Басты ақпарат

Бес қару – баға жетпес байлығымыз

«Бадана көзді кіреуке,

Тоғыз қабат көк сауыт,

Саған арнап соқтырып

Будырып кеттім кілемге» деген жолдар шынға айналып, буылған күйінде тарих топырағының астында қалғандай. Қалиолла Саматұлы Ахметжан – өшіп қалған жаугершілік мәдениеттің бір ұштығын қалпына келтіруде көп еңбек сіңірген суретші әрі ғалым. Ақмола облысы Өрнек ауылында дүниеге келген тарих ғылымдарының кандидаты, ұлтымыздың дәстүрлі қару-жарақ түрлерін қалпына келтіріп, зерттеп жүрген кескіндемеші-суретшімен  өзінің шеберханасында кездесіп, қазақтың баһадүрлік жолы, хас батырдың бес қаруы туралы сөйлескен едік. 

[smartslider3 slider=3605]

Қалиолла Ахметжанның «Жараған темір кигендер (батыр­лардың қару-жарағы, әскери өнері, салт-дәстүрлері)» атты кітабы 1996 жылы жарық көрді. 2003 жылы «Қазақтың дәстүрлі қару-жарағы: даму тарихы, құрылымы, этномәдени функциясы (тарихи-этнологиялық зерттеу)» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғады.

Қалиолла Саматұлының 2006 жылы шыққан «Қазақтың дәстүрлі қару-жарағының этнографиясы» атты кітабы да елімізде мамандардың жоғарғы бағасына ие болды. 2007 жылы орыс тілінде шыққан «Этнография традиционного вооружения казахов» атты кітабы Мәскеуде өткен ТМД мүшелігіне кіретін мемлекеттердің «Кітап өнері» атты IV Халықаралық конкурсында III дәрежелі дипломға ие болды.

– Өткен ғасырларда көркем өнердің «bataille» деп ата­латын жанры болған. Онда ұрыс даласын, қанды шайқастар мен жауынгерлерді бейнелейтін. Қазір енді ондай жанр жоқ десе де болады, өйткені қазіргі заманның көркем өнерінде бұл да жоғалып барады.

– Жасымнан батырлар жы­рын жаттап өскеннен бе, солардың кейіпкерлерін кескіндейтін суретші болуды армандайтынмын. Уақыт өте келе, арманым батырлық, жаугершілік дәуірін зерттеп, бабаларымыздың қанды жорығын қалпына келтіруге ден қойдым. Қазақтың ұлттық әскери дәстүрі туралы зерттеуім кітап болып шыққанда Ақселеу Сейдімбеков ағамыз: «ой, Қали, айналайын сен қалай тапқансың? Эпостарды біздер де зерттедік, бірақ мұны көрмегенбіз ғой» деді. «Аға, сіздер оны филолог, көркем әдебиет ретінде талдадыңыз­дар. Мен қару-жарақтың зерттеушісі ретінде қарастырдым» деп жауап берген едім.

– Ата тарихтың рухты бөлшегін тым болмаса дәстүр, мәдениет ретінде сақтай алмағанымыз қандай өкінішті. Өзіңіз қалпына келтірген дулығадан бастап, сауыт, қылыш, найза, қалқа, садақ пен қорамсақ көбімізге таныс болса да, батырлардың шарайнасы туралы жинаған мәліметіңіз қызық екен.

– Әулеттерде сақталған ба­тырлардың жәдігерлері көп болмаса да бар. Оның кейбіреуін солардың негізінде реконструкция жасап, тұтас қалпына келтірдім. Мысалы, Бөгенбай батырдың дулығасы музейде сақтаулы тұр. Зерттей келе, жиегінің жапсырмасының ізімен құйып, әшекейін шекіп бүтіндеп шықтым.

Қабанбай батырдың шарайнасының бір бөлігі ұрпағының қолында қалыпты. Өзім зерттегендіктен білемін, оның саны төртеу болған. Жауғаш батырдың төрт жағынан тағатын шар айнасы Меркідегі музейде тұр. Мұны жаугершілікте кіреуке сауыттың сыртынан тағады. «Шар» парсыша төрт дегенді білдіреді. Бірін көкірегіне, арқасынан бірі және шеті ойылған қос шарайнаны қолтығынан бастыра тағады. Яғни 4 бөліктен тұрады. Айнадай жарқыратып қояды, сол үшін айна дейді. Күнмен шағылысып, жауының мысын басатын да қасиетінен болар. Жау оғынан сақтайтын, одан да басқа магиялық күші болған.

– Батырлар жырында ғана қалған батырлықпен бірге, ұрыс даласындағы ерлік, шайқасу мәнері, дүниетаным да келмеске кеткен  екен-ау.

– «Батыр», «Ер», «Алып» – бүгінгі қазаққа ортақ, батырлар атауы. Батырлар жырының кейіпкерлеріне осылайша қосарланып аталатыны сондықтан. Шын мәніне келер болсақ, батырлар дегеніміз рыцарлар, самурайлар секілді кәсіби әскерилер, кәсіби жауынгерлер тобы. Кішкентай күнінен оған шайқастың, соғыстың барлық қыры мен сырын қапысыз үйреткен, баулыған, ол осыны үйренген, машықтанған, әбден жаттыққан, шыныққан, шыңдалған. Керекті қару-жарағының бәрі бойында бар. Бір өзі онға, жүзге, мыңға татитын баһадүрлер болған. Олар өзінің үйренгенін ұрпағына, ол өзінің ұрпағына беріп отырған. Ел шетіне жау тисе атқа қонып, ел қорғау қастерлі ісі болған. Қазіргі күнде бәрі өзгерді ғой. Бірақ ұлттық рухымыздың бір көрінісін тек музейлерде ғана сақтап қоймай, оны насихаттаудың жолын қарастыруға болатын шығар.

Технологиясы дамыған жапондарда қолмен күріш егуді тұрмыстан түсірмей, үкіметі қолдап қыруар қаражат құйып, өнердің бір түріне айналдырып отыр. Неге? Олардың күріш шаруа­шылығы жапон мәдение­тінің бар саласын қамтиды. Тілі, мәдениеті, дәстүрі, ғұрпы, өткені мен келешегі күріштің әрбір дәнегінде сақталған. Сол жоғалмас үшін аса тиімді болмаса да, шаруашылықты ұстап дамытып отыр.

Өткен тарихымызды да көпе-­көрінеу бұрмалап жіберіп отырмыз. Кенесарының қылышы деп аталған бір жәдігер Шымкентте музейде тұр. Бірақ мен, өз басым, қылыштың Кенесарының екендігіне күмәндімін. Өйткені әр адамның өзінің статусы, соған лайық қаруын да сомдаған ғой.  Хан басымен Кенесары жай қылыш ұстамайды. Мысалы, Оралда бір музейде  Махамбеттің қылышы деп, 1904 жылы қолданысқа енген бір орыстың қылышын қойып қойған. Ұят емес пе?!

Сосын ойдан шығарылып, қазақ жауынгерінің қару-жарағына теліп жүрген дүниелер де жетеді. Ағаш тоқпақты да жауынгердің қаруына балап жүр. Негізі ол жыртқыш соғатын малшының тоқпағы болуы мүмкін. Сол себептен беліне тоқпақ байлаған батырлардың қадірі түседі. Ол тас дәуірінің адамы емес қой, ағаш тоқпақ арқалап жүретін. Басына шыт байлаған батырлар кинодан түспейді. Ханына таяқ ұстатып қояды. Бұл неден кеткен кемшілік. Кезінде жаугершіліктің баяны зерттелмей, жоғалып кетті. Кейіннен  соғыс жылдары елге келген кеңес киношылары ойларына келген образбен қазақты сомдап, әлі күнге дейін соның ықпалынан айырылмай келеміз. Таяқ – негізі жамағатын жинаған дін басыларының белгісі. Зерттей келе білсем, Иван Грозныйдың бейнесінен шыққан екен. Ал ол – өте діншіл, елін дінмен басқарған. Міне, хандық жалғыз кетпей, батырлықтың жолын да өзімен бірге алып кетті. Жыр­лардағы «қорамсаққа қол салды, бір салғанда мол салды» деген жолды ескермей, киноның батыр­лары беліне байланатын қорамсаны арқасына іліп, Голливудтың кейіпкерінше садақтың оғын арқасына алып асырады.

– Батырдың бес қаруын түгендеп беріңізші.

– Бірінші қару, ол – садақ. Кейін оның орнын мылтық басты. Бұл –  ату қаруы. Алыс қашықтықтан атады. Екінші, найза – түйреу қаруы. Бұның екі түрі бар. Сабы ағаштан жасалып, негізгі жарақаттайтын ұшына темірден кигізеді. Басы жіңішке болып келетінін сүңгі деп атайды. Екіншісінің басы жуандау, жүзі жалпақтау келеді, ол сауытсыз жауынгердің кеудесін ойып ірі жарақат салу үшін қолданады. Кейбіреуіне  батырлар өздерінің туларын іліп қойған. Қоңыраулы найза да болған. Үшіншісі, кесу қаруы – қылыш. Төртінші – айбалта. Бесіншісі – шоқпар. Жауынгер болуы үшін бес қаруды меңгеру керек. Қазіргі заманның қару-жарағын бәрі біледі. Бұрынғыны білмейді, шатастырады. Қанжар деген не, семсер деген, қылыш, қайқы қылыш, наркескен, тіпті кездік пен пышақтың не екенін көп адам білмейді. Бес қарудың да қасиеті болған.

Қазақта «жау кеткен соң қылышыңды боққа шап» деген сөздің мәні бар. Қылыш қынынан суырылған соң, бірдеңені шабу керек. Құлаштап сілтемей, қынына салынса қасиеті кетеді. Ол туралы бір аңыз бар. Батыр аңғал ғой, жұрттың сөзіне еріп әйелінің басын шаппақ болып, қылышын қынынан суырғанда, оның күнәсіздігіне көзі жетіп, қылыштың жүзімен қолының терісін кесіп, қан ағызып барып, қынына салған. Қылыштан қан тамып, жауға кеткен батырдың қазасын да білдірген. Бүгінге дейін сақталып келген  батырға тән  жәдігерлер қасиетімен де  тәнті еткен.

– Сіз кешегі өткен  батырлардың ғана емес, сақ дәуірінен бастап жауынгерлердің  киімін, ат-әбзелдерін қалпына келтірумен айналысып келесіз. Қай дәуірде қандай киім үлгілері болды?

– Жалпы мәдениетте «прогресс» деген ұғым жоқ. Мысалы, біз айта алмаймыз, сақ заманы бізден төмен, біз жоғарымыз деп. Ол дәуірде біздің қазіргі мәдениетімізден әлдеқайда жоғары болғанының дәлелі көз алдымызда. Зергерлік өнер, дизайнымыз олардың деңгейіне жете қойған жоқ. Сол заманның ер-тұман жабдықтарын біз ойлап шығара алмаймыз. Барды ғана қайталап, тамсанамыз. Сақ патшайымын алыңыз. Алтын зерлі сәукелесі, ұзындығы 70 см болған. Көмкерілген алтын жиектерінің бәрі – мифтік бейнелер. Бәрінің астарында үлкен мағына бар, оның бәрін танып білеміз деп айта алмаймыз, әлі де зерттелуде. Міне, дизайн десең дизайні бар, өнер технологиясы бәрі осында жатыр.

2016 жылы Әскери-тарихи музейге сақ, түркі және XVIII-XIX ғасырлардағы мұздай қаруланған қазақ батырларының үш топтамасын дайындап бердім. Одан бөлек, осы дәуірлердегі көшпенділердің тұрмысын түгендеп, қауын сайлап, жүйрігінің ер-тоқымын даярлап, оны жасап  шығардым. Қазір музейлерде тұр.

Қарутанушы ретінде айтарым, сақтан соң, ғұн заманы, сосын қыпшақ, солай кете береді ғой. Өркениеттер жоғалмайды, келесі замандарда алғашқысының элементтерін әрине алды. Мысалы, ғұн заманында сақ заманының түп тамыры жатыр. Киімде, пішімінде көптеген ұқсастық бар. Түркі заманында да киімдерінің, бас киімдерінің басы үшкір, киізден жасалған. Оның негізі сақ заманында пайда болған. Кейін аздан ғана өзгерсе де, онша өзгеріске ұшыраған жоқ. Себебі, салт сақталды, дәстүр сақталды, шаруашылық сақталды. Сол көшпелі халық, сол көшпелі халық. Ал отты қару кейін пайда болды. Оған дейін бес қаруын пайдаланған. Садақтар түркілерден басқаша. Қазақтарда садақ кірісінен босатып салынады. Сауыттарды да темірден мықтылап жасаған. Қозғалғанда икемді қатты темірден жасаған. Темір қалқан мен қалың теріден жасалған қалқан – қорғану құралы. Айтпасыңа болмайды, интернетте көзе сауыт деген сөз жүр. Көзе шыныдан жасалған ыдысты білдіреді. Ол қалай қорған болады? Бұл – бір әріптің өзгеруінен болған қателік. Шын мәнінде «көбе».

– Қалай ойлайсыз, ұлттық жауынгерлік рухты ояту үшін жекпе-жек сияқты турнирлар жасап, жаугершілікті бұқаралық спорт түріне айналдырып, немесе театрландырған көрініс ретінде көненің көзін жаңғыртуға болады ма?

– Әрине, болады. Көптеген елдердің ішінде Еуропаның, Жапонияның ежелгі соғыс өнерінен сайыстары өтіп тұрады. Мұндай фестивальдарда ескі әскери киімдерін киіп, ежелгі қаруларын асынып, шеру жасайды, әлі келгендер додаға түседі. Мұның бәрі теледидарлардан насихатталып, жүлдегерлер анықталып жатады. Қатысушылар – жай қарапайым адамдар, бірақ өздерінің ізденістерімен көне дәстүрді жаңғыртып, көптің алдына шығады. Қару соғатын ұсталарды да ынталандырып отырады.

Әлемде тарихи реконструкция деген әуесқойлық қозғалыс қарқын алып келеді. Тіпті атақты шайқастарды да қаз-қалпында қайталап, сол заманға саяхат жасағандай әсерлі етуге та­рих­шылардан бастап, сол халық­тардың мұрагерлері  өте мүдделі.

Батырлықтың тек бергі түркі емес, арғы сақ заманынан бастап көне әскери өнерді жаңғыртуға болады. Бұл батырлардың өміріне деген белгілі бір  тарихи кезеңге қызығушылық туын­датып, өз болмысын танып-­білуге әсерлі болар еді. Жастардың рухын көтеруден қашқақтай ма? Мұны ұйым­дастырмақ түгіл, іс басында жүргендер ауызына да алмайды. Ынта болса, ұлттық мерекелік шара­лардың айналасында осындай  қойылымдар өткізіп, өз тарихымызды білудің бір амалына айналдырар еді. Батыршылдық өнермен болса да, жанданып, елесі көкірегімізде оянар еді. Біздерде дәстүрлі әдіспен садақ жасайтын, сауыт-сайманын сайлап, қылыш-қалқанмен қамтамасыз ететіндер жоқ емес.

Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button