Басты ақпарат

Бас қаланың 5 көпірі

Елордалықтар санының өсуіне байланысты жол инфрақұрылымына түсетін жүктеме жыл өткен сайын артып келеді. Осы орайда Есіл өзенінің қос жағалауын жалғайтын көпірлерге ерекше көңіл бөлінуде. Бүгінгі таңда бас шаһарда 17 автомобиль және жаяу жүргіншілер көпірі жұмыс істейді, олардың 7-і қаланың орталық бөліктерінде орналасқан. Қазір бас қалада екі көпірдің құрылысы жүргізіліп жатыр. Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов Ұлы Дала және Нәжімеденов көшелерінің арасын жалғайтын жаңа көпір биыл ашылатынын айтты. Ал Тәуелсіздік даңғылы мен №38 көшенің арасын жалғайтын көпір келесі жылы пайдалануға беріледі. Бұл көпір қолданысқа берілсе, сол жағалаудағы көлік кептелістері едәуір азаятыны сөзсіз. Елордамызда сәулеті жарасқан зәулім ғимараттар аз емес. Көлігі көп шаһарда көк тіреген көпірлер де жетерлік. Бас қала көшелеріндегі жолдарды байланыстырып қана қоймай, Есілдің қос жағалауын жалғап тұрған көпірлер астанамыздың ажарын айшықтап, көркіне көрік қосуда. Төменде солардың бірнешеуіне тоқталғанды жөн көрдік.

[smartslider3 slider=3074]

Қайта жаңғырған қараөткел

Ерке Есілді кесіп жатқан елордадағы алғашқы көпір «Рамстор-Астана» «Самал» шағын ауданында салынған. Ол – қаланың оң жағалауы мен сол жағалауын жалғап, Бараев көшесі мен Қабанбай батыр даңғылын қосатын өткел.

Бұрынғы төрт жолақты «Қараөткел» көпірі қала астана мәртебесін алғаннан кейін көлік тасқынына төтеп бере алмай, кеңейтіліп, 2008 жылы 25 қазанда Республика күні құрметіне «Рамстор-Астана» көпірі болып қайта жаңартылды.

Қазір алты жолаққа айналған көпірдің ұзындығы – 180, ені – 50, биіктігі – 60 метр. Мамандардың мәлімдеуінше, осы жерден күніне шамамен 30 мыңға жуық көлік өтеді.

«Арқар» көпірі

Елордамыздың көрікті жерлерінің бірі – Сарайшық көшесі бойындағы Есіл өзені арқылы өтетін Арқар көпірі. Көпір 8 автожолақтан және екі жақтан жаяу жүргіншілер жолынан тұрады. Оның жалпы ұзындығы – 892,1 метр.

Сарайшық көшесінің сол және оң жақ бөліктерін жалғайтын көпірдің жанында Республика Президентінің резиденциясы, «Astana Music Hall» залы, Президенттік және Триатлон парктері орналасқан.

 «Арқар» көпірінің астындағы арт-кеңістік, арт-инсталляциялар, гүлзарлар және жаяу жүргіншілер, велосипед жолдары, баскетбол алаңы «Нұр-Сұлтан – тұрғындарға жайлы қала» атты елорданы дамыту жоспары аясында салынған.

Ақ балыққа ұқсас өткел      

Есіл өзенінің оң және сол жағалауын жалғайтын жаяу жүргіншілер көпірі үстінен қарағанда қабыршақты балыққа ұқсайды. Үш мың күлте жапырақтан құралған өрнектері ерекше үйлесімділікпен орналас­тырылған. Күннің сәулесімен алуан түрлі кейіпке енеді.

Велосипедшілер мен жаяу жүргіншілерге арналған көпірдің жалпы ұзындығы – 313,5 метр, ені – 10,5 метр. Алты метрлік жаяу жүргінші жолағы мен үш метрлік велосипед жолынан тұратын металл құрылымның салмағы – 1 920 тонна.

Керемет дизайнымен алыс­тан менмұндалайтын бұл көпірді Нұр-Сұлтан қаласының 20 жылдығына Атырау облысы өз қаржысына тарту еткен болатын.

Серуендеушілер  нөпірі көп

Есіл өзені арқылы өтетін «Серуен» жаяу жүргіншілер көпірі Желтоқсан көшесін орталық саябақпен байланыстырады. Халық оны «тербелмелі көпір» деп те атайды.

Көбіне жастардың серуен құратын аймағына айналған көпірге барып, бой сергітушілер қатары күн өткен сайын көбеюде.

«Серуен» көпірінің үстінде тұрып ерке Есілдің толқындарында тербелгендей боласыз. Өйткені көпір арнайы серіппелердің үстіне орнатылған.

«Тұлпар» көпірі

Елорданың басты даңғылдарының бірі – Сарыарқа мен Тұран даңғылдарын жалғайтын «Тұлпар» көпірі Есіл өзенінің оң және сол жағалауларын байланыстырады. Ол автомобильдер  мен жаяу жүргіншілердің еркін жүріп-тұруына арналған.

Ауқымды құрылыс қазақ ою-өрнектерімен безендірілген, оған асыл тастарды имитациялайтын түрлі-түсті шыны кесектері салынған. Көпірдің бүкіл ұзындығы бойында орналасқан жарық диодтары күннің уақытына байланысты түсін өзгертіп отырады.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button