SportБасты ақпарат

ОЛИМПИАДА БИІГІНДЕГІ ОЛЬГА

Кеше Лондонда өтіп жатқан ХХХ Жазғы Олимпиада ойындарының алтын медаль иегері Ольга Рыпакова Астана қаласында болды. Қала әкімінің орынбасары Аида Балаева «Алау» мұзайдыны сарайында чемпионды күтіп алып, сондағы спорт алаңымен таныстырды.

Дастархан басында жалғасқан еркін әңгіме барысында Олимпиададағы еліміздің жетістіктері сөз болып, бұл бұқара арасында спорттың кеңінен жайылуына септігін тигізетіні айтылды. А.Балаева шығыстық жеңіл атлеттің спорттағы жолына жеңіс пен сәттілік тіледі. Басқосуда чемпион тілшілердің де сұрақтарына кеңінен жауап берді. «Білсеңіздер, Олимпиада ойындарына дайындалу барысында оқыс оқиға болды. Мен өкшемді жарақаттап алдым. Соның кесірінен, жарысқа дайындық жаттығуларының маңызды кезеңдерін өткізіп алдым. Осыдан соң, бойымда жеңімпаздар қатарына ілінбек түгілі, ойындарға қатыса алам ба деген үрей болды. Әлбетте, бұл күдікті сейілтуге бапкерім – әкем, екінші бапкерімдей болған, жан-жарым, жалпы, жақын тума-туысқандарым көп көмек көрсетті» дейді ол. Жеңіл атлет басынан өткен тағы бір қиын жағдаймен бөлісті: «Негізгі жарысқа іріктеу кезеңінде екі мүмкіндігімді мүлт жіберіп, 13 орынға тұрақтап қалдым. Ал, келесі іріктеуге 12 спортшы ғана өтеді. Содан, Құдайға сиынып, бар жігерімді жиып, соңғы мүмкіндігімді пайдаланып, негізгі сайысқа өткен он екіліктің үздігі болдым. Жалпы, жарыстарда ең қиыны – осы іріктеу кезеңі десем, қате айтпаймын».

«Алтын» қызымыз Лондондағы жанкүйерлер қолдауына да ерекше риза екенін айтады. «Бірақ, мен үшін басты қолдау, ол – елдегі жанкүйерлердің демеуі болды. Британияға шығарып салып тұрып «Сенің қолыңнан келеді. Біз саған сенеміз» деген жанкүйерлер тілегі мені жігерлендіре түсті» деді. Ольга өз елінің азаматтығын ұсынып, сол мемлекеттің атынан өнер көрсетуге шақырған шетелдер де болғанын жасырмады. «Бірақ, мен бұл елде өстім. Жөргегімде жатқан кезімде-ақ, мені спортқа дайындаған да осы ел. Мен бұл елден кетсем, дұрыс әрекет болмас еді» деп ағынан жарылды О.Рыпакова.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button