Басты ақпаратРуханият

Пикассо көрмесін көріңіз

ҚР Ұлттық музейінде ХХ ғасырдың ең танымал және беделді шеберлерінің бірі – Пабло Пикассоның көрмесі ашылды.

Мәдениет және спорт министрлігі ұйымдастыр­ған «Пабло Пикассо. Селестина және қыштан жасалған Валлорис» экспозициясы Астананың 20 жылдығына арналды.
Өнер әлемінде өзіндік қолтаңбасы бар суретшінің көрмесін тамашалауға Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Италияның Қазақстандағы елшісі Паскуале Д’Авино және өнерсүйер қауым келді. Композицияның ашылу салтанатында сөз алған министр «Бүгін­гі
халықаралық көрме – шоқ­­тығы биік мәдени ша­ра­лардың бірі. Ұлттық музейдің ашылғанына аз ғана жылдар болса да, осындай әлемге әйгі­лі тұлғалардың көрмесі қо­йылып жатқаны қуантады. Пабло Пикассо – сурет өнерімен қатар, жалпы адамзаттың дамуына зор үлес қосқан тұлға. Әлемнің сұлулығын қылқаламмен қағаз бетіне түсіріп, оған ерекше әр беру әркімнің қолынан келе бермейді. Сурет өнері – табиғат тарту еткен талантты жандар­ға тиесілі десек, Пабло Пикассо сондай талант иесі» деді.

Көрме барысында астаналықтар мен қала қонақ­тары көркем керамика мен Пикассо гравюраларының сирек көрсетілетін коллекциясын тамашалауға мүмкіндік алды. Құмыралар, табақшалар, сауыттар, ертегідегі құстар мен мифтік жаратылыстар шебердің Екінші дүниежүзілік соғыс­тан кейін Францияның оңтүстігінде тұрақтаған кездерін көзге елестетеді.
Италияның Қазақстандағы елшісі Паскуале Д’Авино көрме түрлі ұлт өкілдерін бір арнаға тоғыс­тырып, өзара түсінісуіне көмектесетініне сенімді. «Ұлттық музейге қойыл­ған көрменің маңызы зор. Әлемге әйгілі Пабло Пикассоның жеке көрмесі Қазақстанда тұңғыш рет өтіп жатыр. Көркем туындылар көптің көңілінен шығып, музей қонақтарын қуантады деп үміттенеміз» деді ол.

Тарихқа шолу жасасақ, 1946 жылы Валлористе жыл сайын өтетін керамика көрмесіне барған Пабло Пикассо сол жерден шабыт алып, 4 мыңнан астам декоративтік керамика бұйымдарын жаса­ған. Тың туындыларды жасау үшін шебер көзеші ұршығын пайдаланбаған. Оның сауыттары мен кеселері ерекше стильдің арқасында тартымды әрі тылсым архаикалық мүсіндер іспеттес. Қиялға ерік берсеңіз, құстар мен аңдардың тіріліп, ал керамикадан жасалған түрлі-түсті мүсіндерге жан бітіп, адам кейпіне енетінін елестетуге болады.
Көрмеге 32 түпнұсқа экс­понат ұсынылды. Туын­дыларда Edition Picasso («Пикассо қолынан шыққан») деген жазу мен нөмір таңбаланған.
Экспозиция 3 қарашаға дейін жалғасады.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button