Басты ақпаратҚала тіршілігі

Мерейі үстем мамандар

Астанада заманауи үлгідегі тұрғын үйлер жетерлік. Солардың бірі – «Nova сity» тұрғын үй кешені. Бұл – «Otau group» құрылыс компаниясы салып жатқан нысан.

Бас қалада қолтаңбасы бар

Қазіргі уақытта аталмыш нысанның тең жартысы ғана салынған. Құрылыс алаңында жоба жетекшісінің орынбасары Шоқан Ибраевпен тілдестік. Оның айтуынша, бұл жерде алдағы уақытта «Nova сity» ықшам ауданы пайда болмақ. Үлкен паркинг салынып, осы аумақта мектеп те бой көтермек.
– Бұл нысанды салуды 2016 жылдың 19 шілдесінде бастаған едік. Екі жылдың ішінде 12 үй пайдалануға берілді. Осы айдың соңына қарай тағы екі үйдің құрылысы толықтай аяқталады. Жоспар бойынша 2020 жылға дейін мұнда 24 үй салынуы тиіс, – дейді ол.
Айта кету керек, Шоқан Ибраев – құрылыс саласында 1987 жылдан бері еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі маман. Негізгі мамандығы – құрылысшы. Еңбек жолын қалақшы, монолитші болып бастаған ол өзінің туған жері Екібастұз бен Семей қаласында да учаске басшысы, прораб, бригадир болып біраз жыл қызмет еткен. 2000 жылдардан бері Астананың да салынуына өзіндік үлес қосып келеді. «Нұрсая-2», «Гранд Астана», «Кампус» сияқты көптеген тұрғын үй кешендері мен құрылысы аяқсыз қалған қаладағы бірқатар проблемалы нысандарды да салуға инженерлік саласы бойынша басшылық еткен Ибраев – 30 жылғы еңбек өтілінде марапатқа да кенде емес, түрлі медальдар мен алғыс хаттардың иегері.

Бес адамды құтқарған жұмысшылар

«Nova сity» тұрғын үй кешенінің құрылыс алаңында екі ауысымда жүздеген адам жұмыс істейді. Солардың ішінде білекті ғана емес, жүректі жігіттер де аз емес. Ағымдағы жылдың наурыз айында аталмыш тұрғын үй кешенінің бірінің 7-қабатында өрт шығып, қызыл жалынға айналған пәтер ішінде шиеттей үш бала мен олардың анасы және әжесі қалып қойған. Түскі үзілісте жүрген монолитші Руслан Беріков пен Ақылбек Жақайымов, Әділбек Дағыс­тан және терезе орнатушы Жасұлан Байсейітов пен инженер Руслан Жалбақов өртті байқағанда бірден оқиға орнына жүгіріп барып, құтқарушылар келгенше 5 адамды 6-қабаттың терезесінен аман алып шыққан. Олардың бұл ерлігі үшін Астана әкімі Әсет Исекешев құрылысшыларды «Белсенді азамат» естелік мүсіндерімен және алғыс хаттармен марапаттап, ақшалай сыйақы табыстаған болатын. Сонымен қатар, құтқарушыларды Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Барат Дұзақбаев «Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін» төсбелгісімен марапатта­ған-ды.
Қазіргі уақытта қос Руслан мен Жасұлан түнгі ауысымда жұмыс істеп жүргендіктен, құрылыс алаңында тек монолитшілер Ақылбек пен Әділбекті ғана жолықтырдық. Оларды сол кездегі оқиға туралы сөзге тартып, жұмыстары жайлы тілдестік.
– Өрт болып жатқанда ойланып тұратын уақыт болмады. Көз алдымызға өз отбасыларымыз елестеді. Оқиға орнына бірден жүгіріп бардық. 7-қабаттағы пәтерге көк түтіннен кіре алмадық. Содан 6-қабатқа түсіп, адамдарды терезеден көтеріп алдық. Құдайға шүкір, олардың бәрі дін аман қалды, – дейді Әділбек.
Әділбек пен Ақылбектің құ­рылыста жұмыс істеп жүргендеріне 6 жылдан асыпты. Жұмыс ауыр болса да, олар осы салаға әбден бейімделіп алыпты.
– Негізі, асабалық, әншілік өнерім бар. Бірақ құрылыстан нәпақамды тауып, отбасымды асырап отырмын. Құрылыс қызығы мен қиындығы қатар жүретін жұмыс қой. Қыстың аязы мен жаздың аптабында да жұмыс істейміз. Биіктікке де көз үйреніп қалды. Көп қабатты үйдің төбесінде тұрып, монолит құямыз. Кейде қалыпты асыға тарсылдатып жатқанымызда денемізге балға да тиіп кетеді. Алайда ет қызумен ештеңе білінбейді, – деген Ақылбек бұл жұмыстың өзіне ұнайтынын айтады.
Құрыш білекті құрылысшыларды кәсіби мерекелерімен құттықтай отырып, олардың істеріне сәттілік, еңбектеріне жеміс тіледік.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button