Басты ақпаратЖаңалықтар

АСТАНА ТҰРҒЫҢ КЕЛЕТІН ҚАЛА

ERA_9533Қазақтың Астанасы ТМД және Еуразиялық эконо­микалық қоғамдастықтың үздік қалаларды сараптайтын халықаралық байқауында «Тұрғың келетін қала» атанып, сайысқа қатысқан Мәскеу, Кишинев, Киев сынды ТМД мемлекеттерінің 35 шаһарын басып озды. Бұл – жайдан-жай беріле салатын атақ емес. Онда қалалардың экологиялық тазалығы, әсемдігі, көлік жүйесіне, білім саласына кешенді инновациялық технологияларды енгізуі,тұрғындарға барынша қолайлы жағдай жасауы, жастарды жұмысқа орналастырудағы тың бастамалардың бәрі де ескеріледі.

Жастарды жарылқаған «Жасыл ел»

Еуразиялық экономикалық қауым­дастық ТМД қалалары арасында өт­-кізілетін бұл байқауды осымен алтыншы рет ұйымдастырып отыр.  Конкурстық комиссия «Тұрғың келетін қала» номинациясына қатысушыларды іріктеген кезде алдымен жастарды жұмыспен қамту мәселесі мен экологиялық тазалыққа айрықша мән беріпті. Осы тұста Астанадағы Елбасының бастамасымен қолға алынған «Жасыл ел» жалпыұлттық  бағдарламасы – жастарды еңбекпен қамтудағы және қоршаған ортаны жасыл желекке айналдырудағы үздік жоба болып танылған.

Еліміздегі «Жасыл ел» бағдарламасы бүгінде республика жастарын жұмыспен қамтитын басты жобалардың біріне айналғаны рас. Жылдар жылжыған сайын ауқымы кеңейген жалпыұлттық бағдарламаға қатысушы жастардың саны бүгінде 120 мыңға жуықтады. Осының негізінде құрылған «Жасыл ел» еңбек отрядтарының отырғызған ағашы 43 миллионнан асқан. Еңбек отрядтары жалпы көлемі 101 329 мың гектардан астам аумақта тер төккен. Сонымен қатар «Таза әлем», «Менің атымдағы ағаш», «Жасыл күн», «Менің жасыл қалам», «Жасыл бақ – таза қала», «Ел болашағы – тазалықта» сияқты акция­ларға да белсене қатысып жүр.

 

Жанға жайлы желек

Күн өткен сайын Астананың іші ғана емес, айналасы да жасыл желекке айналып келеді. Елорданың маңайына қолдан отырғызылған орманның көлемі бүгінде 65 мың гектарға жетті. Жанға жайлы жасыл белдеу адам денсаулығына пайдалы ғана емес, ол бас шаһарды аңызақ желден, күшті дауылдан, жазғы шаң-тозаңнан қорғайды. Жалпы дүниежүзінде қолдан орман жасаған елдер некен-саяқ. Соның бірі – біз. Конкурстық комиссия осы мәселені де қаперге алса керек.

Астана төңірегін жасыл алқапқа айналдыру  ісі жыл өткен сайын кеңейіп келеді. Мысалы, жасанды орман жасау жұмыстары басталған алғашқы жылдары елорда айналасына жылына 2500 гектар жерге ағаш отырғызылған. Кейін оның көлемі жыл сайын 5 мың гектарға ұлғайды. Яғни, жыл сайын орман алқабына миллиондаған түп ағаш қосылып отырады деген сөз. Осыдан екі жыл бұрын өткен көшпелі мәжіліс кезінде Елбасы Астана төңірегіндегі жасыл белдеуді елордаға барынша жақындату жөнінде тапсырма берген болатын. Осыған байланысты тағы 34 мың га жер зерттеліп, соның 9 мың гектары орман өсіруге жарамды деп танылған. Ағаш тұқымдарын  жерсіндіріп, өсіруге екі жылдай уақыт кететінін ескерсек, елордаға барынша жақын орналасқан 2048,9 га аумақ  2015 жылы жасыл желекке оранатын болады. Ал, Астананың өзіне оралсақ, елордада тек 2003-2009 жылдары аралығында 605 899 ағаш пен бұта отырғызылған. Бүгінде бас шаһарда жалпы ауданы 471,7 га құрайтын 7 саябақ, 65 гүлзар, 7 желекжол бар.  Биыл саябақ құрылысы бойынша бірнеше жоба қолға алынып, 13 гүл­зардың кірпіші қалана бастады.

 

Инновациялық бағыттағы игі қадамдар

Байқауда Астананы жеңіске жеткіз­ген тағы бір игі қадам – елорданың көлік және білім жүйесінде қолға алынған тың жобалар болды.

2011 жылдан бері «Ақылды Астана» жобасы енгізіліп, алғашқы қадамдары жасала бастағанын жұртшылық жақсы біледі. Бұл  тұрғындарға қажетті білім, денсаулық, көлік сынды салаларға ин­новациялық технологияларды енгі­зуге бағытталған. Осы жоба арқы­лы Астана нағыз тұрғың келетін ша­һар­ға айналып келеді. Қазірдің өзінде аста­налықтар жобаның алғашқы игі­лік­терін көре бастады. Мысалы, жұртшылықты тегін интернет желі­сімен қамтамасыз ету үшін «Open Wi-Fi» жобасы қолданысқа енді. Есіл­дің сол жағалауындағы «Нұржол» сая­бағында бастау алған Wi-Fi нүкте­лері қалалық циркте, астаналық саябақта, «Қазақстан» орталық концерт залында, Тәуелсіздік сарайында, Бейбітшілік және келісім, «Шабыт» сарайларында, «Астана-Арена» стадионында, «Алау» мұз айдыны мен барлық ойын-сауық орталықтарында орнатылған.

Екінші, «Ақылды Астана» бойынша «Е-жедел жәрдем» жобасы жүзеге асырылды. Бұл – елорданың жедел медициналық жәрдем қызметінің сапасын арттыруды көздейді. Бүгінде жедел жәрдем бригадалары түгел электронды планшетпен,GPS-навигатор және IP-телефониямен жарақтандырылған. Оның пайдасы сол, жедел жәрдем бригадасы қала көшелеріндегі кеп­телістен айналып өтіп, науқастарға жету уақытын қысқартуға мүмкіндік береді. Ал IP-телефония арқылы жедел жәрдемге мұқтаж жандар олармен тікелей байланысқа шыға алады.

«Ақылды Астана» жобасы елор­да­ның білім саласына да тың жобаларды сыйлады. Соның бірі – «Болашақтың мектебі» жобасы.  Астана мектептеріне қауіпсіздік жүйесін енгізуді басты нысанасына алған жүйе бойынша ата-аналар балаларының қашан мектепке келгенін, қай кезде одан шыққанын біліп отырады. Келешекте бұл білім жобасы жетілдіріліп, мектептегі тамақ­тану мен қоғамдық көлікте жүру ақы­сын төлеу қызметтерін де атқара алатын болады. Бүгінде аталмыш жоба­ның қанатқақты нұсқасы №54 мектеп-лицейіне тәжірибе ретінде іске қосылды.

Енді қала билігі «Ақылды Астана» жобасы бойынша интеллектуалдық көліктік жүйені қолданысқа енгізбекші. ТМД қалаларындағы инновациялық жобаларды сарапқа салған конкурстық комиссияның көңілін аударғаны да осы жоба. Өйткені, қазір көлік кеп­те­лісі – кез келген ірі мегаполисті тол­ған­дырып отырған күрделі мәселе. Одан конкурс өткізген Мәскеу де ада емес. Сондықтан көлік кептелісін шешу, маршруттық желілерді дамыту мәселесін ТМД қалалары қалай шешіп жатқаны оларға да қызық. Астана ин­новациялық жоба шеңберінде 500-ге жуық мекеменің маңайында барлығы 30 мыңға тарта бейнебақылау камерасын орнатады.  Жоба жүзеге асырылған кезде жұртшылық автобуспен қаланың арғы шеті мен бергі шетіне бар болғаны 20 минутта жететін болады. Жобаның бір бөлігі келесі жылдың сәуір айынан бастап жүзеге асырыла бастайды. Ал қолданысқа толыққанды 2017 жылы енетін болады.

Міне, осындай тың технологияларды тәжірибесіне енгізген Астананың жан-жақты дамуына байқау комиссия­сы жоғары баға беріп, «Өмір сүргің келетін қала» атандырды. Елорда Ресей Муниципальды академиясы және Астаналар мен  ірі қалалар халықаралық ассамблеясының дипломдарымен марапатталды.

…Астана – шынымен де тұрғың келетін шаһар.

Қымбат НҰРҒАЛИ

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button