Ел тынысы

Фотокөрме Оғыз тарихи мұрасына арналады

Қазақстан Республикасы  Мәдениет және ақпарат министрлігі, Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі, Бозоқ мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы, Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейі, Қызылорда әкімшілігінің қолдауымен және  Астанадағы Юнус Эмре түрік мәдениет орталығының ұйымдастыруымен  24 сәуірде ҚР Ұлттық музейінде «Қазақ даласындағы Оғыз тарихи мұрасы» атты фотокөрменің тұсаукесері өтеді.

Юнус Эмре институты аталған шараны бауырлас ел Қазақстанның Ұлттық музейінің 10 жылдығы шеңберінде ұйымдастырып отыр. Қойнауы тарихқа, шежіреге толы қазақ жеріндегі Оғыз ескерткіштерін зерттеу және көпшілік халыққа таныту жұмыстары түркі халықтарының тарихы туралы кеңірек ақпарат алуына негіз бола отырып, Қазақстан мен Түркия арасында мәдени көпірді нығайта түседі.

Көрмеге Түркияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі,  Парламент депутаттары, Қазақстандағы дипломатиялық корпус өкілдері, Түркиядан және Қазақстаннан ғалымдар, БАҚ өкілдері, студенттер қатысады деп күтілуде.

Фотокөрмеге оғыз тарихи ескерткіштерінің 30 фотосуреті және Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейі қорынан Сырдария оғыздарының материалдық мәдениетін қамтитын ҮІІ-XI ғғ. Жанкент, Күйіккескен, Сортөбе, Асанас қалашықтарынан табылған 56 археологиялық жәдігер қойылады. Экспонаттар ішінде VIІІ-ХІ ғғ. жататын қыш құмыралар, саптыаяқтар, қола бұйымдар, мыс теңгелер, ортағасырлық дастархан, ХІҮ-ХҮ ғғ. жататын медициналық құралдарды, шыңылтырлы қаптамалар, сырға, алтын түймелер, маржандарды және т.б. көрме қонақтары тамашалай алады. Көрме 1 апта бойы ашық болады.

Аталған көрме аясында «Қазақстанның түрік – оғыз мұрасы: мәдени құндылықтар және уақыт керуені» атты халықаралық семинар өткізіледі.

Семинарда Қазақстанның және Түркияның тарихшылары мен археолог ғалымдары: Ұлттық музейдің «Мәдени мұра» журналының редакторы, профессор, тарих ғылымдарының докторы Артыкбаев Жамбыл Омарұлы «Түрік оғыз тарихының негізгі кезеңдері және ерекшеліктері (қазақ ауызша дәстүрі деректері бойынша)», Түркияның Измир қаласындағы Докуз Эйлүл университетінің жалпы тарих кафедрасының профессоры Еркан Гөксу «Қазақ жеріндегі оғыз қалалары», «Бозоқ» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының бас инспекторы Дәрменов Рустем Тұрарбекұлы «Жанкент қалашығына жүргізілген археологиялық зерттеулер», «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи музей-қорығының директоры Күзербаев Әлібек Бақытбекұлы «Ұлытау өңіріндегі түрік-оғыз кезеңінің ескерткіштері«, Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорығы» директоры Құлбай Нұрлан Абызұлы «Маңғыстау жеріндегі Оғыз тайпаларына қатысты қабір үстіндегі кіші пішінді сәулет ескерткіштері (белтас, қойтас және т.б.)», Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Көзейбаев Сапар Алиясқарұлы «Сырдарияның төменгі ағысындағы оғыздардың материалдық мәдениеті (Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейі қоры негізінде)» тақырыбында Оғыз дәуірінің археологиясы мен сәулет өнерінің ескерткіштерін ғылыми мәнін саралау, насихаттау бойынша тың ақпараттармен бөліседі.

 

ҚАЗАҚ ДАЛАСЫНДАҒЫ ОҒЫЗ ТАРИХИ МҰРАСЫ

 

Ортағасырлық қазақ даласы – түркі халықтарының алғашқы мемлекеттері бой көтерген, жалпы адамзат тарихына ортақ өркениеттердің ошағы. Осы аймақта ІХ ғасырдың соңы мен X ғасырдың басында Арал маңынан бастап, Сырдария аңғары, Қаратау баурайы, Шу өңіріне дейінгі территорияда оғыз тайпалары мекендеді. Қазақстанның Сырдария өзеніндегі оғыз қалаларын зерттеген орыс археологы С. П.Толстов, оғыздарды ежелгі грек дерек көздерінде кездесетін массагеттердің бір тармағы ретінде қарастырды. Бұл пікірге сәйкес оғыздардың тарихы 2500 жылды құрайды. Көптеген туыстас тайпалардың бірігуінен пайда болған Оғыз мемлекеті Орта Азиядағы ықпалды мемлекет болды.

 

Аралдың жағалауында орналасқан Жанкент қаласы (Янгикент) кезінде Оғыз мемлекетінің астанасы еді. Жанкент қаласы Орта Азия мен Шығыс Еуропаны жалғастыратын керуен жолдарының торабында орналасқандықтан, сәулет пен мәдениеттің, сауда-саттықтың орталығына айналды.

 

Оғыз мемлекетінің тағы бір сәулетті қаласы Сығанақ (Сыгынак) – Ұлы Жібек жолы бағытындағы маңызды сауда орталығы. Оның қирандылары Қызылорда облысының Жаңақорған ауданында, Сунақата ауылынан солтүстік-батысқа қарай екі шақырым жерде орналасқан. Қала туралы алғашқы деректер X ғасырдағы парсы және араб тарихшыларының жазбаларына Сунак, Сунаката, Сығанақ атымен енді. Сығанақ егістік алқаптармен қоршалған үлкен ғимараттары бар гүлденген қала болатын. Сол кездегі әйгілі араб географы әл Махдиси мен Махмұд Қашғари осы қала туралы маңызды жазбалар қалдырды. XI ғасырға қарай аймақта қыпшақтардың ықпалы күшейе түсіп, әрі ішкі қақтығыстардан әлсіреген Оғыз мемлекеті құлдырады. XII ғасырда Сығанақ қыпшақ хандарының резиденциясына айналды.

 

Бұл екі қаладан бөлек, қазақ жерінде Домбауыл кесенесі (VIII–IX ғғ.), Аяққамыр кесенесі (XI–ХII ғғ.), Басқамыр қалашығы ( IX–XII ғғ.), Күлтөбе қалашығы (ІІІ-ІV – ХІV-ХІХ ғғ.), Қорқыт ата ескерткіші, Жанкент және Жент қалашығы (Х-ХY ғғ.), Бегім Ана мұнарасы, Сараман-Қоса (Сарман-Қожа) мұнарасы (Х-ХI ғғ.) сияқты оғыз сәулет өнерінің керемет ескерткіштері де қалған. Осындай ескерткіштер мен қалашықтарда жасалған археологиялық зерттеулер халықтың материалдық мәдениеті, қалалардағы бекініс қабырғаларының мықтылығы тұрғысынан Оғыз мемлекетінің Орта Азия территориясындағы қуатты ел болғандығын көрсетеді.

 

Түркілердің ең маңызды дастандарының бірі «Қорқыт ата» кітабындағы кейбір жер-су атауларынан да оғыздардың тарихи іздерін табуға болады.  Дастандағы «Қарашұқ» тауы бүгінде Қаратау деп аталатын тау жотасы, одан бөлек осы аймақта Қарашық деген қала да бар. Махмұд Қашғаридің картасында оғыздардың мекен еткен жерлері ретінде Қарашұқ тауларының етегі көрсетілген.

 

Ортағасырдағы оғыздар тарихын зерттеуші белгілі түрік ғалым, Измир қаласындағы Докуз Эйлүл университетінің жалпы тарих кафедрасының профессоры Еркан Гөксу:

 

«Көшпелілерде  отырықшы өмір салтын ұстанған қалалар да болды. Мұндай қалалар халықтың ой әлемінің, әлеуметтік, мәдени және экономикалық өмірінің көрінісі ретінде өте маңызды. Шынында да соңғы жылдары көшпелі өмір-салтымен қатар, қала өмірінің қатар дамығандығы туралы маңызды тұжырымдамалар жасады. Бұл «көшпенділер» ұғымының торына қамау арқылы біздің ойымыз, мәдениетіміз бен өркениетімізді жоққа шығарып келген «ескі» көзқарасты өзгерту қажеттілігін көрсетті.

Жалпы археология мен тариққа байланысты ең маңызды жұмыстар Қазақстан аумағында жасалды. Кеңестік кезеңнен кейін аймақта жүргізілген археологиялық зерттеулер бұрын -соңды біз білмеген әртүрлі ежелгі елді мекендерді анықтады. Олардың ішінде осы қазақ даласындағы Оғыз тарихи мұраларының орны бір төбе. Оғыздардың ата-бабаларының түп-тамыры, тарихының бастауы Қазақстанда жатқаны тарихи мәліметтерде бар.  Бұл да өз кезегінде Қазақстан мен Түркия арасындағы тарихи-мәдени байланыстың нығаюына үлес қосады»деді.

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button