Басты ақпарат

Маздақ

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Президенті сыйлығының лауреаты, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, жазушы-журналист Қайсар ӘЛІМ мерейлі 75 жасқа толып отыр. Қаламгер «Міржақыптың оралуы», «Мұңды сапар», «Махаббат жыршысы», «Сыздамашы, жүрегім!», «Мәңгілік шер», «Кәусар», «Безінген ләйлек», «Алашшыл жүрек», «Сейілмейтін мұң», «Мекке, Мәдинам менің!», «Қазағын оятқан», т. б. кітаптарымен және сегіз томдық шығармалар жинағымен оқырмандарға жақсы таныс.

[smartslider3 slider=1698]

Журналист-жазушы Қайсар Әлім – қазақ журналистикасының белді өкілі, жоғары үлгідегі кәсіби маманы. Жетпіс бестің биігіне шығып отырған қарымды қаламгердің өмір жолы туа біткен дарын мен таңдап алған мамандықтың сәтті үйлесуінің жарқын үлгісі десе болады.

Ол Алаш көсемдері Ахмет пен Міржақып өмірге келген қасиетті Торғай топырағында дүние есігін ашты. Міржақыптың жақын нағашы болып келуінің өзі оған ерекше әсер еткен сияқты. Кеңестік кезеңде қанша тыйым салынғанмен, үлкендердің әңгімесінен Жақаңның талантына табынып өсті. Болашақта журналист болу талабының бір ұшы осы негізде жатқандай. Осылай оқушы кезінен тілшілік кәсіпке әуестенді. Ескі газеттерді жинап, қайта-қайта машықтанып оқығаны әлі есінде. Өзі де осындай мақалалар жазып жарияласам деген қиял құшағында жүрді. Ол ойы да орындалды. Аудандық, облыстық газеттерде тырнақалды шағын мақалалары жиі-жиі жарық көрді. Жас тілші осылай дүйім жұртқа танылды. Ол осылай жалындаған жас шағынан айналасында болып жатқан өзгерістерді байқап, алаңдай алды. Оны туған ауылы, өскен ортасы, табиғат тағдыры, қоғамдық және саяси-әлеуметтік өмір қатты толғантты.

Қостанай облыстық «Коммунизм таңы» (қазіргі «Қостанай таңы») газеті түрлі тақырыптарға мақала жазып ысылған жиырма екі жастағы жігітке үлкен сенім артып, редакцияға қызметке қабылдайды. Осыдан жарты ғасырдай бұрынғы бұл елеулі оқиға оның өмірінде ұмытылмастай із қалдырды. Тарихи шежірелі өңірдің байырғы басылымының сақа журналистері редакция есігін қымсына аттаған жас талантты еш жатырқаған жоқ.

Осылайша ол алғашқы өмірлік және шығармашылық шынығу жолынан өтті. Қазақы тәрбиеде өскен қаламы жүйрік дарынды жастың шығармашылық ортаға кіруінің өзі үлкен абырой еді. Бақытжан Жангисин, Сырлыбай Бүркітбаев, Сапабек Әсіпов сынды басылым басшылары мен басқа әріптес ағалары қамқорлық құшағына алып, жас тілшіден нағыз кәсіби журналист қалыптастырды. Олар оны баулыды, жігеріне жігер қосты, қаламына қанат бітірді.

Иә, олар, журналистер айрықша адамдар болатын. Қазіргіден де бөлек. Тілшілік тірлікке деген өзгеше көзқарас, өзгеше жұмыс стилі. Жас журналист Қайсар істеген кездегі газет те мүлдем өзгеше еді. Аға буын журналистер де, ол да газетпен бірге және газет ішінде өмір сүрді. Қайсар үшін де газет жеке өмірінің мәні, мақсаты мен қуанышы болды. Газет олар үшін екінші үйі болатын. Олар мұнда таң бозында келіп, қараңғы қоюлана қайтатын. Бұл жас талап үшін өнегелі өмір мектебі болды.

Әдеби қызметкер ретінде бастап, бүкіл облысты аралады, шалғайдағы шопандар ауылының, өндіріс ошақтарының тыныс-тіршілігімен терең таныстырған құлаш-құлаш мақалалар мен суреттемелер, очерктер жазды. Ұшқыр ойлы журналистік қабілеті мен кең құлашты қалам қарымының арқасында арнаулы тілші, жауапты бөлімнің меңгерушілігіне дейін өсті.

Облыс оқырмандарына оның ой ұшқырлығы, ішкі түйсіктерін жеткізе білу мәнері ұнайтын, ерекше байқағыштығы да сүйсінтетін. Ауылда туып өскен, өнеркәсіптен еш хабары жоқ Қайсар осы салаға байланысты бөлімді басқара жүріп, өндіріс тақырыбын жетік меңгерді. Сол себепті де тау-кен, жеңіл өнеркәсіп саласы болсын, басқа да ірі өндіріс орындарына байланысты дәйекті сын айта алды. Ол осылай адамды жалықтырып жіберерлік өндірістік тақырыпты ойнатып жазды, ойландырып жазды.

Жерлестері оның әр шығармашылық жетістігіне қуанды. Абырой мен құрмет оған сол кезде келді. Есімі облыстық құрмет кітабына жазылып, журналистер арасындағы облыстық байқаудың лауреаты атанды. Жаңа марапат, жаңа сыйлық алған сайын қалам қуаты қатая түсті. Бұл ерекшелік оның жеке тұлғасының тұтастығын, талант қасиетін айшықтады.

1990 жылы тамызда еліміздің бас басылымы – «Егемен Қазақстан» газетінің Торғай облысындағы меншікті тілшісі болып тағайындалып, қажырлы қаламгердің екінші үлкен белесті өмірі басталды. Аға газет үшін мұндай талантты да тәжірибелі тілші айтарлықтай олжа болды. Бір жыл салып Алаш арыстары армандаған тәуелсіздік күні туып, егемен елдің қарышты қадамдары мен жаңа жетістіктерін паш еткен, тарих тереңінен сыр бүккен «ақтаңдақтар» бетін ашып, тұлғалар тағдырын жүректі шымырлатып өндіре жазған туындылары бас газет бетінде жиі жарияланып, оқырмандар ықыласына бөленді. 1992 жылы күзде арнайы экспедиция құрамында Алаш ардақтысы Міржақып Дулатовтың мүрдесін 57 жылдан соң Карелиядан әкеліп, туған жері – Торғайға қайта жерлеу шарасының басы-қасында болған сапар туралы күн сайын репортаж жариялағанын еш ұмытпас. Осы тарихи оқиға туралы жазған «Мұңды сапар» кітабы үшін де Қазақстан Журналистер одағының М.Дулатов атындағы сыйлығын алған болатын.

«Егемен Қазақстан» газетінде ширек ғасырға жуық журналистік қызмет атқарған екен. Тәуелсіздік тамыршысындай талғаммен жазып тамсандырған талай тұщымды туындылары осы басылым бетінде жарық көрді. Өзі ерекше атап жазғандай, тәуелсіздік тілшісі атанып, осы биік мандатты үлкен жауапкершілікпен жоғары ұстай білді.

Журналист, жазушы, көркемсөзші, өлкетанушы. Өзінің жарты ғасырға жуық қаламгерлік өмірінде республикалық баспалардан шыққан 27 кітаптың авторы ретінде танылыпты. Ал 2007 жылы 8 томдық шығармалар жинағының жарық көруі журналист-жазушының үлкен қаламгерлік қарымын байқатса керек. Одан басқа отызға жуық жинақтарға енген публицистикалық мақалалары мен очерктерінде еңбек адамдарының шынайы бейнесі мен азаматтық тұлғасын сомдады.

Қайсар десе қайсар. Жазбаған тақырыбы, қалам тартпаған саласы жоқ шығар. Кен көздерін іздеп, дала кезіп шарқ ұрған геологтар, бітік астық өсіру жолында жанқиярлық еңбек үлгісін көрсеткен диқандар, әуе көгінде самғаған ұшқыштар, құрыш қолды құрылысшылар, басқа да түрлі мамандық иелері жігерлі журналистің қалам құдіретінің арқасында еңбекте ғана емес, елге танылу жағынан да жолдары болып, игі істері бүкіл жұртқа мәлім етілді. Ол тағдырлы тақырыптарды да батыл жазды. Ғасыр апатына саналған Чернобыль қасіреті туралы «Мәңгілік шер» хикаяты тереңнен толғаған зұлмат шежіресі іспетті.

Жүзге жуық портреттік мақалаларын айтсаңызшы! Алаш көсемдері Ахмет пен Міржақып, ұлы ғалым Қаныш Сәтбаев, жыр жампозы Нұрхан Ахметбеков, темір тұлпарды тізгіндеген қазақтың қайсар тракторшы қызы Кәмшат Дөненбаева, ұлттық поэзияның жарық жұлдыздары Сырбай Мәуленов пен Ғафу Қайырбеков және т. б. көптеген тарихи тұлғалар туралы толғанысқа толы тартымды туындылары оқырман көңілін тапты.

Ел өміріндегі ерекше оқиғалар мен ұлт тарихына тұңғыш түрен салған тұлғаларды бірінші болып жазу бақыты бұйырған да осы біздің кейіпкер. Елін аңсап келген шетелдік ағайындарды Арқалық әуежайында алғашқылар қатарында күтіп алып, бірінші болып мақала жазуы, қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіровті көк зеңгірден алғаш қарсы алғандардың бірі ретінде тағы да бірінші болып «Тоқтарлар Торғай жерінде» деп қуанышты мақаласын «Егеменде» жариялауы – журналистің ең бір бақытты сәттері.

Қайсар журналист үнемі алдыңғы шепте жүреді, үнемі бастамашылығымен көзге түседі. 1990 жылы Торғайда «Егеменнің» тілшісі болып жүргенде алғашқы мақаласын «Торғай театры қайтадан ашыла ма?» деп жабылып қалған театрды қайта ашқызу мәселесін бастама етіп көтеріп, мақсатына жетеді, Торғайдың шынайы патриотының мақаласы түрткі болып, театр қайта түлейді. Тіпті бастамашыл журналистің ой тастауымен театр жеке ғимаратқа ие болыпты. Ал 1992 жылы 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс басшыларының бірі Кейкі батырдың Санкт-Петербургте сақталған бас сүйегін елге қайтару туралы «Кешір, Кейкі баба!» атты мақала жазып, бірінші болып бастама көтерген еді. Уақыт төреші. Журналист арманы арада жиырма жылдай уақыт өткенде әйтеуір орындалды. ХVII-ХVІІІ ғасырларда Бөгенбай, Қабанбайлармен бірге сыртқы жауға қарсы соғыста өшпес ерлік көрсеткен, Түркістанда жерленген атақты батыр Мадияр Жауғаштыұлының есімін Қожа Ахмет Ясауи кесенесіндегі тізімге енгізу қарекетін ойға алған да осы Қайсар. Ол бастамасы да іске асты.

Қайсар журналистің жазушылығы – өз алдына бөлек бір әңгіме. Бұл жерде Қазақстанның Халық жазушысы Әзілхан Нұршайықовпен арадағы тығыз шығармашылық байланысы жеке дара тұрады. 1975 жылы «Серпін» деген очеркін облыстық газет басшылары бұл жанрға жатқызбағандығына келіспей, осы туындысының жанрын анықтауды сұрап, журналистиканың қыр-сырын жете білетін Әзағаңа хат жазады және осыған қоса «Жүрек жылуы» атты очеркін жіберіп, сараптап беруді өтінеді. Жауап хатында журналист-жазушы жас таланттың екі туындысын да очерк жанрына жатқызып, ізгі тілегін білдіреді, тіпті «Жүрек жылуы» очеркін «Қазақстан мұғалімі» газетіне ұсынады. Хатының соңында «Сіздің жай журналист емес, журналист-жазушы болуыңызға шын жүректен тілектеспін» деп ақ батасын береді. Сөйтіп, Қайсар журналистің Қайсар жазушыға айналуының негізі осы тұста қаланса керек. Оның үстіне Қайсардың алғаш мақала жазған бала кезінен басталған шығармашылық өмірі тура Әзағаңның қаламгерлік даңғыл жолының көшірмесі іспетті. Аға жазушы өмір бойы күнделік жазса, журналист Қайсар Әлім де жас шағынан осындай әуестікпен айналысыпты.

Осының бәрі – оның майдангер жазушы өмірін білмей-ақ өз бетімен айналысқан тірлігі. Мұндай да ұқсастық болады екен. 1997 жылы Торғай облысы тарағаннан кейін тағдыр айдап жаңа астана төрінен бір-ақ шығады. Мәдениет министрлігінде тәп-тәуір қызмет атқарғанмен, көңілі өзінің сүйікті кәсібі – тілшілікке ауады да тұрады. Сөйтіп, 2000 жылы «Егемен Қазақстан» газетіне қайта қабылданып, тілшілік қызметке тұрақты ауысады. Осылайша Әзағаңның журналистік жолын қайталайды. Кезінде ол кісі де Павлодар облыстық газетінің редакторы лауазымды қызметін ойдағыдай атқарғанмен қаламгерлігі жеңіп, «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің сол Ертіс өңіріндегі меншікті тілшілігін қалап алған ғой. Міне, журналист-жазушының сол қадамын Қайсар інісі ерлікке балап, өзі де рухани ұстазының жолын қайталады, шығармашылық жаңа биіктерді бағындырды.

Жазушы Қайсар Әлімнің «Махаббат жыршысы» атты эпистолярлық хикаяты қос қаламгердің отыз жылдан астам өзара жазысқан хаттары сыр шерткен өмір мен қоғам шындығы көркем көмкерілген терең ойлы да мағыналы туынды десе болады. Шығармада Әзағаңның махаббатпен ұштасқан асыл бейнесі айқын көрсетіліп, өнегелі өмірі шығармашылық лабораториясымен тығыз сабақтастырыла көрсетілген. Бұл жолы Қайсар жазушы ағасын жаңа қырынан қайталапты. ХХ ғасырдың ортасында Әзағаң өзі ерекше құрмет тұтқан ұстазы, көрнекті жазушы Мұқан Иманжановпен өзара бірнеше жыл бойы үзбей хат жазысып, елдік, ерлік, адамгершілік, шығармашылық мұраттарын сөз етсе, арада жарты ғасырдай уақыт өткенде Қайсарға өзі пір тұтқан ұстазы Әзағаңмен ұзақ жылдар тұрақты түрде хат жазысып тұру бақыты бұйырған екен.

Ұстаз бен шәкірт хаттасулары оқырман көңілінен шықты. «Махаббат жыршысы» туралы Әзағаң: «Қарапайым адам, қарапайым азамат, қарапайым журналист-жазушы мен туралы мұндай кітап жазғанына іштей қуанамын» деп жылы ілтипат білдіріпті. Қайсардың өзі де: «Махаббат жыршысы» қомақты кітабым мені де осы жазушы ағамның ақ жолына салып, еліме сыйлы ете түскендей» деп ағынан жарылады.

Әзағаң ұстазының күнделік жазу өнегесі өзіне ұқсаған шәкіртінің қырық жылдан астам жүргізген күнделік баянынан айқын байқалып, Қайсекеңнің жастық шақ пен кемел шақ аралығындағы ұзын-сонар бел-белесті өмірі, қым-қуыт тілшілік тірлігі, заман шындығы «Өз өрмегім» атты бірнеше томнан тұратын күнделік-хикаяттарын құрады.

Қаламгерді зиялы қауым жан-жақты білімді, қажырлы шығармашылық ізденістердің адамы ретінде жақсы біледі. Әр жарияланымы тереңдігі мен тақырыпты меңгерген жоғары мазмұндылығы жағынан баурап алады. Бұл – жас журналистерге ғибратты үлгі-өнеге.

Үлкен ізденістер мен жаңа үрдісті бастамалар жолындағы қаламгердің шығармашылық алар асулары әлі алда деп ойлаймыз. Анасы жарықтық соңғы демі бітерде: «Қаламсабыңды тастама!» деп өнегелі өсиет айтқан екен. Лайым солай болсын! Қаламыңыз қолыңызда, әрдайым бірінші болыңыз, қайсар қаламгер Қайсар аға!

Серікқазы ҚОРАБАЙ,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button