Басты ақпарат

Жұрт болып қолға алайық

Қазіргі уақытта ерекше оқытуды қажет ететін балалармен жұмыстағы өзекті мәселе – инклюзивтік білім беру. Инклюзивтік білім ерекше оқытуды қажет ететін балаға өзінің құқығын іске асыруға мүмкіндік бере отырып, өмірге деген дұрыс көзқарасын арттырады. Инклюзивті білім беру жүйесінің өзі – инклюзивтік қоғам дамуының тиімді механизмі.

[smartslider3 slider=3628]

Инклюзивті білім беру жүйесін  дамыта отырып, біз инклюзивті білім беру арқылы әрбір адам үшін қоғамды дамытуға үлес қоса отырып, жол ашамыз деген ойдамын. Инклюзивті білім ерекше балаларға балабақша, мектеп, институт, мектепке дейінгі және мектеп өміріне толық көлемде қатысуына мүмкіндік береді. Инклюзивті білім беру ерекше оқытуды қажет ететін балаларды қарапайым адамдармен тең қарым-қатынаста болуға, тең құқылы болуға жетілдіреді.

Балалардың барлығы бірдей бақытты болуға тиіс тең дәрежеде шамасы жеткенше білім алуы тиіс. Инклюзивті білім беру ерекше оқытуды қажет ететін балаларға қоршаған орта мен жалпы қоғам алдында бірдей ел қатарлы өмір сүруі үшін тең құқылы болуға қолдау көрсетеді. Мектеп – тек білім беру қызметін ғана атқармай, бала өмірінде тәрбие берудің де негізгі саласы. Ерекше оқытуды қажет ететін балалардың әлеуметтік-тұрмыстық өмірге сүруге деген құлшынысын толық қалыптас­тыруға атсалысуымыз керек. Жалпы білім беретін мектепте ерекше оқытуды қажет ететін балаларға қолайлы жағдай жасалуы тиіс. Қазақта аталы сөз бар: «Балаң аяулы болсын десең, өзін аяма» деген. Бұдан не ұғамыз, ерекше қажеттілігі бар балаларды басқа балалармен тең көру үшін бірдей тапсырма, бірдей тәрбие беруіміз қажет. Балаға аяушылық факторы керек емес, біз үшін балалардың барлығы бірдей. Барлық балаларға ең бастысы адамгершілік, өмір сүруге деген құштарлық, қоршаған ортаны сүю, өзін бағалау, адамдарға өшпенділікпен емес, махаббатпен қарап, жатырқамай тіл табыса алуға үйретуіміз керек. Басқа дені сау балалар қол жеткізе алатын мүмкіндік ерекше оқытуды қажет ететін балалардың да қолынан келетінін баса түсіндіруіміз қажет. Ал осы жағдайларды басты назарға алып, түзету көмегін беретін ұстаз – педагог-дефектолог жалпы білім беретін мектептің педагогтарына нұсқаушы болуы керек. Инклюзивті білім беру – барлық балалардың білім алуын қамтамасыз ететін жалпы білім беру үрдісінің дамуы. Сондықтан да педагог-дефектолог ерекше оқытуды қажет ететін балалардың қалыптасуына, өз бетімен өмір сүруіне бағыт-бағдар беруі керек. Алдымен баланың даму ерекшелігін анықтайтын диагностикалық сараптама тесттер арқылы ойынның, қиялы мен зейінінің тұрақтылығын анықтау қажет. Ол үшін жалпы білім беретін мектептер ПМПК қорытындысы бойынша көрсетілген, баланың деңгейіне қарай жеңілдетілген бағдарламамен тәрбиелеуі және оқытуы тиіс. Жалпы білім беретін мектептер, сол мектептің арнайы педагогтары оқытатын білімі мен тәрбие үрдісі ерекше оқытуды қажет ететін балалар үшін «Өмірлік орнын толтырудың» тәрбие институты болуы қажет.

Оны оқуға, жазуға, есепке, еңбектенуге, мәдени тәртіп ережелерін үйреніп, әртүрлі әрекетке икемділігін қалып­тастыру маңызды. Әрбір педагог болсын, ата-ана болсын жалпы адамзат ерекше оқытуды қажет ететін балаларға көмектесіп, олардың өмірде өз орнын табуға жағдай жасауы керек. Бұл балалар үшін білім мазмұнын дидактикалық ойындар, түрлі көрнекі құралдар арқылы қалыптастыру өте маңызды. Баланың танымын алғашқы күннен бастап дамыту құралы да, балада оқу мен білімінің, тәрбиенің негізін қалыптастыратын да – ойын әрекеті. Қазірдің өзінде ойынның түр-түрі бар. Атақты Мария Монтессоридің де интеллектуалдық ойындар да, кюизенер таяқшалары да, т. б. қай ғалымды алмайық, өзінің ойын туралы еңбектерінде: «ойын – баланың жетекші әрекеті» деген сипаттама береді, өйткені ойын арқылы баланы ақыл-ой жағынан да, дене жағынан да алға жетелеп, дамытатыны сөзсіз, баланың ойын ашық жеткізіп, өсіп-жетілуіне септігін тигізеді. Баланың ақыл-ойын жүйелеу, ойлау қабілетін жетілдіру, дәлдікке үйрету, шындыққа тәрбиелеу мақсатында компьютерлік сауаттылыққа баулу – бүгіннің талабы. Соған сәйкес түрлі компьютерлік ойындар бар. Бірақ мені мазалайтын бір ой бар, ол шетелдік ойындардан гөрі өзіміздің этнопедагогикамызды жаңғыртсақ екен. Себебі бізге де қазақи әдемі дамытушы ойындар мен ойыншықтар ұйымдастыруымызға болады. Ешкімге ұқсамайтын, көшірмесі жоқ, таза өзіміздің салт-дәстүрімізге сай зияны жоқ, пайдасы көп ойындар мен ойыншықтарымыз шықса екен деймін. Ерекше оқытуды қажет ететін балалармен арнайы ұйымдастырылған ойын түрлері мен оқу кітаптары көбейіп жатыр. Балалардың сөйлеу, ойлау, ойнау деңгейінің қалыптасуына зор ықпалын тигізеді. Қорыта келе, болашағымыздың жас ұрпағы дені сау болса, елімізге де, отбасымызға да зор қуаныш пен бақыт әкеледі. Қазақ елінде болашағы жарқын, өркениетті қоғам құру үшін дені сау, тәрбиелі ұрпағымызды көп болып, жұп болып, жұрт болып тәрбиелеуіміз керек.

Эльмира ДОСАМАНОВА,

№25 орта мектептің

педагог-дефектологы

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button