Басты ақпарат

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: Мен үшін ел сенімінен артық мәртебе жоқ

01,-29.04

Кеше Тәуелсіздік сарайында жаңа мерзімге сайланған ҚР президентін ұлықтау рәсімі өтті. Салтанатты рәсімде Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстанның президенті ретінде ант қабылдап, қызметіне ресми түрде қайта кірісті.

Ұлықтау салтанаты – құрмет рәсімі

Бұл – Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы бесінші ұлықтау рәсімі. Еліміздің Тұңғыш Президенті 1991 жылы алғаш рет ант берген болатын. Ол салтанатты рәсім 10 желтоқсанда Алматыдағы Республика сарайында өтті.
1999 жылы 10 қаңтарда өткен екінші жалпыхалықтық сайлауда да жеңіске жеткен Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының Конституциясына алақанын қойып, ант берген еді.
Бұдан кейін 2005 жылғы 4 желтоқсанда үшінші жалпы халықтық сайлау өтті. Ел сенімін арқалаған Елбасын ұлықтау салтанаты 2006 жылғы 11 қаңтарда Ақордада болды. Бұл инаугурацияға әлемнің 70-тен аса мемлекетінен келген жоғары лауазымды тұлғалар қатысты.
Осыдан кейін 2011 жылы кезектен тыс сайлауда тағы да Нұрсұлтан Әбішұлы жеңіске жетті. Ұлықтау рәсімі 8 сәуірде өтті.
Енді, міне, ҚР Орталық сайлау комиссиясының 28 сәуірде жариялаған соңғы қорытындысы бойынша кезекті сайлауда іс басындағы Елбасы Қазақстан халқының 97,75 пайыз дауысын жинап, жеңіске жетіп, бесінші мәрте ел Президенті ретінде ант қабылдап отыр.
Бүтін бір халықтың өз президентін сайлауы және ел сенген Елбасының ресми түрде қызметке кірісуі – тарихи уақиға, салтанатты сәт.
Ұлықтау рәсімі өтетін Тәуелсіздік сарайына ең алдымен Қазақстан Республикасының Туы, штандарты мен Конституциясы жеткізілді. Бұдан кейін президент мінген салтанатты кортеж Ақордадан шығып, рәсім өтетін ғимаратқа қарай бет алды. Тәуелсіздік сарайының алдында жаңадан сайланған Қазақстан Республикасы Президентіне Мемлекеттік күзет қызметінің бастығы Амантай Күреңбеков рапорт берді. Бұдан кейін артиллериялық от шашу болып, Нұрсұлтан Назарбаев салтанатты рәсім өтетін залға қарай бет алды.
Президент кіргеннен кейін Конституциялық кеңес төрағасы Игорь Рогов Конституцияның 42-бабына сәйкес, Қазақстан Республикасының Президенті халыққа ант берген сәттен бас­тап лауазымына кірісетінін мәлімдеді. Содан кейін Президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының Конституция­сына оң қолын қойып тұрып, «Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын қатаң сақтауға, азаматтардың құқылары мен бостандықтарына кепiлдiк беруге, Қазақстан Республикасы Президентiнiң өзiме жүктелген мәртебелi мiндетiн адал атқаруға салтанатты түрде ант етемiн» деп халыққа ант берді.
Мемлекет басшысын ұлықтау рәсімінің құрметіне Әнұран айтылып, зеңбіректерден 21 рет оқ атылды.
Бұдан кейін Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов Нұрсұлтан Назарбаевқа Қазақстан Республикасы президентінің куәлігін табыс етті.

Ел бірлігін көрсеткен ерекше сәт

Ұлықтау рәсімінде сөз сөйлеген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев кезектен тыс өткен президент сайлауы Қазақстан халқының бірлігін күллі әлемге танытқанын атап өтті.
– 26 сәуір еліміз үшін тағы бір тарихи тағдырлы күн болды. Президент сайлауы Қазақстан халқының кемеңгерлігін бүкіл әлемге паш етті. Ел бірлігіне беріктігі мен кемел келешекке сенімін танытты. Мәңгілік елдің мызғымас ұстанымдарына адалдығын көрсетті. Бұл – таңдау жарқын болашаққа қадам басқан Қазақстанның таңдауы, бірлігін берекеге ұластырып, ұлы істер жолында ұйысқан барша халықтың жолы. Өз ұрпағының болашағын қасиетті Отанымыз – Қазақстанмен бірге көретін әрбір азаматтың ерік-жігері, – деді Елбасы.
Президент бүгінгі мерейлі сәтте өзіне берілген сенім мандаты мемлекетімізді нығайту жолындағы қыруар істердің бағасы екенін баса айтты.
«Бұл – Қазақстанды ең қуатты елдердің қатарына қосуды көздейтін ұлы мақсатқа берілген халқымның ақ батасы! «Мәңгілік ел» ұлттық идеясы мен «Қазақстан 2050» стратегиясына, «Нұрлы жол» бағдарламасы мен «Бес халықтық реформаға» елімнің білдірген қолдауы. Өмірін халқының бақыты жолына арнаған жанға бұдан зор құрмет болмайды. Мен үшін ел сенімінен асқан мәртебе жоқ, сол сенімді ақтаудан артық бақыт жоқ. Сол себепті, мен Қазақстанның жарқын болашағы жолында қандай тәуекелге де дайынмын» деді ол.

Алдағы міндет ауқымды

Мемлекет басшысы елдің әл-ауқатын жақсартып, экономиканы әрі қарай дамыту жолында бес үлкен міндет тұрғанын айтты. Оның біріншісі – тұрақты қоғамның негізі ретінде орта тапты дамыту. Мемлекетімізде орташа табысты халықтың көбеюіне ерекше ден қойып, кәсіпкерлікті өркендету керек.
Екінші, бірыңғай ішкі нарықты дамытуды қолға алып, барлық өңірдің бірдей өркендеуін қамтамасыз ету қажет.
Үшінші маңызды міндет – сыбайлас жемқорлықпен күресу. Төртінші, жаңа жұмыс орындарын құру. Осы мақсатта қолға алынған индустриялық бағдарламалар жалғасуы тиіс. Бесінші, жаңа тарих белесінде ұлт бірлігін нығайта түсу қажет.
Қаақстан Президенті мемлекеттің орнықты дамуына бағытталған бес бірдей реформалардың орындалуы үшін халықтың күш-жігері жұмылдырылуы керектігін атап өтті. Еліміз үшін маңызды реформаларға айрықша назар аударылып, бұл міндеттердің кезең-кезеңімен жүзеге асырылуын бақылайтын ҚР Президентінің жанынан Жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссия құрылмақ. Ұлттық комиссия құрамында беделді шетелдік және қазақстандық сарапшылары бар халықаралық консультативтік кеңес жұмыс істемекші. Елбасының айтуынша, осы комиссияның алғашқы отырысында «Мемлекет құру ісіндегі 100 нақты қадам» атты ұлт жоспары таныстырылады.
– «100 қадам» – біздің жаһандық және ішкі сын-қатерлерге қарсы жауабымыз, сонымен бірге, дамыған отыз мемлекеттің қатарына жаңа тарихи жағдайларда қосылу жөніндегі жоспар, – деді Президент. Сондықтан, Қазақстанның жаңғыртылуын барша жұртқа ортақ іс ретінде қарап, бұл міндеттерді жүзеге асыруға барша қазақстандық белсене атсалысуы тиіс.
Біз дамудың даңғылына тың қарқынмен аяқ басамыз. «5 халықтық реформаны» табысты жүзеге асырып, болашағы біртұтас елге айналамыз. ХХІ ғасыр – бірлік пен достықтың қуатымен озатын ғасыр. Біз бейбітшілік пен келісімге, татулық пен тұрақтылыққа тәу етіп, тәубе дейміз. Осы құндылықтарымыздың қадырына жету арқылы Мәңгілік ел боламыз. Сол жолда талмай еңбек етейік, қадірлі халқым! Қазақстанның жұлдызы жоғары, жолы нұрлы болсын! Елдіктің туы биікте желбіреп, абыройымыз асқақтай берсін! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! – деп сөзін түйіндеді Елбасы.
Бұдан кейін ел Президенті – Қазақстан Республикасының Жоғарғы Бас қолбасшысы Тәуелсіздік сарайы алдындағы алаңда қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетовтің рапортын қабылдады.
Жаңа мерзімге сайланған Президенттің құрметіне ҚР Қарулы күштерінің салтанатты шеруі өтті.

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button