Басты ақпарат

Әркім өзінен бастаса…

Руслан Түсіпбеков деген әлеуметтік желі қолданушы бас қаладағы бір дәмханада көргенін мысалға алып, фейсбукке «Орыстанған Астана» атты пост жазды. Бұл мәселеге белгілі журналист Әділбек Қаба үн қосып, «Астананы қайтсек қазақша сөйлетеміз?» ­деген сұрақ қойып, халықты ой бөлісуге шақырды. Оған пікір жазғандардың дені бәрін жоғары жақтан бастау керек деп есептейді. Адамның сана-сезіміне сілтегендер де жоқ емес. Бұл пікірлердің барлығының жаны бар. Алайда тым таусыла берген де жарамайды.

Елбасы айтқандай, «Астана келбеті – ұлт келбеті». Ұлтымыз қандай болса, Астанамыз да сондай. Оның үстіне, елордаға халық әр қиырдан жиналды. Мемлекет басшысы бас болып, «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде», «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін», «Қазақстандықтардың басын біріктіруші фактор – қазақ тілі» деп жоғары мінберлерде айтылып жүр. Елімізде Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы да бар. Оның негізгі мақсаты – мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту. Соған сәйкес, қазақ тілін меңгерген халықтың үлесін 2017 жылға қарай – 80 пайызға, 2020 жылға қарай 90 пайызға жеткізу межесі қойылды.
Астана қаласының Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы осыдан екі жыл бұрын әлеу­меттік зерттеу жүргізді. Соның қорытындысында елордада мем­­лекеттік тілді меңгерген ере­сектердің үлесі 81 пайыз екені анық­талды. Ал орыс тілін біле­тіндер 99 пайыз болып шықты. Бір қызығы, қазақ тіліндегі сауалнаманы таңдаушылардың саны 36,8 пайыз ғана болды. Ал орыс тіліндегі осындай сауалнаманы халықтың 61,5 пайызы таңдаған.
Осыдан өз қазағыма ана тілінің қажеті шамалы болып отырғанын пайымдаймыз. Қайда барсақ та, шаруамызды орыс тілінде тындыра саламыз. Оғыз Доған сынды тіліміз үшін шыр-пыр болғандарды даттаймыз немесе өзіміз еш әрекет етпей, сыртынан құр қолдап отырамыз.
Орыс тіліндегі сауалнаманы таңдағандай-ақ, банкомат қызметіндегі көбіміздің таң­дайтынымыз да осы тіл. Смартфондарымызға қазақ шриф­тін енгізуге ерініп, әлеуметтік же­ліге орыс әріптерімен жаза береміз.
Қазақ тілі мемлекеттік тіл болғанымен, елімізде, негізінен, орыс тілі үстемдік құрып отырғаны шындық. Қазақ тілін білмей-ақ жоғары қызметке тұруға болады. Тіліміздің мәртебесін көтеру үшін, оған қажеттілік тудыру мақсатында «Мемлекеттік тіл туралы» жеке заң қабылдау керек деп айтылғалы біраз болды. Алайда бұл ұсыныс әлі қолдау таппай отыр. Тіл мәселесі жоғарыдан реттелсе, қазақ тілін білмей, үлкен қызмет атқара алмайсың деген талап қойылса, еліміздегі қазақша білмейтін қандастарымыз түгіл, өзге ұлттар қазақша сайрап кетеді. Қазақтардың саны көбейсе, тіл мәселесі өзінен-өзі шешіледі деп айтатындар да бар.
«Қазақ тілі туралы айтқанда, істі алдымен өзімізден бастауымыз керектігі әр уақытта ұмыт қалады» деп айтқан еді бірде Елбасы. Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Тілеуғали Қышқашбаевпен жұмыс бабымен сөйлесіп қа­ла­тынымыз бар. Оның да пікірі осыған саяды. Аталмыш бас­қарма жыл сайын мемлекеттік қызметкерлерге, бюджеттік мекеме қызметшілеріне, қала тұрғындарына арналған қазақ тілін тегін оқу курстарын ұйым­дастырады. 2005 жылдан бастап қазіргі күндерге дейін бұл курс тыңдаушыларының саны 25 мың адамнан асты. Былтыр 1500 адам қазақ тілін үйренуге ниет танытты.
Расымен, ниет болса, кез келген тілді үйренуге болады. Қазір өзге ұлттан шықса да, қазақ тілін меңгерген, ана тілімізде сөйлеу арқылы нан тауып жүрген біраз адам бар. Айтқандай, Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының екі жыл бұрынғы зерттеуінше, елордада мемлекеттік тілді меңгерген ұлты қазақ емес ересектердің үлесі – 25 пайыз. Біздіңше, аз емес. Ендеше, қазақша білмейтін қандастарымыз намысқа тырысуы керек.
Мәселен, бірнеше жыл бұрын қазақша білмейді деп сыналып жүрген ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев қазір қазақша тәп-тәуір сөйлейді. ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов осы қызметке тағайындалғанда қазақша біл­мегені үшін сынның астында қал­ды. Министрдің ақталғандай болып айтқан жауабы адамның күлкісін келтірерліктей еді. Жуырда бір әріптесіміз онымен сұхбаттасып, Т.Сүлейменов қазақ­ша үйреніп жатқанын, қазір жап-жақсы сөйлейтінін айтып келді.
Иә, көп нәрсе адамның өзіне байланысты. Алысқа бармай, өз өмірімізден мысал келтірейік. Соған дейін балаларды тек орыс тілінде оқытқан ауылымыздағы мектебіміз 1992 жылы аралас мектепке айналды. Аудан басшылығы ең жоғарғы қазақ сыныбы сегізінші сынып болсын деп шешті. Дәл сол жылы сегізінші сыныпқа көшкен біз соған ілігіп кеттік. Ұстаздарымыз таңдауды өзімізге қалдырды. Сонда бір ғана қара көз сыныптасымыз «арпа ішінде бір бидай» болып орыс мектебінде қалды. Қалғанымыз қазақ мектебіне ауыстық. Сонда қазақша оқи алмаймыз деп ойламадық. Себебі бұған дейін мектепте орысша оқығанмен, үйде қазақша сөйлесетінбіз.
Бала қазақша сөйлеу үшін қазақ балабақшасы немесе қа­зақ мектебіне бару керек деген пікірлер де айтылып қалып жатады. Бұл жеткіліксіз деп ойлаймыз, біздің жағдайдағыдай үйдегі тәрбие де қазақша болуы керек деп есептейміз. Бала­бақша тәрбиешілеріне, мектеп ұстаздарына да көп нәрсе байланысты.
Күні кеше ғана жұмыстан қай­ту үшін автобусқа міндік. Әдеттегідей, орын болмай, қолына бір сәбиді ұстап, жанына тағы бір баланы отырғызған келіншектің қасында тұрып қалыппыз. Бір кезде отырған 3-4 жасар сәби «Алтын күн аспаны, Алтын дән даласы…» деп әнұранымызды бастасын. Маңайда тұрған адамдар балаға риза болып қалдық. Ал анасы әнді қайдан үйренгенін сұрады. Сәби балабақшада үйреткенін жеткізді. Осыны естіген соң балаға ғана емес, тәрбиешісіне де разы болдық.
Қорыта айтқанда, тіл мәселе­сінде де бірлік керек деп есеп­тейміз. Жаппай бәріміз қазақша сөйлесек, ана тілімізде қызмет көрсетуді талап етсек, мәселе шешіледі. Заңгерлердің айтуынша, «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңға сәйкес тілге қатысты сотқа шағымдансақ, жеңіп шығамыз. Осылай деп таяуда заңгер Абзал Құспан айт­ты. Олай болса, жоғарыға жал­тақтамай, істі төменнен бастаған дұрыс секілді.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button