#Жаңа Қазақстан

Ел ертеңі үшін

Қазір еліміз жаңару кезеңін бастан кешіп жатыр. Сондықтан бұл – әркім үшін, әр азамат үшін асқан жауапкершілікті қажет ететін үлкен міндет. Осы саяси дода аясында 2022 жылдың 20 қарашасында болашаққа маңыз­ды қадам жасалады. Ел халқы өзі сенген, бүкіл бір мемлекеттің ертеңгі даму бағытын айқындар көшбасшы тұлғаны таңдайды.

Сексенді алқымдап қалсақ та, зейнеткер ретінде біз де осы өтіп жатқан саяси шаралардың барысына көз салып, айтылған сөздерге құлақ салып, соларға өз өмірлік тәжірибе биігінен назар аударудамыз. Ішкі істер министрлігінің құрметті ардагері ретінде айтатыным: ең бастысы – осы саяси шаралардың бәрі тек қана заң алаңында өтуі керек. Халықтың әділ сайлауына тазалық беретін, таңдауына арқа болатын – сол заңдылық. Сонымен қатар сайлаушылар өз ықыласын, өз әрекетін халықаралық дәрежеге сай заманауи мәдениетпен ұштас­тыра білуі керек. Ол – қандай да болмасын сайлау додасына түскен үміткердің ар-намысына тиіспеу, ол туралы шындыққа жанаспайтын өсек сөздерді айтпау, әлеуметтік ақпарат жүйелерінің егемендігін қолданып, жалған, жасанды оппозицияға айналмау. Заңды сайлау комиссиясының тіркеуінен өткен әр тұлға өзін үміткермін деп санауға әбден құқықты. Мәселе – сол тұлғаның республика Президентінің міндетін атқара алатын мүмкіншілігінде.

Бүгінгі Президент халық­аралық қатынастарды жақсы меңгерген білімді саясаткер, ­дипломатия қызметінен тәжірибесі бар, әлемде өтіп жатқан қилы саяси-экономикалық құбылыс­тардың тамырын басып, содан өз еліне пайдалы шешімдерді қабылдап, қауіпсіздік жағдайын бағдарлай алатын болуы керек.

Сайлау дегенде ел алдымен болашаққа көз тігеді. «Бақ пен сордың арасы бір-ақ қадам» деген бабалар сөзі бүгін әлемге төніп тұрған ядролық соғыс қаупінің ызғарын бейнелегендей. Сондықтан дәл бүгінгі таңда әлемді тығырықтан шығаратын ақылды, сабырлы, парасатты, білімді ел басқарушылар қажет-ақ. Оның қайсысы болмасын дауылда апатқа ұшыраған кемеден өз қайығын түсіріп алып, қара толқындардан қай жартасқа тығылсам екен демей, сол мыңдаған адамы бар кемені аман алып шығуға атсалысқан теңізшідей әрекет жасауға дайын болуы керек.

Масғұт НҰРМАҒАМБЕТОВ,

ҚР ІІМ құрметті ардагері

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button