Басты ақпаратҚала тіршілігі

АСТАНАМЕН АСТАСҚАН АҢСАР

Күн сайын құлашын кеңге жайып, ерке Есілдің қос қапталын ала салынған асқақ Астананың туған күнін елордалық Ерсайын Хасенов пен Алтынай Нұркеева ерекше ықыласпен қарсы алады. Себебі, биылғы 6 шілде күні олар отбасылық алғашқы мерейтойларын атап  өтпекші. Отасқандарына – 5 жыл.

Армандарын Астанамен астасты­рып, болашақтарын бас қаламен байланыстырған жұбайлар жас елордамен бірге өсіп, бірге есейіп келеді. Бас шаһардың әр бұрышы, әр көшесі олар үшін тым ыстық. Мұндағы тамаша тұрғын үй кешендері, еңселі әкімшілік ғимараттар, гүлзарлар мен фон­тандар, әсем монументтер мен сәулет ескерткіштері көз алдарын­да көркейіп, күн сайын абаттана түсуде.

Солтүстік Қазақстан облысын­да дүниеге келген Алтынай бала кезінен астанада оқуды арман­даса, орта мектепті ойдағыдай аяқтап, еліміздегі іргелі оқу орындарының бірі – Еуразия ұлттық университетінің халықаралық қатынастар факультетіне түскеннен кейін сол арманына бір табан жақындауға мүмкіндік алды. Сол сәттегі қуанышын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес! Өрімдей қыздың Астанамен алғашқы таныстығы осы кезден бастау алды. Жоғары оқу орнын «өте жақсы» деген бағалармен бітірген ол алдағы өмірін өзіне арман болған, сүйікті қаламен байланыстыруға белін бекем буады. Ол Астана­да Бейбітшілік және келісім са­райы ресми түрде ашылған жылы алғашқы еңбек жолын бастайды. Ерсайын екеуі үйленген жылы бас қалада «Бақыт» неке сарайы елордалықтарға есігін айқара аша­ды. Тізе берсек, жадыларында жатталған мұндай қуанышты сәттер жетерлік. Оны өздері жақсылыққа жориды.

Елбасыша айтқанда «…Ерке Есіл жағасында бой көтерген, ерекше сәулеттік ландшафы бар, бірегей мүсіндік нышандары сап түзеген, жоғары технологиялы болашаққа ұмтылған, өзгені сыйлап, өзінің жаңа астанасы мен өз елін шексіз мақтаныш тұтатын көпұлтты және көпдінді халқы бар әсем де мейірлі Астанамыз, міне осындай қала» деп мақтанады. Егемен елімізде бо­лып жатқан күн сайынғы өзгерістер мен жетістіктерге куә болумен бірге олар осы қаланың дамуына өздерінше үлес қосып жүр. Бүгінде Алтынай Төлегенқызы – Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының магистранты, ал Ерсайын Зейноллаұлы – Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметінде бақылаушы.

Бас қаламен бірге бой түзеп келе жатқан жұбайлардың бар байлығы – Астанада дүниеге келген егіз қыздары Адина мен Мадина. Қазіргі кезде №29 балабақшада тәрбиеленіп жүрген 4 жасар бүлдіршіндер Астананы мейлінше жақсы көреді. Оған сонау бір жылы Анкара мэрінің елордаға ресми сапары барысында, түрік журналистерінің Адина мен Ма­динадан бір-екі шумақ тақпақ оқып берулерін өтінгенде, оң алақандарын жүректерінің тұсына қоя сала, Қазақстанның әнұранын әуелете жөнелгенін көзімізбен көргенде таңдай қаққанбыз. Осы­нау балғын бөбектер әлі-ақ ата-аналарына ұқсап, алдарына үлкен мақсат қойып, жан-жақты ізденудің арқасында білімді де білікті жастар қатарын толықтырар, ең басты­сы, еліміздің нағыз патриоттары атанар. Ылайым солай болғай! Тек, болашағын бас қаламен байланыстырған балақайлар тіл-көзден аман болса екен!

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

 

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button