Басты ақпаратМәслихат

БАСПАНА МӘСЕЛЕСІН БАЙЫПТАДЫ

Мәслихаттағы кезекті жиын тақырыбы – алдағы сессияның қарауына ұсынылатын мәселелерді талқылау. Басқосудың басты қонағы қала әкімінің бірінші орынбасары Сергей Хорошун болды. Ол халық қалаулыларына тұрғын үй түйткілдеріне байланысты жан-жақты қамтылған ақпаратын жеткізіп, қала құрылысына қатысты барлық сауалдарға нақты жауап берді.

Оның айтуынша, соңғы жылдары қала ауқымды екі бағдарлама аясында үй беруді жүзеге асырған. Үстіміздегі жылдың шілде айынан бастап «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасы бойынша тұрғын-үй салу жобалары қолға алыныпты. Соның нәтижесінде жалпы 49 мың пәтер салу көзделіп отыр. Оның 14,5 мыңын әкімдік салады. 16 мыңын «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры тұрғызса, 12 мың пәтерге «Қазақстан Ипотекалық Компаниясы» АҚ кіріспек. Үкімет қаулысы бойынша жуырда «Самұрық-Қазына» қоры директорлар кеңесін өткізіп, онда әкімдікке осы жобаға бөлінетін 20 миллиард теңге қаражаттың тағдыры шешілмек. Одан бөлек көнерген үйлерді ысыру арқылы қаладағы тұрғын үйлерді жаңарту мәселесі бар. Қазіргі таңда елордада 228 ескі үй бірінші кезекте ысырылмақ. Олардың есесіне 3,5 мың пәтер берілу жоспарланған. Соңғы төрт жылда үлескерлер мәселесі де бірізділікке түсті. Экономиканы оңалту шаралары нәтижесінде мемлекет тарапынан 50 миллиардтан аса қаржы бөлініп, 243 құрылыс нысаны, яғни тұрғын үй аяқталып, 40 мың отбасы өз пәтерлерінің кілтін алды. 19 нысан бойынша 7 мың үлескерді алдап соққан алаяқ компания иелері заң жүзінде жауап беріп, жазасын өтеп жатыр.
Өткен жылдың тамыз айында қаланың бас жоспарына соңғы өзгертулер енгізілгенін, бұл жоспар енді 2030 жылға дейін өзгермейтіндігін әкімнің бірінші орынбасары нығырлап айтты. Астананың құрылысы енді тек бас жоспарға сай дамитын болады. Яғни, қазір тек бір нысанның жобасы қарастырылмайды. Ол жалпы ауданның ауқымындағы орнымен нақтыланатын болады. Негізгі құрылыстың дамуы бірнеше аудандарға бөлінген. Олар: Мыңжылдықтар аллеясы – Орынбор көшесі. Тұран даңғылы, Южный көшесі – бұрынғы «Садоводчество». Осы аудандардың кешенді сәулеттік бет-бейнесі жүйеленіп, сосын әрбір жекелеген нысанның аудан аясында салынуына мән берілмек. Бірнеше шарттар талап етіледі. Мәселен, ғимараттардың сыртын әрлеу материалдарының нормаға сай болуы. Көлік тұрақтың салынуы. Мүгедек жандарға арналған қолжетімділікті қамтамасыз ету.
2009 жылдан бастап құрылыс нысандарының сыртқы әрлеу материалдары құрамынан керамогранит, алюкобонд және бірқатар осындай сапасыз дүниелер аластатылды. Олардың орнын гранит, мәрмәр, креатон, аркетон, кірпіш басқан.
Баспана мәселесін шешудің тағы бір саласы – жер алып, үй салу. Мұндай жандар саны 92 мыңнан асады. Бас жоспар бойынша тек 44 мың жер телімін бөлу қарастырылған. Оның 18 мыңы қазірдің өзінде өз иелерін тауыпты. 2030 жылға дейін тек 25 мың адамға жер телімін бөлу қарастырылып отыр. Алайда, инженерлік инфрақұрылым жүргізілмейінше жер учаскелерін тарату жұмысы уақытша тоқтатыла тұрады. Хорошунның сөзіне құлақ түрген халық қалаулылары баяндамадан соң оны сұрақтың астына алды.
«Астана су арнасы» кәсіпорнының бас директоры Уәлихан Досаев өз қызметкерлерінің ешбір үй бағдарламасына іліге алмай жүргені туралы мәселе көтерді. Бұған Сергей Михайлович заңнамалық нұсқау қажеттігін алға тартты. Үкіметке шығып, ұсыныс айтып, мемлекеттік қазынашылық кәсіпорындардың қызметкерлерін де мемлекет өз тарапынан бюджеттік санатқа жатқызбайынша қалалық әкімдіктің қолы байлаулы болып қала бермек.
Көлік тұрақтарын салу ерте кездердегі құрылыстарда құнтталмаған. Алайда, әкімдік тұрағы жоқ үйлердің тұсынан 200-ге жуық жер телімдерін резервте ұстап отыр. Келешекте инвесторлардың көмегімен немесе жоспарлы түрде әкімдіктің кестесіне енгізе отырып, сол жерлерге көлік тұрақтар салынбақ.
Алмаз Кимнің осы тұста тұрақтарға деген сұраныс шараларын қалай көбейтеміз, салып-салып оларды кімге сатамыз деген өткір сауалына бірінші орынбасар былай деді: «Мұны тұраққа қатысы бар жақтар өзара мәміле жасап, ортақ шешімге келуі арқылы бірізділікке түсіруге болады».
Қалаулылар қатарындағы Зейнолла Шибкенов жуырда салынып біткен балабақшаның абаттанбай қалған ауласын қабылдаған мемлекеттік сараптама шешімін қалай түсінуге болатындығын айтып, шағымданды. «Бұл 2007-2008 жылдарға дейінгі жобалардағы үйлеспеушілік. Бюджеттік өзгертулер енгізе алмаймыз» деген қысқа жауап берілді.
Тағы бір депутаттың Ақжол көшесін кеңейту туралы сауалына 2014-2015 жылдарға дейін қалада бірнеше жол айырық салу жоспарланғаны айтылды. Ақжол көшесін кеңейту сол жоспар негізінде жүзеге асырылмақ. Ол ел арасында «бүкір көпір» атанып кеткен үлкен жол айырығына келіп қосылатын болады. Әзірге ысыруға берілетін үйлер жобасы нақтылану үстінде. Сессияда қаралатын алғашқы мәселе осы тақырып аясында болмақ. Депутаттар бұл мәселелердің маңыздылығын бір ауыздан қолдады.
«Астанагорархитектура» ЖШС-нің директоры Қасымбек Әйтімов «Астана қаласының аумағында құрылыс жүргізу ережелері туралы» 2011 жылдың 3 наурызында қабылданған мәслихат шешіміне өзгертулер мен толықтырулар енгізу қажеттігін алға тартты. Оның мәлімдеуінше, Елбасының тапсырмасы бойынша енді жер телімдеріне иелік ететін тұрғындар қаланың сәулет мекемесінің ұйғарымымен үй салуға міндеттеледі. Қала сипатының көркемдігі үшін. Астаналық мәртебеге сай болу үшін. Бұған дейін салынған үй иелерін жоспарға сай қайта жөндеу тапсырылған. Келешектегі үй салуға рұқсат тек осындай міндеттеме арқылы берілетіндігін мәслихат сессиясына ұсынбақ.
Астана қаласы әкімі аппаратының Мемлекеттік құқықтық бөлімінің меңгерушісі Дәулет Досқұлов бірнеше мәселе көтерді. Мінберге шыққан ол 2010 жылы 17 маусым күні бекітілген мәслихат шешіміне өзгерістер енгізуді ұсынды. Есірткімен күресті күшейтуді, есірткі бизнесін бақылайтын мемлекеттік органдар ісін қадағалайтын ведомствоаралық штабтың қызметін реттеу туралы ұсыныстары сессияда қарастыратын болды.
Тұрақты комиссияның төрағасы Николай Мещеряков мемлекет мұқтаж жер телімдерін сатып алу туралы, 2009 жылғы 26 тамыздағы, 28 мамырдағы мәслихат шешімдеріне өзгерту енгізу туралы сауалдарды көтерді. Сессияда қаралатын болды.
Ревизиялық комиссияның төрағасы Ғалымжан Молдаш ұсынған өзгертуге халық қалаулылары тарапынан келіспеушіліктер болғанымен, сауалдың күн тәртібіндегі өткірлігіне сай сессияда қарау қажеттілігіне көпшілік келісті. Оралмандар мәселесі де күн тәртібіне ілікті. Ол үшін Астана қаласы ІІД Көші қон полициясы басқармасы бастығының міндетін атқарушы Арман Баймұхамед бірқатар дәйектер келтірді. Тұрғын-үй басқармасының бастығы Серік Оспанов «Тұрғын үй комиссиясының құрамы туралы» 2006 жылғы 14 желтоқсандағы мәслихат шешіміне өзгертулер енгізу қажеттілігін айтты.
Міне, сессия алдындағы басқосу кезінде басқарма басшылары мен депутаттар аса маңызды деген сауалдарды іріктеп, күні бұрын белгілеп алды. Бұл мәселелердің тағдыры сессияда шешілетін болады.

Шынар ӘБІЛДА

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button