде орын алып отырған қиындықтар.
Сонымен қатар, қазір мектепке дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Аз қамтылған отбасыларға мемлекет қаражаты есебінен мектеп формасын сатып алуға көмектесеміз. Былтыр бір оқушыға 30 мың теңге болса, биыл 40 мың теңге болды. Егер алдыңғы жылдары 6 мың бала көмек алса, биыл 13 мыңға жуық оқушыға осындай қолдау көрсетіледі. Бұл әлеу­меттік осал топтардағы балалар, ерекше қажеттіліктері бар балалар тәрбиеленетін отбасылар, аз қамтылған, жетім балалар және көп балалы отбасыларға берілетін көмек. Сонымен қатар «Мектепке жол» акциясы болады, біз бұл бағытта «Атамекен» кәсіпкерлер Палатасымен, отандық мектеп формасын өндірушілермен бірлесіп жұмыс жасаймыз. Аз қамтылған отбасыларға да қолдау білдіреміз. Бұл ақша тек мектепке киім сатып алуға бағытталған.
– Бұған дейін Нұр-Сұлтанда, әсіресе бастауыш сыныптарда мұғалімдер жетіспейтіндігі хабарланған болатын. Бұл мәселені қалай шешесіздер?
– Тұрғындар саны геометриялық қарқынмен өсуде. Қазір 1 миллион 200 мың тұрғын бар. Мектепке баратын балалар жыл сайын көбейіп келеді. Өткен жылы 24 мың бала бірінші сыныпқа барған болса, биыл 25 мың болды. 6 мың бала мектеп бітірді, ал қыркүйекте 25 мың оқушы келеді – бұл шамамен төрт есе көп, ал мұғалімдер саны бұрынғыша. Осы себепті мектептерге салмақ түсіп отыр, оның бәрінен хабардармыз.
Бүгінде 22 мектепте оқу­шылар саны шамадан тыс көп. Қалада үш ауысымдық сегіз мектеп бар. Өткен жылы 5 мың орындық мектептер салынды, егер екі ауысымда оқыса – 10 мың орын. Биыл 10 мың орындық 12 мектептің құрылысын аяқтап жатырмыз, яғни екі ауысымда 20 мың орын қамтамасыз етіледі.
Келесі жылға да дайындық жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Біз мектептер құрылысын салуды мемлекеттік-жеке меншік серіктестік жүйесі арқылы бастаймыз. Көріп отырғаныңыздай, коронавирус дағдарысы өмірімізге, жоспарымызға айтарлықтай өзгерістер енгізді. Көптеген үнемделген, оңтайландырылған қаражат әлеу­меттік салаға бағытталды. Бюджет шамамен 35 миллиард теңгеге оңтайландырылды және оның көп бөлігі әлеуметтік саланы қолдауға, коронавирустық дағдарысқа, COVID-ке қарсы күреске бағытталды. 2021 жылы ашылатын 20 мың орындық мектептердің құрылысына дайындық жұмыстарын жүргізудеміз. Егер екі ауысым болса, бұл 40 мың орынды қамтамасыз етуге көмектеседі.

Мұғалім мен дәрігер жетіспейді

Қазіргі уақытта 500 мұ­ғалім, сонымен бірге дәрігерлер жетіспейді. Өткен жылы 400 дәрігер жетіспеді, және індет кезінде олар үлкен жүктемені, ауыр сынды бастан өткерді. Сондықтан шұғыл түрде кадрлар тартылып, оларға әлеуметтік қолдау көрсетілді. Президент тапсыр­масымен ко­ро­навирус­пен күресу үшін қосымша төлемдер жасалды. Педагогтарға келетін болсақ, жас кадрларды тартатын боламыз. Бұл педагогикалық колледждер мен университеттердің түлектері. Биыл – мектептерімізге 500-ге жуық жас кадр келеді. Әрине, олар қосымша ақы төленетін біліктілігін арттыруы керек. Бұл сонымен қатар мұғалімдер үшін қосымша ынталандыру және әлеуметтік қолдау пакеті болмақ. Президент «Педагог мәртебесі туралы» заңға қол қойды, ол мұға­лімнің мүмкіндіктерін күшейтеді, жалақыны көтереді.
Елордаға әр аймақтан мұғалімдер келеді. Пандемиядан бұрын біз оқыту және тәжірибе алмасу үшін мұғалімдер тобын Кембриджге жіберіп, сол жерден мамандар шақырып отыр­дық. Бұл бағдарлама жақсы жұмыс істеді, бірақ коронавирустық дағдарыс кезінде тоқтатылды. Жұмыс­ты мұғалімдерді даярлау орталығымен бірге жалғастырамыз. Мектептер саламыз, ал білім сапасының қандай болатыны мұғалімдерге бай­ланыс­ты. Оларға қолдау керек, әлеуметтік қолдау әрқашан маңызды.
Отандық ипотекалық компаниямен келісім жасалды. Жыл соңына қарай сатып алу құқығы бар пәтерлер беретін боламыз. Бұл мақсатты бағдарлама бойынша – мұғалімдерге, дәрігерлерге, әлеуметтік қызметкерлерге, полиция қызметкерлеріне қолдау көрсетуге, яғни тұр­ғын үйге мұқтаж адамдар үшін ақша бөлінеді. 8000 пәтердің 1000-ы осы санатқа арналатын болады.
– Елордалық үш ауысымды мектептер қашан жойылады?
– Біз осы бағытта көп жұмыс істеп жатырмыз, бірақ бәрі көші-қон мен демографияға байланыс­ты. Биыл біз 12 мектеп саламыз, үш ауысымды сегіз мектептен үшеуінің мәселесі шешіледі. 22 мектеп шамадан тыс толық, дегенмен олардың да кейбіреуі үш ауысымнан алынып тасталады. Тұрғындар саны өсті, сондықтан ин­фрақұрылым да соған сай болуы тиіс.Ешкім де назардан тыс қалмайды

– Үлескерлердің мәселелері қалай шешіліп жатыр?
– Дағдарыстың үлескерлердің проблемаларына әсер етпеуі үшін мемлекет қолдан келгенін жасауда. Биыл біз 8 мың отбасы тұратын 20 тұрғын үй кешенін пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз. Дағдарыс бұл саланы да айналып өткен жоқ, ауру өршіген кезеңде кейбір құрылысшылар ауырып қалды, кей жерде құрылыс қарқыны бәсеңдеді. Осыған қарамастан күн сайын осы мәселені шешумен айналысамыз.
Бір пәтерді бірнеше адамға сат­қан жағдайлар болды. Бұл қылмыс үшін көптеген адамдар жауапқа тартылды. Мемлекет үлескерлерді өз қиындықтарымен бетпе-бет қалып қоймас үшін ақша бөледі. Бірақ мұның қайта­рылатын қаражат екенін түсінуіміз керек: үйді салып бітіру керек, құрылысшыларға жалақы төлеу керек.
Ең күрделі нысан – Жағалау ауданындағы үй, 30-блок. Ол іс жүзінде дайын, бірақ мердігер сенімді ақтамады, уәде береді, орындамайды, енді оған сенбейміз. Күнделікті бақылау да ұйымдас­тырылды. Ақша бар, тек мердігер жұмыс жасау керек. Кейде мынадай парадокс бар: жұмыс жүру үшін ақша саласың, бірақ, ол нәтиже бермейді. Ондайда жұмыс­ты жасай алатын адамға тап­сыру керек дейміз. Сотқа жүгінуге тура келеді.
Өткен жылы халықпен кездескенде эмоцияға ерік бергендер өте көп болды. Барлық жұмыстар жүріп жатыр, бірақ оларды аяқтау­ға уақыт қажет. Елордада 52 проблемалық нысан болса, қазір олардың саны азайды. Біз үлескерлерге ешкімнің назардан тыс қалмайтынын айтамыз.
– Биыл 8 мың әлеуметтік пәтер салынады. Бұл астананың бүкіл тарихындағы рекордтық сандар. Бұл пәтерлер қалай бөлінеді?
– Мемлекет басшысы әлеуметтік тұрғын үй құрылысының көлемін үш есеге арттыруды тапсырды. 2018 жылы 1100 пәтер берілсе, 2019 жылы 2900 пәтер пайдалануға берілді, биыл – 8000 әлеуметтік тұрғын үй берілмек. Бұл пәтерлер «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» салымшыларына, тұрғындардың әлеуметтік әлсіз топ­тарына, пәтер кезегінде тұр­ғандарға, үйлер бұзылып жат­қан апаттық жағдайдағы үй­лердің тұрғындарына, мұға­лімдер мен дәрігерлер­ге, «Бақытты отбасы» бағ­дарламасы бойынша әлеу­меттік жағдайы төмен от­ба­­сыларға таратылады. Біз пә­тер­лерді пропорционалды түр­де бөлеміз. Баспана мәселесі талай жылдан бері келе жат­қан мәселе, қазір қалада 46 мың адам баспана кезегінде тұр. Ол кезекке сәйкес беріледі. Бұл мәселе бойынша сұрақтар көп, сондықтан біз Тұрғын үй басқармасын құрдық.
Сонымен бірге азаматтарымыз әртүрлі органдарға жүгірмеуі үшін, құжат рәсімдеумен айналысатын барлық органдар бір жерде болатын тұрғын үй орталығын ашқымыз келеді.

Жеке тұрғын үйлерге газ келеді

– Нұр-Сұлтанда газдан­дырудың бірінші кезеңі жүзеге асырылуда және газбен жабдықтау желілеріне қосылуға техникалық шарттар беру басталды. Көгілдір отын қай аудандарға жеткізілді және тұрғындар үйіне газ кіргізу үшін қайда барады?
– Елорданы газдандыру – бұл Елбасының, Қазақстанның Тұңғыш Президентінің бес әлеуметтік бастамасы аясында жүзеге асырылатын стратегиялық жобасы. Бұл мәселе Мемлекет басшысының ерекше бақылауында.
Биыл газ Көктал, Көктал-2, Агроқалашық, Железнодорожный, Промышленный тұрғын алабына жеткізіледі. Сондай-ақ, 1-2 ЖЭО газға ауыстырылуда, тұрғын аудандарда газ тарату желілері салынуда. Штабтар ашылды, онда жеке үйлердің иелеріне газға қосылуға техникалық жағдай жасалған. Біз үйлерге газ құбырларын тартамыз, газ есептегішпен қамтамасыз етеміз, ал үйдің аумағында және ішінде иелері лицензияланған компанияны жалдап, қажетті жабдықтар мен желілерді орнатады. Газдандырудың арқасында ауаға шығарылатын зиянды қалдықтар көлемі 40 мың тоннаға азаятын болады.

Жадыра ШАМҰРАТОВА,
Дәулет АСАУОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button