Басты ақпарат

Қант тапшылығы: қауіп бар ма?

Соңғы кездері еліміздегі дүкен сөрелерінен қант жоғалып кетті. Тіпті жұрт арзан қант (елордадағы кейбір супермаркетте ол 300 теңгеден) сатып алу үшін таңғы сағат 5-тен ұзын-сонар кезекке тұрып, бір қолға 2 келі өнім алғанына мәз болып жүр. Қанттың тапшылығы сезілетін уақыт алда. Өйткені еліміздегі зауыттар жалпы сұраныстың бар-жоғы 7 пайызын қамтамасыз етіп, ай сайын 226 мың тонна қант шығарумен шектеліп қалды. Қант өндірісі неге бұлай құлдырады? Қант құнының жедел өсуі басқа салаларға қалай әсер етуде? Қант тапшылығынан қандай қауіп бар? Осы сауалдарға жауап іздеп, шағын сараптама жасап көрдік.

[smartslider3 slider=3626]

Бір қолға – екі келі қант

Қазақстанда сәуір айынан бастап қанттың бағасы тез қымбаттады. Бір келі құмшекерді биыл көктемде 285-300 теңгеден сатып алып жүрген тұтынушы қазір 900-1100 теңгенің өзіне көндігіп, қажетті өнімді дүкен, базардан сабылып іздеп жүр. Мұндай жағдайға тап болуымыздың бірнеше себебі бар. Ең алдымен, қант өнеркәсібі импортқа тәуелді. Тәуелділік демекші, бізге қант, негізінен, Ресей Федерация­сынан импортталады. Биылғы наурыз айында Ресей Үкіметі Батыс санкцияларынан ішкі нарығын қорғау үшін Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдерге қантты экспорттауға тыйым салды. Ресейден бөлек, Қазақстан қантты Беларусьтен (бұл ел де сәуірде экспортқа мораторий енгізді), Украинадан, Үндістаннан, Вьетнамнан және Бразилиядан аздап сатып алатын. Қалғанын өзіміз өндіріп келдік.

Елі міздің ішкі нарығына қажетті қант көлемін өндіру үшін кем дегенде жаңа үш зауыт салуымыз керектігін айтады. «Ішкі сұранысқа қажетті 550 мың тонна қант өндіреміз десек, шамамен 4 млн тонна қант қызылшасын қайта өңдеуіміз қажет. Ол үшін 100 мыңнан 400 мың гектар жерге дейін қант қызылшасын егуге тура келеді

Ресей Үкіметінің қантты экспорттауға уақытша тыйы­мының мерзімі 31 тамызда аяқталады. Алайда қайтадан бұрынғы бағамен бізге қарай тапшы өнім ағылады дегенге ешқандай сенім жоқ. Біздің билік қант тапшылығының болатынын кешігіп барып мойындады. Бұл – бұрыннан қалыптасқан «саясат». Қант таппай дүрлігіп, кезекте төбелесіп жатқан жұрттың жанайқайын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі Үкіметтің алқалы отырысында айтпағанда, атқарушы билік әлі «аузын ашпайтын» еді. Іс жүзінде қант тапшылығы жайлап барады. Таңғы бестегі қант кезегі сонау 80-жылдардағы бір қолға 5 келіден артық өнім бермейтін алкогольдік өнімдерге қарсы науқанға ұқсап кетті. Бір ерекшелігі, бір қолға 2 келіден артық қант сатылмайды. Үкіметтің ушыққан мәселені кешігіп барып мойындауының өзі тапшылықты одан әрі ұлғайтып жіберді.

Шешілмейтін мәселе ме?

Қазақстан қантпен өзінің ішкі сұранысын толық қамтамасыз ете алмайды. Мұның себебін 13 шілдедегі Үкімет жиынында Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов пен Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевке сөгіс берген Президенттің өзі айтты. Елдегі 7 қант зауытының төртеуі ғана жартылай күшімен жұмыс істеп тұр. Ауыл шаруашылығы министрі 2026 жылға қарай қант қызылшасының өндірісін 7-ден 43 пайызға дейін ұлғайтуға жоспар жасаған. Бірақ ол іске асатын жоспар ма? Мәселе сонда. Айтпақшы, Президенттен сөгіс алған, өздері қант жемейтін министрлер «қанттың қоры жеткілікті» деп жұртты да, Президентті де алдап келді. Ендігі жерде амалы таусылып: «Қазақстанда қанттың құны 400-500 теңге болуы тиіс» деп «жаңалық ашып» отыр.

Зауыттардың жартылай ғана жұмыс істеуінің бір себебі – шикізат тапшылығы. Бұл өнім, негізінен, қант құрағынан және қант қызылшасынан өндіріледі. Алғашқысы тропикалық аймақта өседі, ал екіншісін Қазақстан сияқты көптеген елдерде егіп, өсіруге болады. Біз сонау 2010 жылы Кедендік одаққа мүше болғанға дейін қант қызылшасынан өнім алу үшін 10 жылға бажсыз шикізат жеткізуге келісім жасап едік. Кедендік одақ бұл келісімнің күшін жойып, қант құрағының шикізатын тасымалдауға тыйым салды. Қант өндірісінің жай-күйін жетік білетін бизнес кеңесші Жамбыл Жуасбеков Қазақстанның қант өнеркәсібін дұрыс жолға қоюына Ресей мен Беларусь көз жұмып қарамағанын алға тартады. «Ресей мен Беларусь қант зауыттарын қолдауға бар күш-жігерін салды. ҚҚС-ын шегерді, шетелден ең соңғы технологиялық жабдықтар сатып алды, құрылысқа жәрдемақша бөлді, қант зауыттарын соңғы үлгімен жетілдірді. Ал Қазақстан 2020 жылға дейін өзге елдерден бажсыз қант шикізатын алуға қол жеткізіп, өзінің артық өнімдерін ресейлік нарыққа шығарып сата бастады. Әлбетте, біздің арзан шикізаттан шығарған өніміміздің ресейлік өндірушілерге кері әсер еткені анық. Алайда отандық қант зауыттары ресейлік, беларустық қанттың экспансиясына төтеп бере алмады» деп түсіндіреді ол. Ал біздің Үкімет мәселені шешудің бір жолы деп шикі қантты Үндістан мен Бразилиядан импорттамақ. «Бұл салаға 400 млрд теңге инвестиция тартылса, 4 жылдан кейін мәселе бірте-бірте оң шешіледі» дейді Үкіметтегі шенеуніктер.

Экономист Айман Тұрсынхан Ресейден қант экспорттауға тыйым салынған кезде біздің Үндістаннан арзан қант сатып алуға мүмкіндігіміздің болғанын, бірақ Үкімет оны пайдаланбағанын айтады. «Әлемдік тауар биржасында үнді қанты экспортының орташа құны шамамен 36-38 центті құрады. Арзан шикізатты неге сатып алмадық? Бұл мәселе неге шешілмеді? Бұл сұраққа Ауыл шаруашылығы министрлігі жауап берудің орнына осыдан 15 жыл бұрынғы «әлеуләйін» тағы қайталай бастады: қант өндірісін кеңейтеміз, зауыттарды жетілдіреміз, өзіміздің қант қызылшасын шығарамыз дейді. Бұлайша «деп жүргенімізде» қанттың құны бірнеше есеге қымбаттап, сан соғып қаламыз» дейді ол.

Жамбыл Жуасбеков елі­міздің ішкі нарығына қажетті қант көлемін өндіру үшін кем дегенде жаңа үш зауыт салуымыз керектігін айтады. «Ішкі сұранысқа қажетті 550 мың тонна қант өндіреміз десек, шамамен 4 млн тонна қант қызылшасын қайта өңдеуіміз қажет. Ол үшін 100 мыңнан 400 мың гектар жерге дейін қант қызылшасын егуге тура келеді. Мұндай көлемдегі өнімді қайта өңдейтін үш жаңа зауыт болғанда ғана іс алға жүреді. Олардың әрқайсысы маусымда 1 млн тоннадан қызылшаны қайта өңдеп шығарса, нақты нәтижеге жетеміз. Сыртқы тәуелділіктен түпкілікті арылатын жолдың бірі – осы. Шикізат базасын нығайтып алсақ, өзіміздің географиялық мүмкіндігімізді пайдалана отырып, артық қантымызды Орталық Азия елдеріне, Сібір мен Шыңжаңға экспорттай аламыз. Әрине, бұл әзірше болжам ғана» дейді сарапшы.

Елордада қант жеткілікті ме?

Тамыз айының басында елорда дүкендеріне қант түсе бастады. Бірнеше жекеменшік дүкендерді, супермаркеттерді шолып шыққанда байқағанымыз: қанттың бағасы әртүрлі. «Small» дүкендер желісінде – 515 теңге, «Магнумда» – 510 теңге, ал жекеменшік дүкендерде 870-1150 теңге аралығында сатылуда. Супермаркет сатушылары қант таңертең сатуға шығарылған бетте 1 сағаттың ішінде өнімді үлестіріп алатынын айтады. Десек те бас қалада қант тапшылығы жоқ. Үкімет дүрбелеңді реттеу мақсатымен бірінші кезекте халық саны көп үш өңірге – Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкентке 1 мың тоннадан аса қант жеткізді.

27 шілдеде Қоғамдық тамақтану қауымдастығы қантпен қамтамасыз етудегі қиындықтар әсерінен қоғамдық тамақтану кәсіпорындарының банкротқа ұшырауы мүмкін деген хабарлама таратты. Алайда Ауыл шаруашылығы министрлігі Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі, Қоғамдық тамақтану қауымдастығы өкілдерімен бірлесіп жиын өткізіп, қоғамдық тамақтандыру нысандарын қантпен қамтамасыз ету туралы шешім қабылдады. Қазір оларға қажетті көлемдегі өнім жеткізіліп жатыр.

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button