Басты ақпарат

Кітаптың қадірі кетпейді

ЕЛОРДАДАҒЫ КІТАПХАНАЛАРДЫҢ ЗАМАНҒА БЕЙІМДЕЛУІ ҚАЛАЙ?

Кітап – рухани азық, білімнің бұлағы, руханият­тың шырағы. Өмірден әділеттік іздетіп, әлсізге болыстырып, күштімен күрес­тіретін құдірет. Пайы­мына паралель өмір сыйлап, өзді-өзімен күбірлестіретін күш. Осы орайда заманымыздың заңғар жазушысы Әбіш Кекілбайұлының «Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана» деген дана сөзі еріксіз ойға оралады.

[smartslider3 slider=2031]

Рухани азықтың қажетті қорын іздеген жан кітап­ханаға тартары сөзсіз. Себебі онда иісі, ауасы, аурасы бөлек бір әлем қол бұлғайды.  Қазіргідей ұялы телефонына ұдайы телміретін уақытта бұл теңеуіміз түсініксіз болады. Керек деректі  қысқа да  нұсқа оқып алатындар кітапхананың келешегі бұлдыр, болашағы жоқ дейді.

Жұрт арасында кітап оқылмайды, кітапхана ұстау шығын деген пікір желдей есуде. Бұл сөздің анық-қанығына көз жеткізу үшін қаладағы кітапханаларды аралап қайтқанды жөн санадық.

Елорданың орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарайтын хан сарайы сынды екінің бірі есігінен сығалай алмайтын кітапханалардың саны – 18. Оның 11-і – көпшілікке, 6-уы балаларға арналған. 1 кітапхана көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар үшін. Соның бірі  Бөгенбай батыр даңғылы №52 үйдегі балалар және жасөспірімдер кітапханасына барып, бүгінгі ахуалымен танысқан болатынбыз.

Бұл тақырыпқа қалам тартпас бұрын әлеуметтік желіден бас шаһардағы кітапханалардың парақшаларына жазылып, жұмыстарымен таныстық.  Байқағанымыз, сол хал-қадірінше оқырман тартып, олармен байланыс орнатып, кітап оқитындардың «қызыл кітапқа» еніп кетпеуіне қамданып-ақ жатыр. Оқырманға кітап беріп қана қоймай, шаралар өткізіп, руханиятқа өзіндік үлес қосып келеді.

Пандемия көпшілікті үйге отырғызып, онлайн режимде жұмыс істеуді үйретті. Осы кезде кітапханашылар да түлкі заманын тазы болып шалып,  кәсібіне адалдық танытқан. Жазушылар мен ақындарды, қайраткерлер мен ғалымдарды әлеуметтік желінің әлеуетімен оқырман қауыммен қауыш­тырып, тікелей эфирде тілдестірді.

Ат басын бұрған кітапханамызға кіргенде жұмыс уақыты жаңадан басталған еді. Соның өзінде жасы алпысты алқымдаған әжей әжім торлаған қолдарымен 3-4 кітапты көтеріп келе жатты. Өзіміздің құдды қазына аралына тап болған күйі аз-кем аялдап, осы құтты орынның іс-шараларды ұйымдастыруға жауапты маманы Сағыныш Дүйсенқызымен танысып, әңгімеге тарттық.

«Өткен жылы бірқатар онлайн шаралар өткіздік. Балалар әдебиетін қолдау жылы аясында балаларға арналған шығармалар жазатын ақын-жазушылармен, тарихшылармен және этнографтармен сұхбаттар жүргізілді. Мәселен, ақын, драматург Баянғали Әлімжан, ақын Серік Тұрғынбекұлы, жазушы Толымбек Әбдірайым секілді қаламгерлермен кітапсүйер қауым дидарласты. Ондағы мақсат – жас өрендердің  кітапқа деген ынталарын ашу, әдебиет әлемімен таныстыру. Таным көкжиегін кеңейту. Былтыр ашылған «Демалыс-променад» саябағында қалалық әкімдіктің қолдауымен бұрыш ашылып, сенбі және жексенбі күндері кітаптарды апарып, таныстырып отырдық. Ол жерде кітап алмасумен қатар көптеген қалам иелерін қала тұрғындарымен кездестірдік. Сонымен бірге біршама уақыттан бері жастардың жақсылыққа ұйыстыратын  «Zamandas» клубымен бірлесіп, жұмыс атқарып келеміз. Қабырғалас көршіміз болған бұл клубтың коворкинг орталығында мәдени шараларымыз ұдайы өтіп тұрады» деді Сағыныш Дүйсенқызы.

Негізгі аудиториясы балалар және жасөспірімдер болғанымен, бұл жерге еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін келіп, рухани азық алады екен.  Оны осы ұжымның басшысы Галина Көпжасарова да растап отыр. Алматы ауданында тұратын 84 жастағы Зәуреш Жақанова маңайында кітапхананың біріне де мойын бұрмай Бөгенбай батыр даңғылы №52 мекенжайына келіп тұрады. Бұл үрдістен кейуана жылдар бойы жаңылмаған. Әңгіме арасында Галина Александрқызы күнделікті қызықты оқиғамен бөлісті. «Бір күні қала сыртындағы Қараөткел ауылынан 11-сынып оқушысы кітап сұрады. Оған ауыл астана аумағынан тыс екенін, сұрағанын бере алмайтынымызды айтсақ та, жас оқырман жалынып тұрып алды. Баланың ниетін көріп, сенім арттық. Сөйтіп алған кітабын қайтарды. Сол сияқты қарапайым құрылысшы жігіт кітапхананың тұрақты оқырманы. Оның мәдениеті сондай, алдымыздан өткен сайын амандаса береді» деп Г.Көпжасарова көзбен көргенін әңгіме етті.  Оны бір қуан­татыны, құқық қорғау саласының қызметкерлері де ара-тұра кітап алып тұрады екен.

164 мыңға жуық қоры бар кітапханада 29 мың кітап – қазақ тілінде.  Өткен жылы 8000 мың оқырман кітапханаға келіп-кеткен. Биылғы жылдың басында 500-дей оқырман осында бас сұққан. 6 қызметкер әрбір оқырманына ерекше құрметпен қарайды. Дегенмен кітапхананың мәселесі де жоқ емес. Біздің пайымдауымызша, ескі кітаптарды есептен шығару ісі шабандау, жұрт іздеп жүріп оқитын кітаптар тапшы. Ана тілдегі кітаптар алыстан менмұндаламайды. Себебі сұлбасы салқындау.

Патша пейілді оқырман фэнтэзи, классика, жан-жануарлар, танымал тұлғалардың өміріне көбірек қызығушылық танытады екен. Сонымен бірге тарихи кітаптардың да өз іздеушілері бар көрінеді. Іші жылы, жиһазы жаңа ғимаратта жантайып кітап оқудан басқа қам жоқ. «Тіпті телефон қуаты таусылған балалар кітапханашылардан ата-аналарына қоңырау соғуды сұрайды. Қала үлкен, дала суық. Мұндай өтініштер лезде орындалады. Ұялы телефондары қуатталады» дейді кітапханашылар.

Оқырмандардың келгеніне қатты қуанатын кітапханашылар кейде алған кітабын қайтармай, кейбірі сылтау айтып созбақтап жұмысқа зиян тигізетін адамдар бар деп қынжылады. Мүлікті қорғау мақсатында мекеме бейнебақылау жүйесімен қамтылған. Есік үстінде ұрланған кітаптарды анықтайтын дабыл қағу құрылғысы да орнатылған. Ол үшін кітаптарға штрих код жабыстыру жеткілікті.

Ендігі мәселе – қаладағы кейбір білім ошақтарының бірлесіп жұмыс істеуге енжарлық танытуы дейді мұндағылар. Себебі шара туралы хабарлап, оқушыларды шақырсақ, жетпіс желеумен сұранысымыз сиыр құйымшақтанады. Осының салдарынан оқырман санын азайтып алмаймыз ба деген заңды сауал туындайды. Бүгінгідей заманда рухани әлемі бай шәкірт тәрбиелеу кімге де болса керек емес пе? Екінші мәселе – шарамызды БАҚ арқылы жарыққа шығарсақ деген ние­тімізді кейбір журналистер құптамай отыр. Келіп қатысқанмен, жариялай бермейді. Иә, кітап оқитындардың қатарын толтыру, жастарды осы бағытта тәрбие­леу – күн тәртібіндегі өзекті мәселе. Бұл жерде үздік тәжірибелерді үлгі етуге болады. Мәселен, Жамбыл облысындағы «Кітап оқып, миллионер бол» байқауын алайық. Қалалық басылымның бұрынғы басшысы Э.Мырза-Ғалидың бастамасымен, қалалық білім бөлімі мен балалар мен жасөспірімдер кітапханасы бірлесіп, бұл жобаны жемісті өткізді. Олай дейтініміз, әлеуметтік желіде тақырыппен тақылеттес хештегпен 3000-ға жуық жазба жарияланып, 20 000-нан астам әдебиет нұсқасы оқылған. Ең көп оқылған әдебиеттер тізімінде ­М.Әуезовтің «Көксерегі», Б.Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа», А.Экзюперидің «Кішкентай Ханзада», М.Мағауиннің «Тазының өлімі» кітаптары бар. Аталған байқауға 48 мектептен 1000-нан аса оқушы қатысқан, оның 44-і – қала мектептерінен. Байқаудың шарты бойынша ұсынылған 100 кітапты оқып, сюжетін баяндау болатын. Мүйізі қарағайдай қаламы ұшқыр қазылардың сұрағына мүдірмей жауап берген 1 оқушы миллионер атанса, қалған қатысушылардың қанжығасы бос қайтпады. Арнайы жүлделер тігіліп, екінші, үшінші орындарға қомақты қаржы берілді. Материалдық құндылыққа мән беретін мезгілде бұл таптырмас тірлік болар еді. Осы өнегелі істі әрбір өңірге енгізсе, нұр үстіне нұр. Елорданың кітапханашыларының құлағына алтын сырға.

Шетелдік сақалды шалдың шыж-быжына кезекке тұрғандай жастардың кітапханаға кезекке тұрғанын көрсек, арманымыз болмас еді. Қош айтысып, құтханадан шығып бара жатқанымызда азық-түлік себетін ұстаған әже рухани азық іздеп кіріп келе жатты. Дени Дидро айтқан «Кітап оқуды қойған адам ойлауды да қояды» деген нақылды әжейдің нұры қайтпаған жанарынан аңғардық.

Күні кеше Мәдениет және спорт министрлігі мерекелік күндердің тізбесіне қатысты қаулы жобасын дайындап, 22 қазанды кітапханашы күні ретінде атап өту ұсынылды.

Байжан ЕМБЕРДІ

 

 

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button