Басты ақпарат

Астанада тұру арманға айналды

Жақында ашылған «Нұр Отан» партиясының XVIII съезінде елдің әл-ауқатын көтеруге қатысты жағымды жаңалықтар көп болды. Атап айтқанда, партияның 2030 жылға дейінгі «Бақуатты қоғам: он жылдықтың 10 мақсаты» атты жаңа бағдарламаның қабылдануымен ерекшеленді. Әсіресе, өңірлерді кешенді дамыту жобасы бойынша ауылдардың жағдайын жақсарту мәселесінің күн тәртібіне қойылуы еліміздегі екі мыңнан аса ауылға жаңа леп, тың тыныс әкелетіні анық. Бұл кезі келгенде Астанаға ағылған ауыл тұрғындарын азайтып, бас қалаға көші-қоннан түсетін салмақты да жеңілдетуі мүмкін.

 

Астана халқы неге тез көбейді?

1997 жылы елордамыз Ақмолаға көшкенде қазіргі Астананың жан саны үш жүз мыңға жетпейтін, қаланың аумағы да шағын болатын. Ал қазір Арқаның ару қаласына айналған Астананың жан саны бір миллионнан асып түсті. Бұл көрсеткіш Астана қаласының бас жоспарын жасаған жапондық сәулетші Кисе Курокава жетекшілік ететін агенттіктің «Елорда тұрғындарының саны 2010 жылы 490 мың адамға, 2030 жылға қарай 800 мыңға жетеді» деген межесін де шаң қаптырып кетті.
Астана – еліміздегі ең дамыған қала. Әсемдігімен қоса, әлеуметтік-экономикалық жағдайы да басқа қалалардан көш ілгері екені айтпаса да түсінікті. Әрине, Есілден басқа ерекшелігі жоқ, сары жазықтың төсінен, көне қаланың қасынан қысқа ғана уақыт ішінде әлем таңдай қағатындай айбынды Астана салу, ең әуелі, Елбасының ерен еңбегі болса, екіншіден, егемен еліміздің қоғамы тыныш, халқы жұдырықтай жұмылған береке-бірлігінің арқасы.
Астананы көшіру стратегия­лық жобасы атқарылғаннан кейін жаңа елорданың барлық саласын дамытуға саяси, экономикалық жағынан басымдық берілді. Әр саланы дамытуға қыр­уар қаржы бөлінді. Бұл Астана тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсартып, қаланы өркендетіп қана қоймай, еліміздегі дарындылардың, кәсіпкерлердің, кәсіпке ұмтылған жастардың Астананы бетке алуына басты себеп болды. Халық баса назар аударатын оқу-ағарту, денсаулық сақтау салаларының дамуы да келешегін ойлайтын жастарды, денсау­лығына алаңдайтын қарттарды да елордаға келуге итермеледі. Тағаны жаңадан қаланған қаланың құрылысын салуға шетел компаниялары атсалысқанымен, негізгі еңбек күші Қазақстан азаматтары болғандықтан, еліміздің басқа өңірлеріндегі ағайынның Астанаға ағылуына мұрындық болды. «Талдықорған, Алматы қалаларында қара жұмыс істейтінмін. Ол жақта еңбек күші көп, еңбекақы аз, жұмыс та оңай табыла бермейді. Ал Астанада жұмыс көп, мен сияқты құрылысқа келіп, астаналық боп кеткен жігіттер жетерлік» деді Бақтияр Нәби есімді құрылысшы.
Жаңадан көркейген қалада кәсіп те көп болатыны белгілі. Әсіресе, жан санының қысқа уақыт ішінде қауырт өсуі Астанадағы сауда сарайлары, асхана, ойын-сауық орындары сияқты салалардың керегесін кеңейтіп, тынысын аша түсті. Сонымен ауылда жұмыссыз жүрген жастар «Такси болып, еден жусақ та астанада жақсы ақша табуға болады» деген ішкі есеппен Астананы жағалауды жөн санады. «Таксиші болғаныма 4-5 жыл болды. Күніне жоқ дегенде 2-3 мың теңге қалады. Астанада 500 теңге төлейтін жерге біздің ауданда ұзаса 200 теңге төлейді. Жанармай бағасы – бірдей. Мұнда бәрі қымбат болғанымен, ақшаны жақсы табуға мүмкіндік мол» деді Зайсан ауданынан келген Болат Құсыманұлы.
Келген жанның бәрін бауырына басып, жарылқай беретін Астана жұмақ мекені емес. Үй бағасы аспандап тұрған қалада азық-түлік пен тұрмыстық заттардың бағасы да арзан емес. Алты ай қыс болатын арқаның табиғаты да тұрмысқа тиімсіздеу. «Арық атқа қамшы ауыр» дегендей, қала маңындағы лашықтарды паналап, күндік істеп күн көретіндерге қыста көмірдің өзі әжептәуір салмақ. Басқа қалада 30-40 мың теңгеге жалдауға болатын бір бөлмелі пәтер Астанада 80-90 мыңнан жоғары. Қала маңындағы үйлердің айлық жалға беру ақысының өзі – республиканың басқа өңірлерінен жоғары. Бірақ осыған сәйкес еңбектенген жанның табатын тиын-тебені де басқа қалалардан, пышақ сырты болса да, молдау. Екінші тұрғыдан алғанда, Астананың қоғамдық тәртібінің жақсылығы, тонаушылық, кісі өлтіру сияқты қылмыстық әрекеттердің аздығы да тыныш ортада өмір сүргісі келетін отандастарымызды өзіне тартпай қоймайды.
Жалпы Қазақстанда өңірлердің дамуы әрқалай. Ауылдарды дамыту жобасы дер кезінде атқарылмағаннан кейін, бұрын өндірісі өркендеп, шаруашылығы шалқыған аудан, ауылдардың жағдайы күрт нашарлап, жұмыссыздық жайлады, мектептер, емханалар жабылды. Ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасы төмендеп, күнкөріс қиындаған соң, жұрт жылы орнынан көшуге мәжбүр болды. Әр облыстың халық тұрмысын жақсартуға, жұмыссыздықты азайтуға бағытталған шараларының көбінің басы бар, аяғы жоқ болғандықтан, тұрғындардың өзі тұратын өңірдің даму болашағына көзі жетпейді. Ауыл, аудандардан салынған зауыт, ірі кәсіпорындар жоқтың қасы, бар болса да жұмысшы саны – шекті. Жастардың ауылда жұмысқа орналасуына мүмкіндік аз. Жұмыс тапса да, алатын жалақысы – мардымсыз. Сондықтан да жастардың көбі ауылға қайтқысы келмейді.

Тұрғын да, түйткілді мәселе де еселенді

Қазір қайсы елде болсын, жаһандану үрдісінің үдеуіне сай, ауыл-қыстақ, елді мекендер иен қалып, қалаға қарай ағылу процесі үзілмейді. Оған мұрындық болған басты нәрсе де адамдардың осы заманғы тұрмыс қолайлылығынан игіліктену қажетінің артқандығы деп айтуға болады.
Астана Қазақстанның дамуының басты көрсеткіші іспетті. Ел еңсесі елордадан бастап көтерілетіні де көпке мәлім. Алайда тұрғындар санының күрт көбеюі қаланың инфрақұрылымдарына түсетін салмақты арттырды.
ҚР Ұлттық экономика минис­трлігі Статистика комитетінің дерегіне сүйенсек, 2018 жылы Астанаға 114354 адам көшіп келген, бұдан көшіп кеткен 91649 адамды шегерсек, бір жыл ішіндегі көші-қон айырмасы 22705 адамды құрайды. Бұған жыл сайын бас қаламызда дүниеге келетін 30 мыңға жуық сәбиді қоссақ, тек өткен жылдың өзінде Астана тұрғындары 50 мың адамға көбейген. Бұл – даму үстіндегі жас қала үшін үлкен салмақ. Мәселен, қала әкімдігінің дерегі бойынша, соңғы 7 жылда елордада оқушы саны 2 есеге көбейіп, жыл са­йын мектепке баратын оқушылар саны орташа есеппен 15-18 мыңнан асқан. Қазір астанада 100-ге жуық балабақша, мемлекеттік жалпы орта білім беру және дербес білім беру ұйымдарын, жеке меншік мектептерін қоса есептегенде 100-ден аса мектеп бар. Қала басшылығы білім беру, денсаулық сақтау саласына басымдық беріп, мектеп, балабақша, емханаларды жыл сайын көбейткенімен (2018 жылы 4 мектеп салынған), әлі де жетіспей жатыр. Жаңа оқу маусымы басталған кезде, мектепке бала сыймай, ұстаздар әбігерге түссе, ата-­аналардың баласын мектепке кіргізе алмай дал болуы – соның дәлелі. Адам көбейген сайын жазатайым туатын істер де молайып, қауіпсіздік мәселесі де алға шықты десек, оған да жақында болған 5 баланың трагедиясы айғақ. Жан басы артып, түтін саны көбейгеннен кейін қала ауасының тазалығына да өз әсерін көрсетіп жатыр. Қала төңірегіндегі жер үйлерде жағылатын көмірдің түтіні мен автокөліктер ығыс­тырған жарықсыз газ да қала былғанышының бір қайнарына айналғаны шын.

Жаңа жоба ауылға  тың тыныс сыйлайды

Кең-байтақ Қазақстан үшін жан басының өскені, қалаларының іргесі кеңейе бергені жақсы. Алайда ірі қалалардағы жан санының қауырт өсуі жоғарыдағыдай мәселелерді де туындатып жатыр. Оған да басты себеп, аудан, ауылдарды дамытуға, елді мекендерді өркендетуге көңіл бөлінбеді. Жұмыссыздық мәселесін шешуге, жас мамандардың кенттерге, ауылдарға барып қызмет істеуі­не жағдай жасалмауы да ауыл әл-ауқатының артқа шегінуіне мұрындық болып отыр. «Нұр Отан» партиясының съезінде бұл мәселелерге де баса назар аударылып, ауыл жағдайын жақсартудың жаңа жобасы жасалды.
Атап айтқанда, Мемлекет басшысының тапсырмасымен, 7,5 млн ауыл халқының әл-­ауқатын жақсарту мақсатында болашағы бар ауылдардың әлеу­меттік саласын дамытуға ден қойылып, интернаттар құрылмақ. «Біз ауылдарымызды өсім мен орнықты дамудың ошағына айналдыруымыз қажет» деген Елбасы ауылда халық тұтынатын тауарлар өндірісі бойынша бизнесті дамыту, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуге күш салып, ауылдарда тұрғын үйлер, жолдар салып, коммуникациялар жүргізуге, әлеуметтік нысандар тұрғызуға, шағын және орта бизнесті дамытуға тапсырма берді. Осыған орай, үкіметке «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасын жүзеге асыру бойынша ұсыныс әзірлеп, оны 2019-2021 жылдары 90 млрд теңге көлемінде қаржыландыруды баса айтты.
Елбасының бұл тапсырмасы отандастарымызға үлкен үміт сыйлады. Әсіресе, кетеуі кеткен ауыл тұрғындары бұл тапсырманы елді мекендерге жаңа тыныс, үлкен өзгеріс әкелетін игі бастама деп бағаласа, «Ауыл – ел бесігі» жобасы жастардың ауылда орнығып қалуына көмектесетін келелі шешім деп біледі.
Сонымен қатар съезде ауылдардан көшкен тұрғындардың үлкен қалалар төңірегіне топтасып, бейберекет құрылыс салып, қаланың төңірегін ығы-жығы үйлермен толтырып тастайтын жағдайды да оңтайландыру жобасы жасалды. Нақтырақ айтқанда, Елбасының тапсырмасымен Астана, Алматы және Шымкент сияқты ірі қалалардың шет аумақтарында қалыптасқан мәселелерді шешу үшін 2019-2021 жылдары қосымша 90 млрд теңге бөлінетін болды. Бұл жоба аталған қалалар іргесінде үздіксіз кеңейіп бара жатқан «лашықтар» шоғырын азайтып, қала төңірегіндегі түйткілді тү­йіндердің үйлесімді шешілуіне оң серпін береді. Астана төңірегіндегі тұрғындар тұрағында кездейсоқ болатын өрт апаты сияқты қауіпсіздік мәселесіне саятын жағдайлардың да азаятыны анық.

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button