Басты ақпаратҚала тіршілігі

«АҚЫЛДЫ ҚАЛАНЫҢ» АЛҒАШҚЫ ҚАДАМДАРЫ

Бас қала елдің басқа аймақтарына несімен үлгі бола алады? Бұл сұрақтың жауабын тарқатар болсақ, басқасын айтпағанда, елорда елдің өзге қалаларына инновациялық дамуымен жол көрсете алады.

Бүгінде кіндік қаланы ғаламдық бәсекеге қабілетті етіп дамытуды негізге алған «Smart Astana» концепциясы қабылданды. Яғни, бұл тұжырым Астананың «ақылын» кіргізуді діттеп отыр.

Инновация – замана тудырған қажеттілік. Осы күні әлемді тек жаңалықпен ғана таң қалдырып, бәсекелі кеңістікке тұмсық тыға аламыз. Ел орталығы – Астанада бұл мәселеге жіті мән беретіні сондықтан. Үдемелі индустриалды-инновациялық дамуды мықтап қолға алған елімізде осы күні инновацияны меңгеру әрі оны тәжірибеге енгізу маңызды болып отыр. Бұл ретте «Астана Innovations» АҚ жүктеліп отырған міндет те көп.

Өткен жылы «Астана-инвест» форумынан кейін құрылған кәсіпорынның мақсаты – жоғарғы технологиялық даму жобаларын енгізіп, қаланың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға жағдай жасау. Кәсіпорынның межелеген мақсатқа жетудегі алғашқы қадамының қарқыны да осал емес. Нақты айтсақ, 2011 жылы «Smart Astana» тұжырымдамасын жүзеге асырудың алғашқы адымдары бастау алды. Ол қауіпсіздік пен қызмет көрсетуді дамытудың жаңа сатысы десек болады. Елорда тұрғындарының өмір сүру жағдайын жақсарту, мемлекеттік қызмет түрлерін жаңарту, қалалық желілердің интеграциясын жақсартуды көздеп отыр.

«Ақылды қаланың» алғышарттары бес жобадан тұрады. Бұл бес инновациялық жобалар денсаулық сақтау, білім беру және ақпараттық технологиялар саласына тікелей қатысты. Әрқайсысын айтар болсақ, алғаш болып іске қосылған «Open Wi-Fi» жобасы – Wi-Fi нүктелерін орнату арқылы халықты тегін интернет желісімен қамтуға бағытталған. Жобаның алғашқы кезеңі өткен жылы сол жағалауда бастау алды. Екінші кезеңі биыл елорданың тарихи ескі бөлігіндегі қоғамдық орындарды қамтыды. «Болашақтың мектебі – бүгін» жобасы Астана мектептеріне кешенді қауіпсіздік жүйесін енгізуге арналған. Оқушыларға берілетін көпфункциялы электронды куәлік мектепке келген және мектептен қайтқан уақытта ата-аналарына sms арқылы хабар беріп отырады. Яғни, сол электронды куәліктің арқасында үйдегі ата-ана түздегі баласын бақылап отырады. Жоба жетекшілерінің айтуынша, болашақта ол куәлік мектептегі тамақтануды немесе қоғамдық көлікте жүру ақысын төлеу қызметтерін атқара алады. Бүгінде аталмыш жобаның қанатқақты нұсқасы №54 мектеп-лицейіне тәжірибе ретінде енгізілді. Жобаның екінші кезеңі биыл қаладағы 10 мектепте енгізілетін болады.

«Ақылды қаланың» тағы бір ақылды қадамы – «Е-жедел-жәрдем» деп аталады. Ол жедел медициналық жәрдем қызметінің сапасын арттыруды діттеп отыр. Соған сәйкес, жедел жәрдем бригадалары бір басына бірнеше қызметтерді қамтыған планшетті құралдармен жабдықталған. 2012 жылдың бірінші тоқсанының нәтижесі көрсеткендей, жедел-жәрдем қызметімен қамтылғандардың саны 32 пайызға артқанын көрсетті.

Төртінші жоба – «3D технологиялар орталығы» жобасы. Заманауи 3D технологияларды оқыту, зерттеулер мен сараптама жасау орталығының қандай мақсатта құрылғаны атынан-ақ білініп тұр. Тағы бір тың жоба – «Қазақстан-чехиялық технологиялық орталығы» деп аталады. Екі ел бірігіп қолға алған жобаның мақсаты – Астана кәсіпорындарының жұмысын жаңғырту және инженерлік-техникалық мамандарды оқыту.

Бұдан бөлек «Астана-Инновейшенс» АҚ-да технологиялық бизнес-инкубатор, инвесторларға қолдау көрсету орталықтары жұмыс істеп тұр. Қай жағынан алсақ та, кәсіпорын инновациялық дамуға серпін беретін тың бастамаларға толы.

Айнұр ШОШАЕВА

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button