Ел тынысы

Астанаға Пәкістанның әскери делегациясы келді

Астанаға Пәкістанның әскери делегациясы келді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz

Қорғаныс ведомствосында Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-майор Шайх-Хасан Жазықбаевтың Пәкістан Ислам Республикасы Ұлттық қорғаныс университетінің бастығы генерал-лейтенант Асиф Гхафурдың басшылығымен шетелдік делегациямен хаттамалық кездесуі өтті.

Тараптар өзара қызығушылық тудыратын салалардағы екіжақты ынтымақтастық мәселелерін талқылады.

Сапар барысында Пәкістан делегациясы Қазақстан Республикасының Ұлттық қорғаныс университетінде болды. Шетелдік қонақтармен әскери білім ордасының бастығы генерал-майор Асқар Мұстабеков және ҚР Қорғаныс министрлігі Әскери білім және ғылым департаментінің өкілдері кездесті.

Брифингте оларға Ұлттық қорғаныс университетінің тарихы, оқу бағдарламалары және материалдық-техникалық базасы туралы айтылды. Жоғары оқу орнында делегация пәкістандық әскери өнер аудиториясын көрді.

ҚР Қарулы күштері Бас штабы академиясының тыңдаушылары үшін Пәкістанның стратегиялық зерттеулер институтының бас директоры генерал-майор Раза Айзад «Оңтүстік Азия – Орталық Азия, ынтымақтастық және өзара іс-қимыл перспективалары» тақырыбында дәріс оқыды.

Іс-шаралар университеттер арасындағы өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қоюмен аяқталды. Құжат тәжірибе, озық практика, кітапхана ресурстарымен алмасуды, симпозиумдарға, конференциялар мен семинарларға қатысуды көздейді.

Бұдан бөлек пәкістандық әріптестер әскери-стратегиялық зерттеулер орталығына, ҚР Қарулы күштерінің Мемлекеттік әскери-тарихи музейіне барып, елорданың көрікті жерлерімен танысты.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button