Басты ақпаратРуханият

Кристиан Диордың Қазақ музасы

Аты әлемге әйгілі француз кутьюресі Кристиан Диорды естімеген көзі қарақты адам бұл күнде кемде-кем шығар. Оның мода әлемінде тұтас бір дәуірді алып жататын даңқы барын былай қойғанда, осы тектің атымен тарап келе жатқан жұпар лепті иіссуды көпшілік қауым білетін болар.

 

Міне, аты фэшн-индустрия тарихында алтын әріптермен жазылған ұлы тұлғаның даңқын Алла Илчун ныспылы қазақ қызы жиырма жылдан астам уақыт бойы асырып, оның шабытын шақырушы атанды. Диордың сүйікті моделі күні бүгінге дейін әлемдік стильдің эталоны саналып келеді. Сонымен бірге, апамыздың аты да XX ғасырдың сән әлемі шежіресінде мәңгіге қалды.
Алланың әкесі қазақ та, анасы орыс қызы еді. Әкесінің аты-жөні Жуанхал Илчун, анасының есімі Татьяна болатын. Жуанхал Верныйда тұратын байдың баласы, Татьяна Харбинде тұратын опера әншісі еді. Төңкерістің алдында теміржол училищесін бітірген Жуанхал кейін Қытайдың Ресей бақылауында тұрған Харбин қаласына жіберіледі. Осы жерде ол болашақ жарына кездеседі. Осында 1917 жылдың зобалаңын қарсы алады. Көп ұзамай екі жастың отбасында қыз туып, оған Алла деген есім беріледі. Кейін Харбиннің билігі толық қытайларға көшкеннен кейін бұлар жедел Парижге қоныс аударады.
Алла жас шағында француз қарсылық қозғалысы құрамында болады. Ол мұнда тегі орыс княгинялар Тамара Волконская­мен және Ариадна Скрябинамен иықтаса жүріп, Францияның оңтүстік-шығысында болған көше ұрыстарына қатысады.
Илчунның бұл орайдағы кез келген фильмге керемет өзек бола алатындай тағдыры баяғы Күл­қыз­дың басынан кешкеніндей өте қызықты еді. Ол 1946 жылы Париж­дегі ресторандардың бірінде ыдыс жуушы болып жұмыс істеп жүреді. Бұл кезде модель болу туралы ой оның қаперінде де болмайды. Бір жолы құрбысы Аллаға өзіне серік болып Кристиан Диордың кастингіне барып қайтуды өтінеді. Мұнда келгесін Алла дос қызын күтіп вестибюльде отырады. Осы жерде оны ұлы кутюрьенің өзі байқап қалып, кастингтен өтуге шақырады. Бұған қатты таңғалған қыз ақырында келісімін береді…
Алла содан кейін… бояушылар жұмыс істеп жатқан бөлмеде киімін ауыстырады. Киініп болғасын бұған Диордың өкілі келіп:
– Мадемуазель, сіз сынақтан өттіңіз, – дейді.
Илчун енді манағыдан да қатты аң-таң болады. Тіпті мұны кутюрье көрген де жоқ қой.
– Ол бояушылардың қатарында болды, – деп күледі сонда фирманың өкілі.
Осылайша бір көргенінен Крис­тиан Диордың ықыласын жаулап алған Алла Илчун жиырма жылдай уақыт оның басты музаларының біріне айналды. Диор өзі тапқан шығыс қызын ательесіне сәттілік әкелетін музасы деп есептеді. Ал Алла Диорды барлық еркеліктері мен білместіктерін кешіре беретін өзінің екінші әкесі санады.
Көп ұзамай Алла өзімен бір фирмада қызмет ететін поляк фотографы Майкл де Дюльманға тұрмысқа шықты. Бұл екеуі екі бала тәрбиелеп өсірді.
Қазақ қызы топ-модель ретінде тез өсіп-жетілді. 50-ші жылдарда қазақ қаны бар сұлу қыз француз эстрадасы мен киносының жұлдыздарына жұрт алдына қандай киімдермен шығу керек екенін үйретті. Оның кешке көрсеткен сән үлгілеріне ертеңіне азанда Марлен Дитрих немесе Эдит Пиаф секілді жұлдыздар тапсырыс беруге келіп тұрды. Оның күлімдеген қиық көздері арқылы сол кезде сән үлгілері ретінде шығыс қыз­дарына қызығушылық оянды. Мансабының басында қыздың белі корсетсіз 47 сантиметр ғана болды. Кейін 20 жылдың ішінде бұл көрсеткіш 49 сантиметрге ғана жетті. Бұған қалай жеткенін сұрағанда Алла «Мен ештеңе жемеймін. Тек ішемін. Менің диетам – темекі мен аққайнар. Оларда дәрумен бар ғой» деп жауап берген.
Кейін Диор қайтыс болғаннан кейін Алла Илчун тағы бір ұлы модьелер Ив Сен Лоранның қарауында 10 жылдан астам уақыт манекенші болып қызмет атқарып, оның да даңқын асырды.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button