Басты ақпаратЕлорда тынысы

Елорда белсенді жастарымен ерекше

Елорда болғандықтан, арман қуып басқа өңірлердің жастары астанаға көп келеді. Қазіргі таңда астанада 63 мың студент білім алуда. Оның ішінде 37 мың студент өзге аймақтардан келген. 2022 жылы қаламыздағы 14-29 жас аралығындағы жастар саны 232 мың адам болса, 35 жасқа дейінгі жастар саны шамамен 400-450 мыңға дейін жетті. Елорда жастарының келбеті қандай? Оларды қандай ортақ мақсат жұмылдырады? Бұл туралы Астана қаласы Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Қайрат Қамбаров айтып берді.

Негізі жастар саясаты саласы қандай бағыттар бойынша жұмыс істейді?

– Басқарма жұмыспен, тұрғын үймен қамту, білім беру, жас отбасылармен жұмыс, нашақорлыққа қарсы шаралар, жастардың спорттық және шығармашылық жағынан дамуына көңіл бөледі. Мысал ретінде бірнешеуін атап өтейін. Басқармамыздың бірнеше жыл қатарынан іске асырылып келе жатқан жобасы – «Жасыл ел». 2021 жылы 1956 жасөспірімдер мен жастар жұмыспен қамтылса, 2022 жылы квота 4200-ге дейін өсті. Оның ішінде жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған 111 адам осы жоба аясында жұмыс істеді. 2021 жылдан «Жасыл ел» сарбаздары алатын сыйақы мөлшері де 35 мыңнан 64 мың теңгеге дейін өсті. Биыл да жұмыстар жалғасады. Әдеттегідей мамыр-маусым айларында қабылдауды бастау жоспарланған.

Жұмысымыздың басты бағыттарының бірі – волонтерлік қызмет. 2020 жылдан бері қалалық волонтерлер штабы жұмыс істейді. Жас волонтерді қызметке қабылдамас бұрын ол «Еріктілер мектебінен» өтеді. Бұл волонтерлерді әртүрлі деңгейдегі іс-шараларды өткізуге дайындауға мүмкіндік береді. Бағдарламада ел тарихын білу, алғашқы медициналық көмек көрсету, әртүрлі елдердің менталитетін зерттеу, жанжалдарды шешу модульдері енгізілген. Әрине, бұл жұмысымыздың 1%-на да жетпес. Жұмыстың бағытына байланысты жоспарлап отыр­ған басқа да бірқатар шаралар мен жобалар бар.

– Елорда жастарының келбеті қандай? Оларды қандай ортақ мақсат жұмылдырады?

– Жастардың жалпы келбетін қалыптастыратын болсақ, орташа жасы 23-24 жастағы, жұмыс істейтін, білімді, трендтегі, патриот, болашаққа деген нақты көзқарасы бар қыздар мен жігіттерді көз алдыма елестеткім келеді. Сонымен қатар, қазіргі таңда жастардың қоғам өміріне белсене атсалысып жүргенін атап өткім келеді. Оны өз жағымыз­дан жастардың волонтерлік қызметке қатысуынан көріп жүрміз. Қалалық, республикалық, халықаралық деңгейдегі концерт, жарыстар, жиын, кездесулерде олар өте белсенді. Сондықтан, олардың ортақ мақсаттары ретінде қоғамдық өмірге белсене атсалысу деп айта аламын.

Қазіргі таңда ең басты мәселе – баспана. Басқарма тарапынан бұл бағыттағы жұмыстар бақылауда. Отбасы банкімен бірлескен «Елорда жастары» жеңілдетілген несие беру және Жұмыс істейтін жастарға сатып алу құқығынсыз жалға пәтер беру бағдарламалары бар. Биыл да жалғасын табатын болады.

– Қазіргі жастардың қызы­ғу­шылығы, мамандық таңдауы бойынша қандай өзгерістер бар?

– Негізі әр адамның арманы, мақсаттары әртүрлі келеді ғой, сондықтан ол жағын болжау қиын. Бірақ студенттер бойынша ақпаратқа сәйкес, бірінші курс студенттерінің ішінде ең танымал мамандықтар: ақпараттық-коммуникация­лық технологиялар бойынша мамандықтарда – 3739, бизнес, басқару және құқық саласында – 2912, инженерлік, өңдеу және құрылыс салаларында 2470 жас оқып жатыр.

Қазіргі жастар өздеріне не керектігін біледі. Біздің мақсатымыз – дұрыс бағыт-бағдар беру, кеңесімізді айту, мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан бағдарламаларды жеткізу. Осы орайда Жастарға қызмет көрсету орталықтары туралы қоса кетейін. Қаламыздың 4 ауданында 5 Жастарға қызмет көрсету орталығы жұмыс істейді. Олар жастар арасында мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіру және кеңінен тарату мақсатында ашылған. Мұнда «Отбасы» банкінің, Жұмыспен қамту орталығының, «Астана жастары» орталығының қызметкерлері кеңес береді.

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button